композиттік қызмет арқылы тиімділігін арттыра түседі
Еліміздің экономикасының дамуы, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену жөніндегі алға қойған стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудің маңызды элементі болып табылады.
Қазақстан Республикасында мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы жауапкершілікті бөлетін халықты әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесі құрылды. Бұл жүйе – өзіне қатысатын әрбір тарап жауап беретін бірнеше компоненттерден тұрады. Олар:
мемлекет – базалық әлеуметтік төлемдер: базалық және ынтымақты зейнетақылар, мемлекеттік жәрдемақылар, бір реттік мемлекеттік төлемдер;
жұмыс беруші – еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылуы жағдайына, жүктілігіне, босануына және бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алу үшін міндетті әлдеуметтік сақтандыру жүйесіне әлеуметтік аударымдар, жазатайым оқиғалардан жұмыскерді міндетті сақтандыру;
қызметкер – міндетті зейнетақы жарналары.
2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Жұмыс істейтін азамат, сонымен бірге, егер ол қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелері әлеуметтік қатер туған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.
Төлемдердің мөлшері әлеуметтік аударымдар төленген табысқа, сонымен қатар олардың төлену ұзақтығына тікелей байланысты болады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін халықты қаржылай қолдаудың қосымша түрі бола отырып, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың алдындағы міндеттемелер жүзеге асырылатын осындай принциптермен жұмыс істейді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі шектеулі ынтымақтастық принципіне негізделген, яғни жұмыс берушілер өзінің жалдамалы жұмыскерлері үшін МӘСҚ ай сайын әлеуметтік аударымдар төлейді, ал МӘСҚ әлеуметтік төлемдер алушылар болып әлеуметтік тәуекел туған жұмыскерлер ғана саналады. Осылайша, әлеуметтік төлемдерді алу құқығын жүзеге асыру кезінде салық төлемейтіндер алдында экономиканың нақты секторындағы салық төлейтін қызметкерлердің басымдығын көздейтін әділетті жүйе құрылды.
Сондықтан жұмысқа орналасқанда азаматтардың еңбек шартын жасасқаны өте маңызды, өйткені бұл жағдайда жұмыс беруші өзінің жалдамалы жұмыскерлері үшін МӘСҚ әлеуметтік аударымдарды және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналарын толықтай және уақытында төлеуге жауапты болады.
Сонымен қатар, егер ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналары жұмыскердің табысынан ұсталатын болса, ал ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейтінін атап өткен жөн. Ай сайынғы төленетін әлеуметтік аударымдардың мөлшері жұмыскердің немесе өзін өзі жұмыспен қамтыған адамның еңбекақы түрінде алған табысының 5 пайызын құрайды. Бұл ретте, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес өзiн өзi жұмыспен қамтыған адам болып өздерiне табыс әкелетiн жұмыспен өздерiн қамтамасыз ететiн жеке кәсiпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиаторлар саналады.
Жалдамалы қызметкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін әлеуметтік аударымдардың толықтай және уақытында төленуі МӘСҚ тиісті әлеуметтік төлемдер алуды қамтамасыз етеді. Асыраушысынан айырылуы жағдайына берілетін әлеуметтік төлемдерден басқа, барлық әлеуметтік төлемдерден ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және БЖЗҚ аударылады. Мұндай шара зейнеттік жасқа жеткен кезде зейнетақы жинағының тиісті деңгейін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуымен МӘСҚ әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін халықтың өтініш беру үрдісі де оңтайландырылған. Оларды тағайындау үшін қажетті құжаттар тізімі де қысқарды, яғни өтініш беруші мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде жоқ құжаттарды ғана ұсынатын болады.
Өз кезегінде қажетті ақпараттар онлайн режімде сұрау салу арқылы ақпараттық жүйелерден алынады, мысалы, мекенжай анықтамасы, баланың тууы туралы куәлігінен керекті деректер, мүгедектік дәрежесі туралы, жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы, балаға қамқоршы (қорғаншы) белгілеуі туралы мәліметтер және т.б.
Көрсетілетін қызметтің халыққа қолжетімді болуы мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары МӘСҚ әлеуметтік төлем тағайындау үшін тұрғылықты жеріндегі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне өтініш береді.
Сонымен бірге, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек ету қабілетінен және жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік қатерлер туындағанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары үшін «бір терезе» принципі бойынша композиттік қызметтер енгізілді. Қызметтің бұл түрі әртүрлі қызмет көрсетуші көрсететін бірнеше мемлекеттік қызметтерді өтініш берушінің бір мезгілде алуын көздейді.
Оның ішінде, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің аумақтық департаменттерінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне (бұдан әрі – МӘС) алғашқы рет мүгедектік тобын белгілеу және жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу қызметін алудан басқа, бір мезгілде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен бюджет қаржысы есебінен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға, сонымен бірге МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады.
Осылайша, уәкілетті органға бір рет өтініш берген жағдайда осы композиттік қызмет азаматқа бірден үш қызметті: алғашқы медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізуді, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, бюджеттен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау, сонымен қатар МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау қызметтерін көрсетеді.
Салыстыру үшін, композиттік қызметтер енгізілгенге дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік тәуекел туған жағдайда мүгедектігі мен жалпы еңбек ету қабілетінен айырылуы дәрежесін белгілеу үшін МӘС өтініш білдіру керек болатын, одан соң мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен бюджеттен төленетін мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, сонымен қатар МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК-ға өтініш беретін.
Егер 6 айдан кем емес қатысу өтілі бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмысынан айырылса, онда ол «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке алу және жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау» композиттік қызметтері аясында жеке басын куәландыратын бір құжатпен жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органға (Халықты жұмыспен қамту орталығы) жүгінгенде бір мезгілде жұмыссыз ретінде есепке тұрады және тіркеледі, сонымен қатар МӘСҚ жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер тағайындауға құжаттарын ресімдей алады.
Нәтижесінде, бір рет өтініш берген азаматқа екі мемлекеттік қызмет көрсетіледі: «жұмыссыз» дәрежесі белгіленеді (Халықты жұмыспен қамту орталығында көрсетілетін) және жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш ресімделеді («Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясында көрсетілетін), бұл азаматтарға бірнеше мемлекеттік органдарға бару қажеттілігін жояды.
Осылайша, айтылып отырған композиттік қызметтердің енгізілуімен бірқатар мемлекеттік қызметтер біріктірілді және оларды көрсетуде әлеуметтік қамсыздандыру органдарының өзара қызметі одан әрі кеңейді. Осыдан «бір терезе» принципіне негізделген көрсетілетін мемлекеттік қызметтер олардың тиімділігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жоспарлы түрде ведомствоаралық бірігуін жалғастырады және бір жерден өтініш беру арқылы қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Рүстем ХАМЗИН,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті