30 Тамыз, 2016

Қазақстан құрамасы қырғыз футболшыларынан жеңіліп қалды

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

30-08-16-football-1

Футболдан Қазақстан құрамасы бүгін Бішкекте Қырғызстан бас командасымен өткен жолдастық кездесуде 0:2 есебімен ұтылып қалды. Алаң иелері қонақтар қақпасына әр таймда бір голдан соқты. Матчтың бірінші таймы қырғыздардың басымдылығымен өтті. Сондықтан соғылған гол сол шабуылдардың заңды нәтижесі болып табылды. Оны 43-минутта берілген бұрыштаманы жақсы пайдаланған Қырғызстан құрамасының қорғаушысы Валерий Кичин алыстан ұрып түсірді. Кездесудің екінші таймында Қазақстан құрамасы бірқатар ойыншыларды алмастырып, шабуылда қарқынды ойнай бастады. Алайда, голды олар емес, тағы да алаң иелері соғып кетті. 82-минутта Мирлан Мурзаев есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл тізгінін бас жаттықтырушы Талғат Байсуфинов ұстағалы бергі Қазақстан құрамасының бірінші жеңілісі болды. Бұдан бөлек, команда Қырғызстан футболшыларына осы жолы алғаш рет ұтылды. Екі құрама арасында өткен бұған дейінгі 7 ойынның бесеуінде қазақстандықтар жеңіске жеткен болса, екі кездесу тең аяқталған еді. Қазақстан терме жамағаты келесі ойынын 4 қыркүйек күні Астанада өткізеді. Ол Польша құрамасын қабылдайды. Осылайша 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирін бастап кетеді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ