01 Қыркүйек, 2016

«Қытай сяоканды қалыптастыруға кірісті»

373 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
китай Қытайда Орталық Азия, со­ның ішінде Қазақстанды жан-жақ­ты зерттейтін ірі-ірі деген 20 шақ­ты ғылыми-зерт­теу институттары, орталықтары мен қауым­дас­тық­тары бар. Шахрат НҰРЫШЕВ, Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі: – Қазақстан мен Қытай ара­сындағы дипломатиялық қаты­нас­тардың орнағанына ширек ғасырға қадам басты. Екіжақты байланыстардың қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? – Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның тәуелсіздігін мойын­даған алғашқы мемлекет­тер­дің бірі. Бүгінде екі мемлекет ара­сы­н­­дағы қатынастар страте­гия­лық әріп­тестіктің жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл, әрине, Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен және оның алдындағы Қытай басшыларымен ортақ тіл табыса білуінің тікелей нәтижесі. Екі арадағы қол жеткізген жетіс­­­тік­терге тоқталсақ, шекара мә­се­­лесінің толық шешілуін, Қытай­­­дың ядролық клубтың басқа мүше­лерімен бірге Қазақстанға қауіпсіз­дік кепілін беруін, трансшек­ара­лық өзендер бойынша екіжақты келіссөздердің басталуын, көлік-транзит саласындағы ірі жобаларды іске асыру, энергетикалық ынты­мақтастықтың дамуы және эко­номикалық байланыстардың серпін­ділігін айрықша атап өтуге болады. Соңғы жылдары саяси бағыттағы ынтымақтастық та жоғары деңгейде дамып келеді. Қытай тарапының Қазақстанның кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлау кезінде қолдауы, Елбасының бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және се­нім шаралары жөніндегі кеңеске төр­аға­лығы, Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көш­­басшылары съезіне бел­сен­ді қа­ты­суы осы бағыттағы байланыс­тың бел­сенді дамып келе жатқанын білдіреді. – Қытай Төрағасы Си Цзинь­пин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты үсті­мізде­гі жылдың 4-5 қыркүйегінде Ханч­жоу қаласында өтетін «үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің саммитіне қатысуға шақырды. Саммитте Қазақстан жағы қандай бастамалар ұсынады деп күтілуде? – Біріншіден, G20 жабық клуб іспетті. Оның жұмысына тереңірек назар аударсаңыз, Елбасының нелік­тен G-Global алаңын құруды ұсын­ғанын жақсы түсінесіз. Оның жұ­мы­сына тек санаулы мемлекеттер мен дүниежүзілік ұйымдар қаты­сып, әлем экономикасына, қаржы жүйе­сіне, инвестициялық жағда­йы­на тікелей әсер ететін шешімдер қабылдайды. G20-ға төрағалық етуші мем­лекет оған қалыптасқан дәс­түр бойынша шақырылатын мүше және байқаушы елдер, Оңтүс­тік-Шығыс Азия елдері ынты­мақ­тас­тығы қауымдастығы (АСЕАН), Африкалық одақ және Африканы дамыту мүддесіндегі жаңа серік­тес­тік ұйымы сияқты түрлі өңір­лік құры­лымдарға төрағалық ете­тін мем­лекеттерден басқа, өз еркі­мен екі мемлекетті ғана қо­нақ ретін­де ша­қы­ра алады. Қытай өз таң­дауын Қазақ­стан мен Мы­сырға жасады. Бұл да болса, Ел­басы­ның хал­ық­ара­лық саясат арена­сын­дағы жо­ға­ры беделі мен биік абыро­йының көр­сеткіші. Ханчжоу қаласындағы басқосу жаһан­дық экономика мен қаржы жү­йе­сі үшін ең маңызды іс-шара­лар­дың бірі болмақ. Оның жұ­мы­сы­на төрт­күл дүние назар ауда­ра­­ты­ны­на кү­мән жоқ. Ел­басы, әл­бет­те, тың баст­­а­маларын орта­ға салып, бас­қа мем­лекет бас­шы­лары­мен жаһан­дық эко­­номи­калық жағ­дай және қар­­жы дағ­­дарысының зар­дап­тары­мен күре­су туралы пікір алмасаты­ны сөзсіз. – Еліміздің мұнай-газ сек­торын­­­да Қытайдың үлесі артып келе­­ді, ал ол елдегі қазақ­стан­дық үлес өз деңгейінде емес деген пікір­лер бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Ұлттық банктің ресми дерек­теріне сүйенсек, 2016 жыл­дың 31 наурызындағы ақпарат бойын­ша Қазақстанға жалпы сомасы 199,5 млрд АҚШ доллары көлемінде шетел­дік инвестиция тартылған. Соның ішінде Қытайдан келген инвес­ти­ция көлемі 14,7 млрд долларды құрап, ол біздің шетелдік ин­вес­торлар ішінде төртінші мемле­кет болып табылады. Бірінші орын­да Нидерланд (62,9 млрд доллар), екінші орында Ұлыбритания (25,8 млрд доллар), үшінші орында АҚШ (24,5 млрд доллар) тұр. Халық­ара­лық статистикада жеке көр­сетіле­тін Қытайдың Гонконг Ар­найы әкім­шілік ауданынан тар­тыл­ған инвес­ти­­ция көлемі 5,26 млрд доллар ша­ма­­сын­да. Ал дәл осы мерзімде Қазақ­стан­ның Қытайға салған инвестиция­сы 3,24 млрд долларды құрап отыр. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деп аталатын стратегиясына кіретін «Жібек жолының эконо­ми­калық белдеуі» және «XXI ға­сы­р­дағы Теңіз Жібек жолы» сияқты бастамалары, бір жағы­нан, басқа мемлекеттердің қажет­ті­лік­­теріне сәйкес жаңа инф­ра­­құры­­лымдар мен өндірістік кәсіп­орын­дарын ашуға көмектессе, екін­ші жағынан, Қытайдың технологияларын, құрал-сайманын, қаражатын, ең­бек күшін сыртқа шығару арқы­лы ішкі мәселелерді шешуді жә­не Қытай­дың тұрақты дамуын қам­та­ма­сыз етуді көздейді. Осы орайда Қазақстан үшін көр­ші мемлекеттің мүмкінші­лік­­­терін ұтымды пайдалана отырып, ин­дустриялық-инновациялық дамуы­мыздың мақсаттарымен ұш­тас­тыру арқылы Қазақстан аума­ғын­да жаңа кәсіпорындар ашу мен өн­ді­рілген өнімді Қытай­ға шығару ар­қылы екіжақты экономикалық қа­ты­­­нас­тарды және инвестициялық ын­ты­­мақтастықты ілгерілетуге болады. Елімізде соңғы екі-үш жыл ішін­де ет, бал, ұн сияқты дайын өнім­дер­ді Қытай нарығына шығаруға ба­ғыт­­талған кешенді жұмыс жүр­гізіліп жа­­тыр. Карантиндік-вете­ринарлық та­лап­­тарға қатысты рұқсат алынған соң, отандық өнім жақын арада қы­­тай­­­лық тұтыну­шы­ларға жетуі мүмкін. Биылғы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Қытайға 216,6 мың тонна астық экспортталды. Жыл­дың аяғына дейін осындай қар­қын сақталатын болса, онда 2014 жыл­ғы 251 мың тоннаға жеткен ең биік көрсеткіштен едәуір артуы ықтимал. – Қытайдың демографиялық өсімі ұлан-байтақ жері бар, бірақ халық саны аз елдерге қауіп төндір­­мей ме? – Шындығын айту керек, бізде Қытайға қатысты неше түрлі фобия бар. «Халық санымен-ақ жау­лап алады», «алып елдің эконо­ми­­­ка­сы да­мы­ған сайын біз­дің эко­номика құл­ды­райды», «салған инвестициялары мен берген несиелері өскен сайын тәуел­сіз­ді­гі­мізге қауіп күшейеді» деген пікір­лер жиі айтылады. Бір жа­ғы­нан, халқымыздың аталған сұрақ­тарға ерекше назар аударатыны қуан­тады, өйткені отансүйгіш азамат­тары­мыздың бар екендігін көрсе­теді. Екінші жағынан, осы қорқыныш­тарға бой алдырып, көрші мемлекетпен қарым-қатынасты тежеу дұрыс шешім болып шықпайды. Бүкіл шекарамыздың бойына тағы бір ұлы қорған тұрғызып, көрші мемлекеттен іргені аулақ сала алмаймыз ғой. Қайта Қытайдың даму бары­сына терең сараптама жасау ар­қы­лы оның тиімді жақтарын ұтымды пайдалану өзімізге тиімді болмақ. ҚХР Бас туризм басқармасының мәліметі бойынша, 2015 жылы шетелге шығып, саяхаттаған Қытай азаматтарының саны 120 млн адамды құраған. Олар саяхат жасаған мемлекет­терде 160 млрд доллардан астам қар­жыға түрлі тауарлар сатып алып, қыз­меттерін пайдаланған көрінеді. Сол себепті дүние жүзінде қытайлық турис­терді мейлінше көбірек тарту ел қазынасына, орта және шағын биз­­­неске пайда түсіру­дің негізгі көз­дері­­нің бірі саналады. Олай болса біз де ту­ризмді дамыту ар­қылы қазына қор­жы­нын­а қомақты үлес қосуымызға болады. Ал қытайлықтардың шетелге көшу мәселесіне келетін бол­сақ, олардың ең жиі қоныс аудара­тын мемлекеттері – АҚШ, Кана­да, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүс­тік-Шығыс Азияның дамыған мемлекеттері. Олар осы елдерде жыл­жымайтын мүлік сатып алуға, балаларын оқытуға, бизнестерін дамытуға ынталы. – Қытай инвесторларының ауыл шаруашылығына инвестиция салуға мүдделі екенінен хабардармыз. Олар қандай өнімдер өндіруге ықылас танытып отыр? – Қытайлықтардың соңғы кезде Қазақстанда өсірілген және өңделген өнімдерге қызығушылығы артып отырғандығын айтуға болады. Өйткені Қытай 1,5 трлн АҚШ доллары көлеміндегі азық-түлік нарығының қажеттіліктерін қана­ғаттандыру үшін шетелдерден қосымша өнімдерді тасымалдауға мәжбүр. Мысалы, 2014 жылы шетелден 580 мың тонна ет, соның ішінде 297 мың тонна сиыр етін және 282, 8 мың тонна қой етін тасы­малдаған. Сондықтан да қытай­­лық компаниялар Қазақ­стан­­да ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өңдейтін бірлескен зауыттар салу­ға, өндірілген өнімді Қытайға және басқа көрші мемлекеттерге эк­спорт­­тауға дайын отыр. Соның ішін­­де ет, өсімдік майы, томат, ұн, соя өн­діруге ерекше ықыласты еке­ні көрінеді. Зауыттар салынатын бол­­са, онда негізінен қазақстандық аза­­­мат­­тар жұмыс істейді және өң­делетін өнімдердің барлығын жерг­­і­­лік­ті диқандардың қолымен өсіреді. – Үстіміздегі жылы екі ел ара­сын­­дағы сауда айналымы азай­­ғаны байқалады. Бұған әлем­­дік қаржы дағдарысы себеп бол­ғаны белгілі, ал біздің біл­гіміз келе­­тіні екі арадағы сауда айна­лы­­­мы қаншалықты деңгей­де төмендеді? – 2015 жылы Қытайдың сыртқы сауда айналымы 3,95 трлн АҚШ долларын құрады, биылғы жылдың қаңтар-маусым аралығында бұл көрсеткіш 1,71 трлн доллар (-8,8 пайыз) болды. Қазақстан Республикасы Қар­жы министрлігі мемлекеттік кі­ріс комитетінің мәліметі бойын­ша, 2015 жылы екіжақты сауда ай­на­­­лы­мының көлемі 10,6 млрд доллар болып, 2014 жылмен са­лыс­­тыр­ғанда 34,8 па­йызға төмен­деген. Үстіміздегі жы­лы қаңтар-маусым аралығында бұл көрсеткіш 3,65 млрд доллар болып, одан әрі төмендей түсуде. ҚХР Бас кеден басқармасының мәліметі бойынша, 2015 жылы екіжақты сауда көлемі 14,2 млрд долларды (-36,6 пайыз) құрады. Биыл­ғы жылдың бірінші жарты жыл­дығы бойынша бұл көрсеткіш 5,6 млрд доллар (-20,1 пайыз) ғана болып отыр. Екіжақты сауда айналымы төмен­­­деуінің себебі, біріншіден, Қазақ­­­­­станның экспортқа шығара­тын негізгі өнімдеріне бағалардың түсуін­­де, екіншіден, жалпы Қытай эко­­но­микасы даму қарқынының бәсең­­деуінде жатыр. Екі арадағы индустриялық-инновациялық салада өзара тиімді әріптестіктің де маңызы зор. Қазіргі таңда екі мемлекет арасында машина жасау, химия өнімдерін шы­ғару, металл өңдеу, металлургия, инфрақұрылым салу, электр энергетикасы, мұнай өңдеу және жеңіл өнер­кәсіп салаларын қамтыған сома­сы 26 млрд АҚШ долларынан асатын 51 жобаны іске асыру көз­­делуде. Бұл жобалар іске қо­сыл­­ған соң екіжақты сауданың құры­­­лы­мын жақсартуға және сауда ай­на­лымын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Көрші ел экономикасының қарқынды дамуы әлем сарап­шыларының назарын аудартып, жіті қадағалауында отырғаны мәлім. Жалпы, Қытайдың сяоканды қалыптастыруға қатысты тәжірибесіне тоқтала кетсеңіз. – Көршіміздің экономикалық дамуы соңғы 25 жыл ішінде екі санды қарқынмен дамыған болса, өткен жылы ол 6,9 пайызды құра­ды, ал үстіміздегі жылдың бірі­н­­ші жартысында көрсеткіш бұдан да сәл төмендеп, 6,7 пайызға дейін түсті. Егер бұрын Қытай эко­номи­касы негізінен экспортқа бағыт­тал­ған болса, қазір негізгі күш ішкі сұра­ныс­ты арттыруға жұм­салып, сұра­ныс пен ұсыныс ара­сындағы тепе-теңдікті сақтау мәсе­лесіне баса көңіл бөлінуде. Соң­ғы кезде өсім­нің басым бөлігі қыз­мет көрсету сала­сы­ның дамуына тәуелді болып отыр. Қытайдың XIII бесжылдықтағы (2016-2020 жылдардағы) даму жоспарына сәйкес, жыл сайын кем дегенде 10 млн адамға жұмыс орнын ашу жолымен экономиканың өсу қарқынын 6,5-7 пайыз арасында қамтамасыз ету көзделген. Тек осы көрсеткіштер іске асырылған кезде ғана, Қытай үкіметі мен коммунистік партиясы «сяокан» деп аталатын орта ауқатты қоғам құру, былайша айт­қанда, орта тап құру жөніндегі қойыл­ған мақсаттарына – ішкі жал­пы өнімнің көлемін 13,8 трлн дол­ларға жеткізу арқылы адам басына шақ­қанда ІЖӨ көрсеткішін 10 мың АҚШ долларына дейін арттыра алады. – Елбасының 2014 жылы мамыр айында ҚХР-ға сапары шеңберінде 2011-2014 жылдары Трансшекаралық өзендерді су бөлу жөніндегі техникалық жұмыстар жоспарын жүзеге асыруды аяқтап, келісімнің жобасын қарауды және келісуді 2015 жылы бастайтыны айтылған еді. Мемлекетаралық келісімде ілгерілеушілік бар ма? – Екі мемлекет арасындағы 24 үлкенді-кішілі өзеннің суын бөлу мәселесі бойынша құрылған арнайы үкіметаралық бірлескен комиссия бүгінгі күнге дейін өзінің 13 отырысын өткізді. Комиссия мү­ше­лерінің әрі қиын, әрі жауапты еңбегінің нәтижесінде су са­па­­сы, төтенше жағдайлар кезін­де дереу ақпараттандыру, ғылы­ми-зерт­теу жұмыстарын жүр­гізу, гид­ро­логиялық және гидрохи­мия­лық деректермен алмасу, бірлескен гидротораптар салуға қатысты бір­­қатар үкіметаралық немесе ведомс­тво­­ара­лық келісімдерге қол қойы­лып, су бөлу жұмысына негіз жасалды. Комиссияның қарамағында тұрақ­ты түрде жұмыс істейтін үш ар­найы жұмыс тобы бар. Соның іші­ндегі біреуі трансшекаралық өзендердің суын бөлу жөніндегі келісім жобасын қарастыру және келісу жұмысына жауапты. Аталған жұмыс тобы 2015 жылдың наурызынан бастап екі отырысын өткізіп, екі тараптың келісім жобасы бойын­ша ұсыныстары мен пікірлерін жинақ­тады. Келесі, үшінші отырыс осы қыр­күйек айында Алматыда өткі­зіледі деп жос­парланып отыр. Онда келісімнің уағдаласқан құры­лымына сәйкес құжаттың мәтінін келісу бойынша қиын әрі жауапты жұмыс жүр­гізіл­мекші. Жалпы алғанда, екі тарап бұл жұмыстың оңай болмайтынын түсінеді, бірақ өзара мүдделерді ескере отырып, ортақ мәмілеге келу мүм­кін деп пайымдайды. – Алып мемлекетпен көрші болғаннан кейін бір-бірімізді терең зерттеп, танып-білу заңды­лық. Бұл жағынан алғанда Қытай­дағы ғы­лыми-зерттеу орта­лық­тары бел­сен­ді жұмыс істейтін көрінеді. Ал біз ал­пауыт көршіміздің бағыт-бағ­да­ры­­нан қаншалықты хабардар­мыз? – Шынын айтсақ, Қытай құдайы көршіміз болғанымен, біздің ол туралы білетініміз әлі де болса аз. Мысалы, Қытайда Орталық Азия, со­ның ішінде Қазақстанды жан-жақ­ты зерттейтін ірі-ірі деген 20 шақ­ты ғылыми-зерт­теу институттары, орталықтары мен қауым­дас­тық­тары бар. Соңғы кезде «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын іске асыра бастағалы бері зерттеу орындарының саны 50-ден асқан. Олар біздің әлеуе­ті­міз бен мүмкіндігімізге қанық. Әр жасаған қадамымыз бен қабылдаған шешім­дерімізді жан-жақты зерттеу ар­қылы өз үкіметіне Қазақстанға қатыс­ты болашақта саясатты қай ба­ғыт­та жүргізу қажеттілігі туралы нақ­ты ұсыныстар береді. Елімізге Қытай­дың саясатын, экономикасы мен түрлі бастамаларын жүйелі түр­де терең зерттейтін бірегей орта­­лық қа­жет. Сондықтан да менің пікі­рім­­ше, Қытай­мен ұзақ мер­зімді стра­тегиялық әріптестікке негіз­­­дел­­ген тату көршілік қатынас­тар­ды ұтымды әрі тиімді дамыту мақ­сатында үлкен бір, мүмкіндік болса, бірнеше қытайтану орталық­тарын ашу, сондай-ақ оны тиісті қаражат және кадрмен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлген орынды болар еді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА, журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін