Биылғы жылғы Жолдауында Елбасы: «Өз тәуелсіздіктерінің алғашқы 20 жылында ешбір ел Қазақстандағыдай нәтижеге қол жеткізген емес», деп атап өткен болатын. Осы уақыт аралығында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған еліміздегі өткен кезеңдегі жетістіктеріміздің дәлелі – ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестицияның тартылуы, ішкі жалпы өнім өсімі 2010 жылы 7 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 19 пайызға көтерілгені.
Сондай-ақ, былтырғы желтоқсанда Астанада 56 елдің басшыларының басын қосқан ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі еліміздің халықаралық саладағы зор табысы болды. 800 мыңнан астам оралман елге оралып, халық саны тағы да бір жарым миллионға артты. Сонымен қатар, Қазақстан әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін экспортқа шығаратыны, орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін өскені атап өтілді.
Стратегиялық жоспар шеңберінде таяу онжылдықта, яғни 2020 жылға дейін бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу қажет. Бұл мерзімде ішкі жалпы өнім кемінде 30 пайызға өсуі, Ұлттық қордың активтері ІЖӨ-нің кемінде 30 пайызына жетуі тиіс. Экономиканың шикізаттық емес секторына салынатын отандық және шетелдік инвестиция көлемін кемінде 30 пайызға арттыру, білікті мамандардың үлесін 40 пайызға жеткізу жұмыссыздар санын 5 пайызға төмендету белгіленді. Ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есеге өсетін болады.
Сонымен қатар, Елбасы шикізаттық емес секторларды дамыту мақсатында Үкіметке қуат тиімділігінің кешенді жоспарын жасап бекітуді тапсырды. Ол үшін Үкімет әуелі әкімдермен бірлесе отырып, өңірлерді дамыту бағдарламасын жасауы керек.
Елбасы Жолдауында, ең алдымен бизнеске әкімшілік қысымды азайту үшін алғаш рет «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заң қабылданғанын, бұл заңда бақылау жүргізудің бүкіл мемлекеттік органдар үшін ортақ қағидаттары мен тәртібі белгіленгенін айтты. Сонымен қатар, еліміздің антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткіші 45-ке көтерілгені, ал ТМД елдері бойынша біздің елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес өрістей түскені атап көрсетілді.
Елімізде әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін ең маңызды болып саналатын білім берудің, денсаулық сақтау мен тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары бекітілген болатын. Білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында Қазақстан көш бастаушылар қатарында келеді, өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді, 750 жаңа мектеп салынып, іске қосылғаны халықты қуанышқа бөледі.
Сонымен қатар, 5 302 мектепке дейінгі мекемелер, 1 117 балабақша мен 4 185 орталық ашылып, Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет студенттерді білім нәрімен сусындата бастады.
2020 жылға қарай оқытудың 12 жылдық моделіне толықтай көшіп, ол үшін 2015 жылға қарай республикалық бюджет қаржысы есебінен кемінде 200 мектеп салынады, осынша мектеп жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын болады. 2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқытуды пайдаланып, 2020 жылға қарай оның саны 90 пайызға дейін артатын болады.
Осы жылдар бойы қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту үшін көптеген жұмыстар жүргізілді. Денсаулық сақтауды қаржыландыру 2010 жылы ІЖӨ-нің 3,2 пайызына дейін ұлғайып, жетекші шетелдік клиникалармен байланысы бар 150 телемедицина орталықтары құрылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша бала туу көрсеткіші 25 пайызға көтерілді. Халық денсаулығын жақсарту үшін алғаш болып жәрдем беретін медициналық көмек көрсету орталықтары дами бастады, еліміздің ең шалғай түкпірлерінде адамдардың денсаулығын тексеріп, ем жасау үшін арнаулы емдік-диогностикалық «Денсаулық» 2 пойызы жолға шықты. Одан басқа да көптеген жұмыстар жүзеге асты. Үкіметке 2015 жылға дейін санитарлық авиация мұқтажы үшін кемінде 16 тікұшақ ұйымдастыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Дағдарысқа қарсы «Жол картасы» шеңберінде халық жұмыспен қаматамасыз етіліп, бүгінгі күні жұмыссыздық проблемасы азайып келеді және қазақстандықтар жұмыс істейтін жаңа кәсіпорындар салынып жатыр. Елбасы, сонымен қатар, бизнес-қауымдастығымен бірлесіп, Үкіметке индустриялық нысандарда жұмыс істегісі келетіндер үшін тегін кәсіптік оқу орындарын ашуды тапсырды.
Сонымен қатар, Үкімет облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, 2011 жылдың 1 мамырына дейін халықты еңбекпен қамту бағдарламасын жасауы тиіс.
Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайып, қазіргі уақытта бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады. «Жол картасы» аясында 2009 және 2010 жылдары ТКШ нысандарында жөндеу бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді және бұл жұмыстар бүгінгі күні де жалғасып отыр. ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жыл сайын 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туғызатын болады.
Жолдауда қазақстандықтар үшін бүгінгі күні ең өзекті мәселеге айналған ауыз су проблемасы көтерілді. Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс 8 жыл бұрын басталған болатын және бүгінде сол жұмыстардың оң нәтижелері бар. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге қолжетімділік ауылдық елді мекендерде 41 пайызға дейін, қалаларда 72 пайызға дейін өсті, орташа есеппен алғанда, республика бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрауы тиіс, ал судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға сай болуы керек.
Елбасы биылғы Жолдауында халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі көтеру жолындағы барлық жұмыстардың сапалы түрде жүргізіліп жатқанын атап көрсетті. Сондай-ақ, таяу онжылдықта атқарылатын басқа да жұмыстар нақтыланып, олардың орындалу мерзімдері белгіленді. Мұның өзі барша қазақстандықтарды ілгерілеу жолында тізе қосып, алға ұмтылуға міндеттейді. Біз Елбасы айқындаған міндеттер мен межелер үдесінен шығатын боламыз.
Жансейіт СӘРСЕНҚҰЛОВ, Сенат депутаты.