«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Павлодар облыстық филиалында сайлаушыларды қабылдаған кезімде маған бір топ, олардың арасында таяқты таяныш еткендері де, арбаға таңылғандары да, бірін-бірі жетелеген табан астын көрмейтін зағиптары да бар, негізінен І топтағы мүгедектер келіп, өздерін бірге қабылдауды өтінді. Мен қарсылық білдірген жоқпын, бәріміз бір сағаттай әңгімелестік.
Мүмкіндігі шектеулі жарымжан жандардың кейбір шенеуніктерге өкпелері қара қазандай екен. Олардың өздерінің айтуларынша, Павлодарда мүгедектерді әлеуметтік қорғау, медициналық оңалту жұмыстарының жайы мәз емес. Соның салдарынан 2008 жылы мүгедектер пайдаланатын бірқатар тауарлар тым қымбатқа сатып алынған және мерзімінен екі ай кеш түскен. Осындай жауапсыздық 2009 жылы да қайталанып, сатып алынған мүгедектер арбалары пайдалануға қолайсыз болып шыққан. Өтініш иелері осы жайларды айтып, талай табалдырықты тоздырса керек. Бірақ, одан қорытынды шығарып жатқандар көрінбейді. Сөйтіп, былтыр да мемлекеттік сатып алулар мерзімінен кеш өткізіліп, еңбекақы алмағаннан кейін қамқорлығындағы адамдарды қараусыз қалдырған жеке көмекшілер жұмысқа тамыз айында ғана қайта оралған.
Жеке көмекшілерге байланысты айта кететін тағы бір жәйт – Үкіметтің 2005 жылғы 20 шілдедегі №754 қаулысына сәйкес жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектерге бөлінген жеке көмекшілер мүгедекті тұрғылықты жерінен жұмысқа немесе оқу орындарына, сондай-ақ, жергілікті өкілетті және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік сала нысандарына, нотариусқа, мәдени шараларға, спорт кешендеріне, сауда, медицина мекемелеріне, тұрмыстық қызмет орындарына, оқуға, жұмысқа орналасуға, өз құқықтарының мүдделерін жүзеге асыруға қажетті ақпарат алуға құжаттарды толтыруға қатысты мәселелерді шешу үшін апарады, әкеледі. Бірақ, мекемелерге бірге кірмейді, мүгедекке сырт киімін шешуге, киюге, мекеменің ішінде жүріп-тұруына көмектесе алмайды. Және осы қаулыда мүгедектердің мешітке баруы, демалыс және мереке күндері бұқаралық шараларға қатысулары қарастырылмаған. «Содан да біз ұдайы үйде қамалып отырамыз. Ал бұл арнайы заңда көзделген мүгедектерді оңалту мақсатымен мүлде үйлеспейді», – дейді шағым иелері.
Сол сияқты мүгедектерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің де жайы сын көтермейді. Өйткені, тендерге қатысушылар қайткенде де жеңімпаз атану үшін өз қызметтерін арзанға бағалайды да, кейін қаржының тапшылығын сылтау етіп толық көлемде қызмет көрсетпейді. Оларға «әй деп жатқан әже, қой деп жатқан қожа» жоқ.
Аталмыш қаулыда санаторийге немесе курортқа баратын мүгедектердің жайы да толық ескерілмеген. Мұндай сапарлар кезінде І топтағы мүгедектің өзіне жеке көмекші бөлінбейді екен. Ал жол жүрудің ауру адам түгілі сау адамға үлкен салмақ екенін бәріміз де білеміз. Міне, сондықтан да көптеген мүгедектер мұндай мүмкіндікті пайдалана алмай келеді.
Павлодар облысында көзі көрмейтін І топтағы 858 мүгедек болса, олардың 210-ы мектеп жасындағы балалар екен. Олардың 5-уі ғана басқа қалалардағы мамандандырылған мектептерде оқуда, қалғандары өз проблемаларымен жеке қалған. «Солар үшін Павлодар қаласында мектеп-интернат салатын мезгіл жетті деп ойлаймыз», – дейді мүгедектер Смағұлов пен Сәбиева.
Меніңше, бұл бір қалаға, бір облысқа ғана тән жағдай емес. Біздің елімізде мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданып, олар үшін өмір сүру мен қоғамға кірігудің тең мүмкіндіктерін құрудың құқықтық, экономикалық және ұйымдық шарттары анықталмағанымен, іс жүзінде әлі шешілмеген мәселелер бастан асып жатыр. Нақты айтсақ, мүгедектердің әлеуметтік-мәдени және көлік инфрақұрылымы нысандарына қол жеткізуімен байланысты құқықтары әркез сақтала бермейді, жаңадан салынып жатқан ғимараттардағы кірме жолдар, пандустар стандартқа сай емес. Тіпті, жаңа салынып жатқан тротуарларда кірме жолдар салу ескерілмеген, кресло-арба пайдаланатын мүгедектердің кедергісіз жүруіне де жағдай жасалмаған. Сөйтіп, мүгедектер қоғамға кіріге алмай мәдени өмірден тыс қалуда.
Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ мүгедектерін де мұңайтпауға тиіс. Демек, олар үшін арнайы құрылғылар, көмекші құралдар: пандустар, съездер, кең лифтілер, қия жолдар жасау кезек күттірмейтін міндет болып табылады және оларды мүгедектер тұратын жерлерден бастаған жөн, сосын қоғамдық сипаттағы барлық мекемелерге тарату қажет. Әрине, бұл мәселені бір жылда шешу, бүкіл ғимараттарды, тротуарлар мен көлік жабдықтарын қайта салып тастау мүмкін емес. Бірақ ендігі жерде арқаны кеңге сала берудің де еш реті жоқ. Бастайтын, тап-тұйнақтай етпегенмен еңсеріп тастайтын мезгіл жетті, ең бастысы – қолжетімсіздікке алып келер жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеуіміз керек.
Айта берсек, осындай түйінді мәселелер аз емес. Онсыз да тағдырдың тауқыметін тартып жүрген қайсар жандарға қол ұшын берейік.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.