Әлемді жаңғыртатын да, жасартатын да, өркениет жолына түсіріп, өрісті кеңейтетін де, толқын-толқын жастың санасына күн сәулесіндей құйылып, ойын дамытатын да, бәсекеге қабілетті болуына жол ашатын да «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз», деп ұлт данышпаны Абай айтқандай, білім мен ғылым екені анық. Оны алдыңғы қатарда дамыған жұрттардың өткен жолынан, бүгінгі жеткен биігінен, алға қойған ауқымды ісінен айқын көруге болады.
Қазақ халқы да бұл жолға бұрын да, қазір де ұмтылумен келеді. Білім мен ғылымды терең меңгеріп, кемел екенін көрсеткен жұртымыздың әр ісі көз алдымызда. Алғырлығымен талайды мойындатқаны және бар. Оған арғы-бергі ғасырларға ой жіберіп, көңіл тоқтатсаң – көзің жетеді.
Тәуелсіздіктен кейін де сол үлгісімен төрткүл дүниені тәнті етіп келеді. Тек, тамырының мықты екенін дәйектей алды. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты азаттықтан соң ерекше дем беріп, демігіп тұрған алуан салалардағы тірліктің қадамын аштырып, жаңа дәуірге сай болу бағытын да алға тартты. Оған егемендіктің 25 жыл ішіндегі табыс тасқыны, алған асу, шыққан шыңы дәлел болары хақ. Бұратана елді бүгін бүкіл дүние жүзі біледі. Ұлан-асыр табысына таң-тамаша қалады. Әсіресе, білім мен ғылым жолында іркіліссіз ілгерілеу соның айғағы. Азаттық алған алғашқы күннен бері Елбасы «Сарқылмайтын, терең бойлаған сайын еселеп арта беретін бір байлық бар, ол – білім», деп дамыған жұрттардың үлгісін үйреніп, тәжірибесін Отанымыздың өркендеуіне сіңіру үшін алдымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасын қабылдап, «Білім жарысын» (А.Байтұрсынұлы) талантты ұрпақтың арасында қанат жайғызып, оларды балапан кезінен баулып, қанатын қатайтып, бұғанасын бекіту ісінде «Назарбаев зияткерлік мектептерін» өмірге әкелді. Өз елімізде кадр дайындау жобасынан туған ниет негізінде «Назарбаев Университетті» құрды. Бұған қоса, азат жұртымызды жұмылдырып, келешекке бағдар сілтеген «Мәңгілік Ел» идеясын орындау жолында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 76, 77, 78, 79-қадамдарында білім беру саласын биік белестерге бастайтын нақты бағытты белгілеп берді. Мұның бәрі тәуелсіз Отанымыздың бүгіні мен ертеңіне қызмет жасайтын, аға ұрпақтың кемел келешекке, «Мәңгілік Ел» жолына түскен жұмысын жалғайтын жасқа жасаған қамқорлық деп білеміз.
Білім беру мен ғылымды дамытудың үш жылға арналған Мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылдан бастап жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы басталды. Ол дегеніміз, көптен бері зерттеліп, зердеде шыңдалған 12 жылдық білім беру ісі бірте-бірте іске асып, оның алғашқы қарлығаштары, алты жастағы ұл мен қыз тұңғыш рет күміс қоңыраудың сыңғырын естіп, мектеп табалдырығын аттап, үш тілде білім беру жүзеге асырылады. Бұрынғыдай әр білім ұясы таңдауына қарай оқушыға баламалы құралдармен емес, бір ғана базалық оқулық арқылы білім береді. ҰБТ сынағы екі сатылы, яғни, мектептік және ЖОО-ға арналған жүйеде жүргізіледі. Мұғалімдердің айлығы артқанын да еске сала кетейік. Бір атап өтерлік құбылыс деп, қазақтілді мектептердің көбеюін айтар еді. 1990 жылы қазақ тілінде білім алатын ұл мен қыз барлық оқушының 32,3 пайызын құраса, бұл көрсеткіш 25 жылдан кейін 70 пайызға жетіп отыр. Тағы да осындай бір мысалды келтірер болсақ, биыл мектеп бітірген түлектердің 83330-ы қазақ тілінде, 37762-сі орыс тілінде білім алғандар. Бұл ұлтымызға тәуелсіздік берген жетістік екені айдай анық. Әрине, білім саласындағы реформалардың бәрі жұрт көңілінен шықты дей алмасақ керек. Соның салдарынан кейде әттеген-айлар да кездесіп қалады. Ондай олқылық білім сапасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, ондайда атам қазақ «Көш жүре түзеледі», дейді. Сол көштің жібек баулы бұйдасы ғылым мен білімнің еншісінде. Осыны қай-қайсымыз да терең түсінсек ұтылмас едік, ұтар едік.
Иә, жадыраған жаздың күзге ұласар алғашқы күні жаңа оқу жылы басталғанда 2,8 миллионнан астам оқушы Отанымыздың барлық мектептерінің табалдырығын аттады. Бұл күн ел өміріндегі, сонымен қатар, миллиондаған ата-ананың да, өзге де азаматтардың жүрекжарды қуанышын еселей түсетін елеулі сәт екені сөзсіз. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерден бастап, алдағы жылы қанат қаққалы отырған түлектерге бір жыл бойы дәстүрлі жолмен білім беріп, тәрбие үйрететін мұғалімдерге «Ұстаздық – ұлы құрмет» (Б.Момышұлы) деуіміз керек. Сонымен, биылғы жаңа мазмұнда басталған жаңа оқу жылы «Біз Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыруымыз керек», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін мүлтіксіз орындап, тәуелсіз еліміздің ертеңіне өз үлесін қосатын жастың алғыр қадамына, жарқын болашағына кең тынысты жол ашады деп батыл айта аламыз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»