19 Ақпан, 2011

Бағаны бағындырудың жолдары қандай?

650 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Соңғы кездердегі күнделікті тұ­ты­на­­тын тауарларға деген бағаның ша­рық­тап өсуі көпшілікті алаңдатуда. Де­пу­таттық сауалдарда осы проблема­лар­ды шешудің жолын қарастыру жө­ніндегі ұсыныстар Үкімет басшы­сы­ның атына жолданып келеді. Алайда, жағдай түзеле қоймай отыр. Осыған орай кеше Мәжіліс депу­таты Петр Дми­триенко баспасөз мәс­ли­хатын өт­кізіп, бағаны ауыздықтау тұр­ғы­сындағы пайымымен бөлісті. Депутат өз сөзінде әкімшіліктік ша­ра­ларды қолдану арқылы жағдайды тү­зеу­ге болады, деген ұстаныммен келіспейтіндігін көлденең тартты. Әкім-қа­ралар сауда орындарында бағаны өсір­меу туралы шаралар қарастырғанмен, оның нәтижесі көрінбейді. Мәселен, бидай бағасы тоннасына 26-дан 40 мың теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Бұл өз кезегінде наубайханалар өнімі бағасына әсер етпей қоймайды. Мәселен, Петропавл нан пісіру комбинатына өз өніміне бағаны 48 теңгеден асырмауды міндеттеу оның 5 фирмалық дүкенін жабуына алып келген. Соның салдарынан аудандарға нан жеткізілу тоқтап қалған. Мұндай жағдай өзгелерді де алаңдата бастапты. Депутат пайымынша, жағдай­дың бұлай қалыптасуына көтерме және бөлшек сауда жасаушылар ықпал етуде. Сондықтан, заңдық тұрғыдан оларға та­бысты белгілі бір деңгейден асырмауды міндеттейтін норма қарастыру қажет. Бағаны белгілі бір деңгейге дейін көте­ру­ге рұқсат беру арқылы ауылдағы жеке сатушыдан бастап, көтерме және бөлшек сауда жасаушылардың әрқайсысы өзіне тиесілі 25 пайыз үлесіне ие болады, деп санайды депутат. Сонда ауылдағы картоп 40 теңгеден тізбек бойынша 125 теңгеге дейін ғана өсер еді. Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық округтерінде сиыр еті 480 теңге тұрса, көтерме сауда жасаушылар оны жаппай сатып алудың арқасында ет бағасы 3000 теңгеге дейін шарықтап кеткен. Ал өз өнімдерін тиісті бағасына өткізе алмаған, оның үстіне жемшөптің қымбаттағанына байланысты шаруалар мал басын азайтуды жөн көрген. Бұл үдерісті тіпті тоқтату мүмкін болмауда, дейді депутат қынжылып. Етке квота беруді Экономикалық даму және сауда министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет, деп санайтын­ды­ғы­мен бөліскен депутат мұндай жағдай ет комбинаттарының өндірісіне кері әсер етіп отырғандығын да жасырмады. Шикізат жетпегендіктен немесе оны 3 есе баға­сына сатып алғандықтан, өңдеуші кәсіпорындар әр түрлі қоспаларды пайда­ланады. Ондай ет өнімдерін ит те жеуден қашқақтайтын көрінеді. Қоспасы бар сүтті де мысық онша іше қоймайды. Тү­рік технологиясы бойынша пісірілген күл­шенің тез жанатынын оның құрамын­да мұнай синтезінен дайындалған неміс майының болуымен байланыстыру керек екен. Бағаның шарықтауына әсер етуші тағы бір фактор – энергетикаға тарифтің өсуі. Осы ретте депутаттар өздері энер­ге­тика саласындағы тарифті әлемдік дең­гейге біртіндеп жеткізу мақсатында жылына бір рет тарифті көтеруге заңдық тұрғыдан рұқсат бергендігін айта кету керек. Оны Петр Гавриловичтің өзі де мойындап отыр. Энергетика тарифінің 9 пайызға артуы өзге де тауарлардың баға­сы­на әсер етпей қоймады. Сондықтан аталған заңдық құжатқа қайта оралу керек, деп санайды ол. Ет бағасы 1,5-2 мың теңге тұрса, дүкендерде 600-800 тең­геден сатылып жатқан колбаса өнім­дерінің бағасы осыншалықты арзан болмауы тиіс. Сондықтан өнім құрамы әр түрлі қоспалармен толтырылып тас­тал­ған деуге негіз бар. Елбасының ха­лыққа арнаған биылғы Жолдауында халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз ету міндеті қойылған, алайда, сапасыз, қоспасы көп азық-түлікті тұтынудан, керісінше, ден­саулық нашарламаса, жақсармайды. Қорыта келгенде, депутат аталған проблемаларды сауда және энергетика заңнамаларына өзгерістер енгізу арқылы шешуге болатындығымен бөлісті. Соны­мен қатар, ет өндіруге квота бөлу мәсе­лесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысуы тиіс. Қалай болған күнде де депутат бұл мәселелердің барлығын Үкімет атқаруы керек, деп есептейтіндігін ескерте кетті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.