19 Ақпан, 2011

Атқарылған істер ауқымды

648 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Бердібек Сапарбаев шырайлы Шығыстың тізгінін ұстағанынан бері  екі жыл зыр етіп өте шықты. «Мен Бердібекке сенемін. Ол бұған дейін екі ірі облысты, министрлікті іскерлікпен басқарды. Қай салада еңбек етсе де соңынан жылы сөз естілгеніне куә болып жүрміз. Еліміздің алтын тәжі – Кенді Алтайды да өркендете береді деген ойдамын», деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге келген кезінде. 2009 жылдың басында жаңа қыз­метке тағайындалған Б.Сапарбаев ай­на­ла­сы бірер айда барлық қалалар мен ау­дан­­дарда сапармен болып, жергілікті әкім­дердің атқарып жат­қан істерімен танысып шықты. Ат­қарылған жұмыс­тар бар болғанымен, кемшіліктер де көп екен. Өңір басшысы оларға қадау-қа­дау тапсырма жүктеп, бірер айдан соң қайта айналып келетінін, егер кемшіліктер түзелмесе, қатаң шара қолда­на­ты­нын ескертті. Қашанғы мемлекет қаржы­сы­на сене бересің, бюджет кор­жы­нын тол­тыру үшін ша­ғын және орта кәсіпкер­лік­ті дамыту қа­жет.  Мал тұ­қымын асыл­дан­­ды­ру, аудандар мен қалаларда жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне об­лыс әкімі қатты назар аударды. Расында да, бір-екі айдан кейін өңір бас­шысы аймақты тағы аралап қайтты. Кемшіліктен қорытынды шығар­маған әкімдер­дің кейбіріне қатаң ескерту жасады. Соны­мен, жаңа  әкімнің өз сөзінде тұратыны, ескертулері шындыққа жақын екені белгілі болып қалды. Әкім-қаралар етек-жеңдерін жинап, өз істеріне жауапкершілікпен қарай бастады. Алтайдың алты айға созылатын аяз­ды қысы өңірдің жаңа басшысын қат­ты сынаққа алды. 40 градустан асатын аяз, апта сайын со­ға­тын қатты боран рес­публикалық дең­гей­дегі жол­дар­ды жиі жаба бастады. Оларды тазарту оңай шаруа емес. Кейде жолдар екі күн жабы­лып қалған кезде оған жауапты адамдармен қатаң сөйлесті. Техника жетіспейді, жанар май мәсе­ле­сі де ауыртпалықтар жүк­тей­ді деген соң, ол мәселенің де шешімін тапты жа­ңа басшы. Өткен жыл­дың 17 нау­рызында күн қүрт жылып, Тарбағатай ауда­нының Көкжы­ра, Жән­те­кей, Күр­шім және Зайсан аудан­дары­ның бірнеше ауылдарын су шайып, 600-ге тарта тұрғын үй бұзылды, біраз мал қы­рыл­­ды. Осы­нау сын сәтте Елбасы қамқорлық таны­тып, Үкіметтен қыруар қар­жы бөлгізді. Айна­ласы үш-төрт айда зардап шеккен отыз­ға тарта елді мекенде 600-ге тар­та тұр­ғын үй пай­далануға беріліп, қажет­ті тұрмыстық заттар са­тып әперілді. Өңір басшысы тек Тар­ба­ғатай­дың Көк­­жыра ауы­лын­да жиыр­машақты рет болды. Қыр­күйектің ба­сында Елба­сы Н.Назарбаев Көк­жы­ра ауылында бол­ған кезде жаңа ауылды көріп, риза­шы­лығын білдірді, облыс әкімі Б.Са­парбаевтың еңбегіне алғы­сын айтты. Б.Сапарбаевтың Шығыс Қазақстан хал­қы алдында есеп беру кездесуінде, міне, осы жайлардың барлығы экран­нан көрсе­тіл­ді. Әкімнің есебі «он-лайн» режімінде өткендіктен, қала, аудан әкімдері жұртшы­лықтың қатысуы­мен оны мұқият тыңдап отырды. Көп­теген сауалдар қойылды. – Биыл еліміздің өз Тәуелсіздігін алып, бодан жұрттан бостан жұртқа ай­нал­ғанына 20 жыл толады. Сонымен қа­тар төрт құр­лықта орналасқан, әлем­нің 1,5 млрд.  халқы тұратын 57 мемле­кет­­тің басын біріктірген бе­делді Ислам Кон­фе­ренциясы Ұйымына төрағалық етеміз. Шілде айында Астанада Шанхай ын­ты­мақ­­тастық ұйымының саммиті өте­ді. Барыс жылы ұлтымыз үшін қан­дай та­быс­ты жыл болса, босағадан атта­ған қоян жылы да жақсы жаңа­лық­тары­мен бастал­ды. Жақында ғана Астана мен Алматы қала­ларында мәреге жеткен бүкіл Азия құрлы­ғындағы дүбірлі додалардың бірі – 7-ші Қысқы Азиада Қазақстанның әлем алдын­да­ғы беделін тағы бір көтеріп тас­тады. Бай­рақ­ты бә­се­кеде еліміздің мәрте­бесінің асқақтап, көк туымыздың желбіреуіне Шығыс Қазақ­стан спортшылары ерекше үлес қосты, – деді Бердібек Мәш­бек­ұлы. –  Мен өзім Өскемен, Семей, Рид­­д­ер қала­лары мен 5 ауылдық округ әкімінің есеп­ті кездесуіне қатыстым. Орын­­ба­сар­ларым, облыс әкімі аппара­ты­ның жауапты қыз­меткерлері және облыс­тық басқармалар­дың бастықтары қалалар мен аудандар әкім­дері өткізген барлық есептік кездесулерге қатысты. 2011 жылғы есептер тұрғындар ара­сын­дағы  белсенділікті көрсетті. Көтері­ле­тін мә­селелердің сипаты өзгерді, өзі­не өзі сын айту тұрғысындағы баяндамалар қатары арт­ты, түскен ұсыныстар саны екі есеге жуық азай­ды. Өткізілген есептік кездесулерге азамат­тар­дың белсене қатысуы атқарушы билік орган­дары­на сенімнің артқанын дәлелдейді. Қа­лып­тасқан дәстүр бойынша, есептік кездесулер қарсаңында азаматтардың ескертулері мен ұсыныстарын қабылдау жүргізілді. Өткен жылы облыс бас­шы­сының атына 150 өтініш түссе, оларда 175 мәселе көтерілген екен. Былтыр өңірлік өнім көлемі 1 триллион 070 миллиард теңгені құрады. Об­лыс өнер­кәсібінде 624 миллирад теңге­нің өнімі өн­дірілді. Бұл өткен жылмен салыс­т­ырғанда біршама артық. Қазына­лы өңір­де алтын өн­діру мен өңдеу кө­лему – 22 пайыз, қорғасын – 17, тас көмір 9 пайыз өсіп, жеңіл автокөлік өн­дірісі 4,2 есе артты. Міне, күні кеше Өске­мендегі тұңғыш автокөлік өндірісінің қар­лығашы – «Азия-авто» құрастыру зауыты өзінің 25 мыңыншы көлігін шығарды. Елбасының бастамасымен дүниеге келген ин­дуст­ри­яландыру бағдарламасы және «Жол карта­сы» өміршеңдігін қазірдің өзін­де дәлел­де­ді. Индустрияландыру картасына облыс бо­йын­ша жалпы сомасы 493,5 мил­лиард тең­генің 29 инвестициялық жобасы кірді. Оның сегізі республикалық маңызы бар жоба. «Казцинк» ЖШС-де былтыр екі зауыт пайда­лану­ға берілді. Үлбі металлургия зауыты мен Өс­кемен титан-магний комбинаты өз қуат­тарын жыл сайын арттырып келеді. Былтыр 12 инвес­ти­циялық жоба жүзеге асты. Бұл белгіленгеннен бір жобаға артық, олар­дың жалпы құны 139 миллиард теңге. Міне, соның арқа­сын­да өнді­рісте бір жарым мың жұмыс орны ашылды. 2015 жылға дейін индустриялан­дыру кар­тасына қосымша 67 жоба енгізу жос­пар­ланып отыр. Олардың құны 580 миллиард теңге болмақ. Демек, нә­ти­жесінде өндіріс кө­лемі 16,1 пайыз артып, жаңадан 25 мың жұ­мыс орны ашылады. Қазіргі таңда отан­дық өнім­нің бәсекеге қабілеттігін арттыру б­о­йын­ша жұмыстар атқарылып жатыр. Өңірдің 230 кәсіпорны менеджмент жү­йе­сін енгізген. Бұл 2009 жылмен салыс­тырғанда 30 пайызға көп. Өңір басшысы Шығыстың агроөнер­кәсіп кешені жайлы да мағлұматтар берді. Өткен жылы ауа-райының қолайсыз болуы­на қарамастан, бұл сала бойынша 151,2 мил­лиард теңгенің табиғи көлем индексіне қол жеткен. Ауыл шаруашы­лы­ғын дамытуға әр түрлі қаржы­лан­ды­ру көздерінен 10,5 па­йыз өсіммен 14,5 миллиард теңге тартыл­ған. Оның ішінде субсидиялау көлемі 5 мил­лиард тең­ге­ден асып түссе, 28 асыл тұ­қымды мал шаруа­шылығы, 23 бордақылау алаңы, бір тауарлы-сүт фермасы құрылып­ты. Сон­ды­қтан да ет пен сүт өндіру көлемі  тиісінше 9,1 және 3,1 пайыз ұлғайған. Өңірде бірнеше құс фабрикасы бар. Үде­мелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясын­да «Өске­мен құс фабрикасы» АҚ-та қайта жаңғырту жүзеге асырылмақ. Черемшанка құс фаб­ри­касы қоға­мын қал­пына келтіру жүргізіліп жатыр. Бесінші  түлік – марал шаруа­шы­лы­ғын дамыту­ды субсидиялау басталып кетсе,  облыс­та асыл тұ­қымды маралдардың үлес салмағы 48,1 пайыз­ға ұлғайған. Еліміз бойынша өзіндік алар орны бар омарта шаруа­шылығын дамыту да назарда. Ара ұяларының жалпы саны 29,2 пайызға артып, бал өндірісі 36,1 пайыз өскен. Облыс әкімі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, т.б. маңызды салалар бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап көрсетіп, сөзін цифрлармен тұз­дық­тап отырды. Әкім есебінде құрылыс саласы да назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімінің баяндамасы аяқтал­ған соң залға орнатылған үш микрофон­ның жанына қырыққа тарта адам кезекке тұрып, сауалдарды қарша боратты. Глубокое ауданындағы Черемшанка құс фабрикасы өткен жылы банкротқа ұшы­рап, онда еңбек ететін 450 адам жал­ақы­ларын ала алмай, сан соғып қалған. Қиын кезде өңір басшысы Б.Сапарбаев жаңа инвестор тауып, оның «екінші» тынысын ашқан. Фабрика жұмысшысы П.Ермаков облыс әкіміне: – Сіз біздің фабриканың болашағы жай­лы қандай ойдасыз? – деген сауал қойды. – Құс фабрикасы жайынан хабардар­мыз. Инвесторлар жалақы қарызынан құтылды. Салыққа біраз қарыздары бар. Оның үстіне олар балабақшаны жөндеп береміз деп отыр. Жалпы құны 700 миллион теңгенің қаржысын салмақ, – деп жауап қатты өңір басшысы. Қаланың Жібек мата комбинаты қа­ла­шығындағы ақсақалдар алқасының төр­ағасы С.Оразбаев әкімнің бір жылғы жұмысына жақсы баға беріп, өзін тол­ғандырған мәселе­лер­ді ортаға сал­ды. Оның айтуынша, сол жағалауда балалар ауруханасы болғанымен, емхана жоқ. Кезекте 8600 бала тұрады. Сон­дықтан жаңа емхана  салып, тіс емдейтін емхана құрылысына да көңіл бөлінгені жөн. – Келер жылы жаңа аурухана салу ойда бар. «Казцинк» ЖШС өздерінің профилакторийін қалалықтарға берген. Ал тіс емдейтін емхана мәселесін ойластырамыз, – деді облыс әкімі. Зырян қаласының тұрғыны Н.Ивенко құ­ры­лысы 2008 жылы басталып, әлі күнге аяқ­тал­май отырған 60 пәтерлі тұр­ғын үйге қаржы бөлуді өтінді. Құры­лысты аяқтау үшін 410 миллион теңге  қажет екені көлде­нең тартыл­ды. Аз ақша емес. Сондықтан құрылысты екі жылға тең бөліп аяқтау ойда бар екені мәлімделді. Шемонаиха ауданындағы «Восход» шаруа қожалығының төрағасы В.Лонский жанар майға, техника сатып алуға субсидия бө­лу, Күршім ауданындағы Теректі ауылын­дағы орта мектептің директоры С.Ақанов жол, Катон­қа­ра­ғай ауданының тұрғыны Қ.Өс­кенбаев Ар­ша­ты ауылындағы мектеп­тің апатты жағдайда екені жайлы сауалдар қойды. Өңір басшысы сауалдарға тиянақты жауап қайтарды. А.Ерке­бұлан, С.Ысқақов, Өскемендегі «Алға» партия­сының мү­ше­сі И.Кәкімова, жеке кәсіпкер К.Кемпірбаев, тағы басқалар жол, мектеп, бас­қа да өзекті мәселелерге қатысты қой­ған сауал­дарына тиянақты жауап алды. Он-лайн режімінде теледидардан да сауалдар қойылып, оларға да  жауап берілді. Облыс әкімінің бір жылғы жұмы­сына жиналғандар жақсы деген баға берді. Облыс әкімінің есеп беру кездесуіне Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ж.Ахметов, Парламент Сенатының депутаты Т.Абайділдин қатысты. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.