Туризмді дамытудағы ізденіс пен іркіліс
Көк аспан шомылған көкпеңбек көлдің көркі көпке аян. Көркемдігі – көз сүйсінтеді, күміс суы көңіл жадыратады. Содан да шығар, көлді кемерінен кешкен жергілікті жұрт: «Алакөлдің бойында, дәнеңе жоқ ойында» деп мақамдайды. Тұнығына тарих тұнған Алакөлдің атақ-даңқы жаугершілік заманындағы аңыздармен сабақталатыны бекер емес. Арғыда Шыңғыс хан түмендерінің тұяғы тиген, Қаракерей Қабанбайдың қалың қолы қонған, сан ғасыр бойы сарбаздардың жарасын жазған қасиетті су ретінде сипатталса, бергіде Шоқан Уәлихановтың ұлы сапарларына бекет болған, Мұхтар Әуезовтің ұлы Ернар Әуезов Алакөл айдынына сән берген Аралтөбесі мен атақты реликті шағаласын зерттеген ғажайып табиғат аясы, қала берді, кешегі кеңестік заманда ғарышкерлер космостық радиациядан арылатын, еш жерде кездесе бермейтін минералды бай суы Алакөлдің атын шығарған айрықша жаратылыс сыйы еді.
Инфрақұрылымға көңіл бөлінбек
Алакөл бүгінде дамудың жаңа бетбұрыс кезеңінде тұр. Тұмса табиғат, ащы су, құрғақ ауа мен ыстық құм-тас. Бәрі тамаша-ақ. Бірақ заманның талабы – қызмет көрсету аясының олқы тұстарында болып тұр. Сервиске сүйенген саяхатшылардың зәуде айтар сөзі сол төңіректен табылады. Сондықтан қолда бар ресурстың игілігін көру тікелей өзіміздің жауапкершілігімізге байланысты. Соның ішінде, әрине, облыс және аудан басшылығының туристік кластерді үйлестіру қабілетіне тәуелді екені жасырын емес. Жақында облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға назар аударып, нақты іс-қимылға көшу қажеттігін айтты. Өңір басшысының айтуынша, жағалауда орын тепкен 136 нысанның төртеуінде ғана қажетті инфрақұрылым бар. Қалған демалыс орындары мен үйлерінде өрт қауіпсіздігі, антисанитариялық жағдай сынды бірқыдыру кемшін тұстар анықталған. Десе де, көптеген демалыс үйлері қожайындарының қолында мемлекеттік комиссия қол қойған актілер бар. Осы орайда облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына жағдайды анықтауды тапсырды.
Әрине, ең бастысы, бұған дейін Алакөл жағалауын дамытудың бас жоспары жасалған жоқ. Бұл – жағалаудағы демалыс нысандарының стихиялы түрде бейберекет салынуына жол берген басты жағдай. Әйтсе де, кейінгі жылдары көл жағалауында оң өзгерістер басталған болатын. Соның бірі, алғаш рет «Алакөл-тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны құрылды. 2014 жылы аталған мекеме қажетті техникалармен қамтамасыз етілді. Қазір бұл кәсіпорында механизаторлар мен жұмысшылардың барлығын қосқанда 32 адам еңбек етеді. Осы мекеменің күшімен жағалауға қоқыс контейнерлері мен жәшіктері орнатылды. Киім ауыстыратын кабиналар, орындықтар мен сәкілер қойылды. Дәретханалар салынды. Жағалау күніне екі мәрте тазаланып тұратын болды. Нәтижесінде, жағалаудың жағдайы біраз реттеліп қалды. Десе де құрылған кәсіпорын мәселені түпкілікті шешкен жоқ. «Алакөл-тазалық» мекемесінің техникаларынан бөлек, жағалаудағы қоқысты қолмен теретін кезекшілері болса-дағы демалыс аймағының тазалығы әлі де басты мәселелердің бірі болып тұр.
– Біз қоқыс контейнерінен бөлек, техника бара алмайтын жерлердегі қоқыстарды күн сайын екі мәрте тазалап шығамыз. Еңбекақымыз – 45 мың теңге. Жағалаудан күнделікті үш трактор тіркемесі тола қоқыс шығады. Бұл демалушылардың қоршаған ортаға жауапсыз қарайтындығын көрсетеді. Жағажайдағы адамдарға қоқыс тастамау жөнінде ескертеміз. Бірақ одан нәтиже аз болып тұр, – дейді «Алакөл-тазалық» мекемесінің жұмысшысы Сәбит Тәуірбек.
Жағажайдағы жағдай
Аталған мекеменің директоры Ерлан Әділғазиннен суға шомылып, күнге қыздырынып жатқан тынығушыларға төніп тұрған жағажайдағы бейберекет орындарының заңдылығы жөнінде сұрадық. Расында, балмұздақ, қытырлақ картоп, қауын-қарбыз, кәуап, сусын және самса сататын дүңгіршектер мен орындардың жағалауға өңешін соза еніп кеткені рабайсыз көрінеді.
– Біздің ойымызша, жағажай белгілі бір иелікте болуы керек. Мекемемізге жағажай жері бекітіліп берілмегендіктен, оған иелік ете алмаймыз. Сондықтан, жағалауды тәртіпке келтірудің заңды түрде шешімін ойластырған жөн. Мәселен, сіз тынығып жатқанда жаныңызда әлдекім түтіндетіп, кәуап пісіріп жатқаны ұнай қоймасы анық. Жағалауда осы сияқты жосықсыз әрекеттерге тыйым салудың жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді «Алакөл-тазалық» КМК директоры Е.Әділғазин.
Жағалаудағы бірден-бір мемлекеттік мекеменің басшысы айтқан тағы бір мәселеге тоқталайық. Алакөлде жылдан жылға демалушылар қатары көбейіп келеді. Сәйкесінше, демалыс үйлерінің қатары да артуда. Биылдың өзінде 30-ға жуық демалыс базасының құрылысы салынды. Осыған орай, «Алакөл-тазалықтың» күш-қуаты көл жағалауына толығымен қызмет көрсетуге жеткіліксіз болып отыр. Бұл ретте Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің бастамасымен жағалауды реттеу мен дамытуға байланысты арнайы комиссия құрылған екен. Комиссияның енгізген ұсыныстары негізінде кәсіпорынның штаттық кестесі мен техника санын ұлғайту жөнінде мәселе көтерілген. Аудан әкімдігі келер жылы мекеме штатын көбейтуді көздеп отыр. Бұл жұмыс тиімділігін арттыруға септесетіні сөзсіз. Мәселен, «Алакөл-тазалық» кәсіпорнының қалдық су сорғыш техникалары жағалаудағы орта және шағын демалыс орындарынан тұратын 38 нысанға қызмет көрсетеді. Алайда, «Әйгерім», «Алакөл-Арасан», «Керуен», «Дорожник» сияқты ірі демалыс орындарының меншік ассенизатор техникалары болғандықтан, кәсіпорынмен қалдық шығару жөніндегі келісімшартқа отырмаған. Тіпті, келісімге қол қойылған күннің өзінде «Алакөл-тазалық» қолда бар екі су сорғыш техникасымен барлық демалыс базаларын қамти алмайды. Кәсіпорынның табыс көзі – қалдық шығару қызметіне тәуелді. Сондықтан, мекеме директоры қолбайлау болып отырған техниканың жетіспеушілігі шешілсе деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, қалдықтарды төгетін полигон – Қабанбай ауылдық округіне тиесілі. Алайда, ірі демалыс орындарының барлығы қоқыс полигонын тегін пайдаланады. Яғни, полигонды кәсіпорынның қарауына беріп, оны пайдаланудың белгілі мөлшердегі тарифін енгізу қажеттілігі де өзекті мәселе.
Ардагерлер мен балалар тегін демалады
Үржар ауданы әкімдігінің қолдауымен Алакөлдің жағалауында жыл сайын ардагерлердің демалысын ұйымдастыру жолға қойылған. Біз жұмыс сапарымен барғанда «Үржарайым» демалыс лагерінде аудан ардагерлері концерт тамашалап отыр екен. Биыл мұнда 100-ден астам ардагер тегін демалыпты. Лагерьде тынығып жатқан ақсақалдар мен әжелерге аудан өнерпаздарының арнайы мерекелік бағдарлама даярлағанына куә болдық. Сонымен бірге, қариялар арасында дойбы мен шахматтан жарыс ұйымдастырылады. Мақаншы аудандық ауруханасының жылжымалы диагностикалық орталығы ауыл ардагерлерінің денсаулықтарын тексерсе, демалыстың ойдағыдай өтуіне аудандық жұмыспен қамту, спорт және мәдениет бөлімдері мен ауылдық округтердің ұжымдары да атсалысып, әрқайсысы өзіндік қолғабысын тигізіп келеді.
Аталған кеш барысында:
Сұрасаң, ауылым – Қарабұлақ,
Көрсең болды, өзіңе қалар ұнап,
Зәулім, ақ үйлер жарасып тұр,
Көшеміз жыл сайын барады ұзап,
– деді көл жағасындағы ауылын ақ өлеңге қосқан Серікхан Сейілханова есімді әже. Ал демалыс үйінде жатқан бір апта ішінде бәрінің бір туысқандай болып кеткенін жеткізген ауыл тұрғыны Шеризадан Тоқтарбаев: «Алакөл – қазақтың қасиетті жері. Шалқайсаң басың Барлыққа тиеді, созсаң аяғыңды Алакөлдің суы шаяды. Мұндай қасиетті жер екінің біріне бұйыра бермейді. Қасиеті болмаса адам келе ме?! Сондықтан, көңілге де, дертке де шипа табатын көлдің бағасын білуіміз керек», деп түйді сөзін.
Табыстың көзі көп
Алакөл – бейберекет ошағы. Мұнда екі айлық шомылу маусымында іргедегі ауылдардан бастап алыстағы қалалардан да нәпақа табу үшін арнайы келетіндер көбейген. Бұрын жағалаудағы қарабалшықты сататын қараборбай ауыл балалары көп болса, қазір қала балаларының да аз-кем қаржы тауып қалуға құмбылдығын байқадық. Мәселен, Ернар есімді бала қолына қондырған бүркітімен демалушыларды суретке түсіреді. Шаңқылдаған қыранына күніне бір уақыт шикі ет беретіндігін айтқан Ернар бүркітпен бір мәрте суретке түсу құны 500 теңге тұратындығын жеткізді. Ол Алматы қаласынан келген екен. Айтуынша, көл жағасындағы ауылда жездесі тұрады. Сондай-ақ, қауын-қарбыз сатушылар да сауданың көрігін қыздырып тұр.
– Осы көлдің маңайындағы шаруа қожалықтарының өнімдерін саудалаймыз. Қарбыздың килосы 40 теңгеден сатылады. Алайда, оңтүстік өңірлерден келген өнімдер көп болғандықтан, жергілікті өнімді толық өткізу мүмкін емес. Сондықтан да мұндағы шаруашылықтардың дамуына, ісін ілгерілетуіне мүмкіндік жоқ, – дейді көлге құятын Шағантоғай өзенінің бойына бақша дақылдарын еккен Нұрлыбек Әлиев.
Әрине, жағалауда ұсақ сауданың түрі көп. Оның ішінде суда жүзетін қайықтың түр-түрі мен судағы батуттар, демалушыларға жағалауды аралап жүріп ұсынатын жүгері, құрт-ірімшік, қымыз, самса сияқты тағам түрлеріне де сұраныс жоғары екенін байқайсыз. Сауданың ең ірісі – демалыс үйлері мен қоғамдық тамақтану орындары.
– Біз Семей қаласынан келдік. Бұрын жағалаудағы қарапайым кеңестік асханаларда, вагон мен киіз үйлерде тек қой етінен жасалған сірне мен тандыр нан ғана болатыны есімде. Қазір «Арасан-Алакөл», «Апельсин», «Падишаһ» сынды кейінгі жылдары салынған демалыс орындары мен мейрамханалар заман талабына сай қызмет көрсетеді. Бұл орындарда еуропалық және қазақтың ұлттық ас мәзірін ұсынады. Бізге ұнады, – дейді Тандилия есімді демалушы.
Әлбетте, соңғы жылдары көл жағасында заманауи демалыс үйлері көбейе бастады. Жұлдызды отельдер болмаса да, ішінде барлық жағдайы жасалған бөлмелер сұранысқа ие. Бұл тынығуға келген туристер үшін қолайлы.
Пирс қашан салынады?
Алакөлдің атақты желі – Ебі. Кей күндері секундына 20 метрге дейінгі жылдамдықпен соғатын жел көлдің ақкөбік толқындарын аспанға көтеріп, әп-сәтте ұйқы-тұйқысын шығарады. Ашулы толқындар жарқабақтан аса шапшығанда шыдас беру тіпті де мүмкін емес. Қиғаштай соққан толқын жағадағы жарды үңги береді. Соның әсерінен жағалау жыл сайын 10-20 метрге жылжып, демалыс үйлері су астында қалуда. Осы орайда көл жағалауы мен демалыс аймағын сақтап қалу үшін пирс құрылысы басталған болатын. Алайда құрылысы аяқсыз қалып, жарым-жартылай салынған пирс көлдің көркін бұзып тұр. Мамандар оның тұмсығында суды жарып тұратын қалқан болуы керектігін айтады.
– Жоба бойынша Алакөлдегі демалыс аймағына тиесілі 2 шақырымдық жағалауға 8 пирс салу жоспарланған болатын. Бұл жұмыстар 2008 жылы басталды. Жобаның құны 3 миллиард 800 миллион теңгені құрады. 2008-2009 жылдары жүргізілген құрылыс барысында 600 миллион теңге қаржы бөлініп, игерілді. Кейіннен республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей қалды. Бұл жерде «Казсельбурводстрой» деген семейлік мердігердің де жауапсыздығы да байқалды. Қазір аталған жоба республикалық Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің қарауында жатыр. 2008 жылдан бері баға да өзгергендіктен, жобаға түзетулер мен толықтырулар енгізу керек. Барлық мәселе қаражатқа келіп тіреліп тұр, – дейді бұл мәселе жөнінде Үржар ауданы құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Дидар Хамитов.
Айта кету керек, биылдан бастап көл жағалауындағы демалыс аймағына автобустар кіргізілмейді. Осыған дейін көлдің жағасына келетін автобустардың, жеңіл көліктердің шектен тыс көбеюіне байланысты жағалауға кіріп-шығуы мұң болған. Сондықтан «Алакөл-тазалық» мекемесінің күшімен жағаға 400 метр жетпей автобекет салынды. Аталған бекетке Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей қалаларынан күнделікті 17 автобус келіп тоқтайды. Бұл бекет алдағы жылы ақылы негізде қызмет көрсетпек.
Соңғы жылдары көлдің демалыс аймағы жедел кеңейіп келеді. Бұл – Алакөлге ағылған адамның көптігінің айғағы. Айталық, былтыр көлде 110 мың турист демалған екен. Бұл облыстағы туризмнің 25 пайызын еншілейтін ең үлкен көрсеткіш. Осы мерзімде демалушыларға 438 миллион теңгенің қызметі көрсетілген. Әрине, Алакөл бойындағы барын бере береді, ал Алакөлге біз не береміз?.. Осы сауалға жауап беретін бетбұрыс кезеңі жақын деп сенейік.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы