Биыл Жетісу көктемі жабайы аңдар үшін соңғы 30-40 жылда болмаған өзгеріс әкелді. Соның бір дәлелі ретінде Іле өзені жағалауынан басталып, сан ғасыр тарихын сақтап жатқан тауларда орналасқан «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғат бағында аңдар, әсіресе, қарақұйрықтар еселеп өсті.
«Негізі, түз тағылары көбейерде, я болмаса күрт азаярда егіздете төлдейтіні сан мәрте дәлелденген. Ұлттық бағымыздағы қарақұйрық саны былтырғы жылы 4327 бас еді. Биылғы көктем өте жайлы болып, барлығы 4543-ке жетті. Жалпы санының сақталуымен қатар, өсуінің бірінші себебі аналықтары егізден төлдеді. Бүгінде еш алаңсыз өсуде. Екіншіден, биотехникалық шаралар талапқа сай жасалып, Ұлттық бақ аумағына тұз қою, шөл даладағы тақырларға науа орнатып су құюды да ретімен жақсы қалыптастырдық. Тағы бір айта кетер жайт – құландар мен қарақұйрықтар көптігінен сыймай жатыр деуге болады. Сондықтан құландарды өзге қонысқа жерсіндіру әрекеті жасалуда», деді «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғат бағының бас директоры Халық Баяділов.
Қалай десек те құландар тақ тұяқты, ал қарақұйрықтар аша тұяқты жануарларға жатады. Суаты бір, жайылымы ортақ болғандықтан аң аңдығын істейтіні табиғи заңдылық. Соны ескере білген табиғат жанашырларының бұл қадамын дұрыс түсіну керек. Әрі Іле өзенін бойлап құландар тез жерсінетінін ел де, ғалымдар да айтуда.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Кербұлақ ауданы