Мен мектепте де, институтта да ұстаз мейірімі мен шапағатына мейлінше кенелген адаммын. Әсіресе, Алданыш Нұрымов өмір жолымды дұрыс таңдауыма үлкен ықпал етті.
Біздің алғашқы таныстығымыз «сырттай» болды. Институттың ішектей созылған ұзын дәліздерінің бірінде тұрғанбыз. Кенет «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша оқып жүрген біздің екінші курс студенттері бір-біріне:
– «Біздің жаңа меңгерушіміз келе жатыр», – деп, сыбырласып қоя берді.
Мен де қарадым. Сөйтсем, дәлізбен жүзі ашық-жарқын бір көрікті кісі келе жатыр екен.
Ал жүзбе-жүз кездесуім үшінші курстың семестрінде болды. Ол кезде А.Нұрымов бізге «Шаруашылық ісіне сараптама» курсы бойынша дәріс оқитын. Ол кісінің дәрісінің жүрекке тағылымды, құлаққа жағымды болатыны сонша, тым-тырыс тына қалған аудиториядан шыбынның ызыңы естілетін. Неге десең, ол шаруашылық өміріндегі қызықты мысалдарды теориялық біліммен қызықты үйлестіре білетін. Бұл студенттер үшін кәсіпқойлық пен сабақты терең білудің нағыз үлгісі болып табылды.
Көп ұзамай Алданыш аға менің дипломдық жұмысыма ғылыми жетекші болды. Жетекші болғанда «жоқты тап» деп қиын тапсырманы үйіп тастаған жоқ, мүмкіндігінше шығармашылық еркіндік берді. Оның қысым жасағанын ешқашан сезінген емеспін. Тіпті, ой-пікіріміз үйлеспей жатса да ол өзінің ұстаздық биігінен төмендеген емес. Шалқар көлдей кеңдігінен де тарылған кезін көрмеппін.
Төртінші курста Алданыш аға маған оқуды бітірген соң кафедрада, өзіне ассисент болып қалатынымды айтты. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болатын. Өйткені, біздің курсымызда менен де жақсы оқитындар, сан түрлі қырларымен алға озып кеткендер жеткілікті болатын. Ал «қызыл» дипломға үміткердің саны сегіз еді. Сондықтан мен: ойланайын, – дедім.
Сенбідегі дәрістен соң кейін ауылға тартып отырдым. Әкеммен ақылдастым. Менің жаңалығымды асықпай тыңдаған әкем:
– Ол ақылды және қақ-соғы жоқ дұрыс адам. Сондықтан, ассисентім бол десе, бол. Сенің бойыңнан бір жақсы қасиетті танып, бағалаған шығар, – деді.
Сөйтіп, Алданыш ағамен әріптес болып шыға келдім. Бұрынғы ұстаз бен студент арасындағы көзге көрінбейтін шымылдық та сыпырылды. Міне, сол тұста ???? ???????оның эрудициясының кеңдігін, ғылым-білімге деген қатал талабын, принципшілдігін бұрынғыдан да терең тани бастадым. Кафедрада отырғанда Алданыш аға бұрынғы ұстаздарын жиі еске алатын. Менің бұдан ұққаным, ол өзіне білім беріп, тәрбиелеп өсірген ұстаздарына деген адалдығы екен. Өз жандүниесі, өз сезімі, өз ақыл-парасаты арқылы соны бізге жеткізгісі келеді екен.
Жетпісінші жылдардың аяғында оның педагог, ғалым және кафедра меңгерушісі ретіндегі сарқылмас таланты өркендей түсті. Алданыш ағаның арқасында Мәскеудің қаржы, Алматының халық шаруашылығы институттарымен байланыс жақсара түсті. Кафедраның жас оқытушылары мен аспиранттары үшін бұл өте тиімді болды. Аталмыш институттарға барып, тәжірибеден қиналмай өтіп қайтатын.
Ойлап отырсам, А.Нұрымов сол кезде кафедра оқытушыларының педагогикалық шеберлігін шыңдауға, оны жетілдіруге, ұжымның ауызбірлікті болуына көп күш-қайрат жұмсапты. Сол кісінің еңбегінің арқасында, біздің кафедрада өзара сыйластық пен принципшілдік, жоғары оқу орнына, оның мәртебесіне, есеп ғылымына деген сүйіспеншілік және патриоттық сезім жоғары болды.
Алданыш ағамен бірге өткен еңбек жолым босқа кеткен жоқ. Ол кез сүйікті ұстазыңның тәжірибесінен керегіңше алу, керегіңше қажетіңе жарату, оның өмірлік мұраттарын үлгі тұту, педагогикалық шеберлігінен үйрену деген ғибраттардан тұратын үлкен академия еді десе де болады. Мысалы, мен бүгін ғылым саласында болсын, қызмет бабында болсын азды-көпті табысқа қол жеткізсем, онда Алданыш Нұрымовтың үлкен үлесі бар.
Саламатты өмір салты мен спортты сүйетін, әзіл-қалжыңды ұнататын Алданыш аға осы қарапайым мінезімен-ақ талай биікті бағындыра білді. Ол ғалымдық пен ұстаздықтан бөлек, Жамбыл облыстық компартиясының өнеркәсіп-көлік бөлімін басқарды, Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Одан кейін ары қарай өрлеп, Қазақстан Компартиясы ОК әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасының бас салық инспекциясы бастығының орынбасары, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Іс басқарушысының орынбасары, Президент аппаратындағы қызметі сияқты айта берсек, ұзақ сонар тізімге ұласатын көптеген лауазымды жұмыстар атқарды. Тәуелсіз еліміздің алғашқы Салық заңының әзірленуіне қолғабыс етті. Оған өзіндік ой-тұжырымдарын қосты.
Осындай үлкен ұлағатты еңбек жолынан өткен Алданыш ағаның Қызылорда облысындағы «Сексеуіл» бекетінде дүниеге келгенін біреу білсе, біреу білмес. Темір жол бекетінің бойында туып-өскен қазақтың қайсар баласы сол теміржолмен ары-бері өтіп жатқан пойызбен батысқа қарай батыл жол тартып, Мәскеу темір жол инженерлерін дайындайтын институтқа оқуға түсті. Одан кейін ғылым жолын қуды. Студенттер тәрбиелеп, бір топ көрнекті ғалымдар шоғырына жетекшілік етті. Олар бүгінде өз алдына бір төбе.
Еңбек жайлы сөз болғанда Алданыш Нұрымов әріптестері мен студенттеріне: «Кез келген жұмыс пайдалы болуы керек, бірақ бұл аз, өйткені ол сонымен бірге қызықты болуы керек, бірақ бұл да аз, өйткені ол – сүйкімді болуы керек» дейтін. Өзі де осы тәртіпті ұстанды, бізді де соған үйретті.
Алданыш аға қазір де сол талабынан жаңылған емес.
Мұрат ӘЛИЕВ, экономика ғылымдарының докторы.
Жамбыл облысы.
––––––––––––––––
Суретте: Алданыш НҰРЫМОВ.