19 Ақпан, 2011

Ең төзімді құбыр

727 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
АТЫРАУДА ОСЫ ӨНІМНІҢ ЖАҢА БІР ТҮРІ ШЫҒАРЫЛА БАСТАДЫ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың шақыруымен  тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында ел эконо­ми­ка­сы­на шетел инвестициясын салған тұңғыштардың бірі – «Шеврон» компания­сы. Әлемдік мұнай бизнесіндегі алыптардың бірінен саналатын халықаралық ірі компанияның қатысуымен елімізде 1993 жылы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құры­лып, көмірсутекті шикізаттық қорымен әлемде теңдесі жоқ «Те­ңіз» кеніші игеріле бастады. «Шевронның» Қазақстанмен серіктестігі тек мұнымен шектелмейді. Бұл компания Қарашығанақ кені­шін игеруге де, Қара теңіз жағалауына төтелей тартылған мұнай құбырының іске қосылуына да қомақты инвестиция сал­ды. Сонымен бірге, Елбасының тапсырмасымен Атырауда полиэтилен құбырлары зауытын ашқан еді. Елімізде бұрын дәл осын­дай  ең сапалы әрі осы заманғы технологияның озық үлгісімен құбырлар шығаратын зауыт болған емес-ті. Атырауда 2003 жылдан бері тұрақты шығары­ла­тын полиэтилен құбырла­ры­на тек отандық тұтынушы­лар­дан ғана емес, таяу және алыс шет мемлекеттерден де сұ­ра­ныс­тар көптеп түсетін  болды. Зауыттың бас директоры Мең­діғали Саппаевтың айтуынша, полиэтилен құбырлары қалдық өнім шығару технологиясына негізделген. Өйткені, зауыт әлем­дегі ең жаңа, ең жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зауыттың өндірістік қуаты жылына диаметрі 25 мм-ден 1200 мм-ге жететін, қалыңдығы әр түрлі, жұмыс қуаты 25 атмосфераға жететін 15 000 тонна газ және су құбырларын шығаруға мүмкіндік береді. Полиэтилен құбырларын шығаруды басқару және тех­но­логиялық үдерістерді бақылау  микропроцессорлық техникамен қадағаланады. Зауыт жұмысына ба­тыс елдерінің мұнай және мұ­най-химия саласындағы компанияларда мол тәжірибе жинаған білікті мамандар тартылыпты. Ал полиэтилен құбырлары мен оған қажетті фитингілерінің ауыз су тасымалдауға жарамдылығы мен 50 жылға дейінгі мерзімге төзім­ділігі халықаралық стандарттарға сай екендігі АҚШ, Германия, Анг­лия, Италия секілді елдердің ла­бораторияларында зерттеліп, ар­найы сертификаттармен куә­лан­­ды­рылған. Сол себептен, зауыт­­тың әр түрлі диаметрлік по­ли­этилен құбырлары экспортқа да шығарылып келеді. – Бұл зауыт – «Шеврон» компаниясының Қазақстан эко­номикасын әртараптандыруға бағытталған ең сәтті инвес­ти­ция­лық жобаларының бірі,  – дейді зауыттың бас директоры Меңдіғали Саппаев.  – Біздегі бірегей полиэтилен құбырлары өндірісі экспортқа шығарыла­тын қазақстандық тауарлардың бәсекелестік қабілетін арт­ты­ру­ға, сондай-ақ, ел экономи­ка­сының шикізат өндіруден тыс секторлардың үлесін көбейтуге жасалған оң қадам. Осы зауыттың өндірістік қуа­ты кезең-кезеңмен кеңей­ті­ліп, 2005 жылғы қыркүйекте экструзиялық желілер саны үш­тен беске дейін артты­рыл­ды. Желілердің көбеюі зауыт­тың өнім шығару қуаттылығын 6800 тоннадан 15 000 тоннаға жеткізді. Ал 2007 жылы зауыт­та фитинг шығаратын желі іске қосылды. Атырау полиэтилен құбырлары зауытында Қазақ­станнан және көршілес елдерден түсетін сұранысты қана­ғат­тандыру үшін тағы да ең төзімді құбырлардың жаңа бір түрі шығарыла бастады. Бұл – металл пластикті құбырлар. Сөз арасында қайталағандай болсақ та, дәл мұндай құбырлар Қазақстанда алғаш рет шы­ға­ры­лып отыр. Бұрын елімізге мұндай құбырлар шетелден тасымалда­на­тын. Енді төзімділігі жағынан кемі 50 жылға шыдайтын металл пластикті құбырларды шыға­ра­тын жа­ңа желі іске қосылды. Бұл мақ­сат­қа «Шеврон» компаниясы ша­ма­мен 15,5 миллион АҚШ дол­лары көлемінде инвестиция салыпты. – Атырау полиэтилен құбыр­лары зауытын кеңейту «Шеврон» компаниясының Қазақстан эконо­микасын әртараптандыру және әрі қарай дамытуға қатысты ұзақ мерзімді міндеттемелерін орын­дауы­ның бір мысалы. Бүгінгі таңда біздің зауыт Қазақстанда полиэти­лен құбырларын өндіру бойынша табысты бизнес құру, өндірісті және еңбек қауіпсіздігін әлемдік стандарттарға сай ұйым­дастыру, жер­гілікті жұмысшы­ларды оқы­тып, жұмыспен қамту секілді бас­ты мақсаттарын жүзеге асырып келеді, – деді жаңа өнім шығаратын желінің іске қосылу салтанатында «Шеврон» компа­ниясы Еуразия бөлімшесінің бас­қарушы дирек­торы Джей Джонсон.  – Алайда, біз   қол жеткізгендерімізбен шектеліп қалмай, кәсіпорын қуатын кеңейтуге инвестиция салып, жаңа технологиялар әкеліп жатырмыз. Соның бір дәлелі – металл пластикті құбыр­лар өндірісі. Жаңа өндірістің жобалық қуа­ты – жылына диаметрі 12-110 миллиметрлік 2000 тонна құбыр шыға­руға жетеді. Зауыт маман­дарының түсіндіруінше, металл пластикті құбырлар коррозияға ұшырамайды. Бұл құ­бырлардың жер астын­дағы табиғи құ­былыстарға өте тө­зімділігі зерттелген. Сонымен бірге, бұл зауыт­та енді коммуналды шаруа­шы­лыққа, яғни су, су бұру, газ тарату жүйелерінде кеңінен қолданы­латын құбыр қақпақ­ша­ларын шы­ғару да жоспарланыпты. Мұндай өнім шығаратын зауыт құрылысы биыл басталады. Зауыт құры­лы­сына шамамен 35 миллион АҚШ доллары салынған. Мамандар Қазақ­станда әзірге мұндай қақ­пақ­шалар шығаратын өндіріс жоқ екенін айтады. Жалпы, Қазақстанда полиэти­лен құбырларын шығаратын 12 зауыт болса, соның көш басында Атыраудағы зауыт тұр. Зауыт ұжымы Мемлекеттік техникалық басқару және Құрылыс жөніндегі комитеттермен бірге сумен қам­тамасыз ету, газ тасымалдауға ар­налған полиэтилен құбырлар  өн­діру, оларды сынау әдістері мен қолдану бойынша 20-дан астам қ­а­зақстандық стандарттарды дайын­­дауға бастамашы болыпты. – Қазақстандағы жалғыз сала­лық зертхана тек  біздің зауытта ашыл­ған, – дейді бас директор Мең­діғали Саппаев. – Зертхана қыз­мет­керлері шығарылған өнім түрлері­нің сапа­сын үздіксіз бақы­лап, әр сатып алу­шыға қажетті құ­жаттарды дайындап береді. Біз­дің құбырлар­дың сапа­сының жо­ға­ры­лығы арқа­сын­да еш наразы­лық бол­ған емес. 2007 жылы зауыт өнімдерінің жо­ға­ры сапасы және бизнестегі үздік көрсет­кіш­тері үшін «Еуропалық сапа» ха­лық­ара­лық сыйлығына ие бол­дық. Қазір Атыраудағы полиэтилен құбырлары зауытында 120 қа­зақ­стандық жұмысқа тартылған. Енді олардың қатары  тағы кө­бейді. Мұны облыс әкімінің бірінші орын­басары Болат Дәукенов орын­ды атап өтті. «Ел тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы қарсаңында Атырауда жаңа өндірістің ашы­луы алды­мен, жергілікті жастар­дың тұрақ­ты жұ­мыс­пен қамты­луы­на жол ашты. Екіншіден, по­лиэтилен құ­быр­лар, оларға фитингтер секілді күн­де­лік­ті тұр­мыс­та да, өндірісте де жиі қол­да­нылатын өнімдер өз елімізде өн­дірілетін болды. Жаңа технологиямен өндірілген жоғары сапалы өнімдер бағасы импорт­тық өнім­дер­ден әлдеқайда арзан­ға шыға­ды», деп түйіндеді ойын ол. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК президенті Қа­йыргелді Қабылдин «Металл пластикті құбырлар қазақ­стандық үлесті арттыру үшін таптыр­май­тын өнім», деген пікірімен бөлісті. Осылайша, «Шеврон» компа­ния­сы ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына орай жаңа өндірісті іске қосып, ең төзімді, ең жоғары сапалы өнім шығару үлгісінде үлкен тарту жасады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.