«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауын ұйымдастыру комитетіне келіп түскен материалдардың сапасы көңілімізден шықты. Жыл өткен сайын конкурсқа қатысуға ниет және қызығушылық танытушылардың қатары өсіп келеді. Яғни, бұл – өсу динамикасы бар деген сөз. Осындай байқаулар арқылы әлем жұртшылығы қазақ халқы, оның болмысы, ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктері, Қазақстанның ұстанып отырған саясаты туралы тереңірек білуге мүмкіндік алады».
Кеше Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Бас редакторлар клубы ұйымдастырған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай деді.
Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған байқауға дүние жүзінің 30-ға жуық елінен 60-қа тарта өтінім келіп түсіпті. Бұл жолы Иордания, Ресей, АҚШ, Түркия және Франция елдері журналистерінің бағы жанып, байқау жеңімпаздары деп танылды. Мәселен, қазылар алқасы ТМД елдерінің арасынан Ресей журналисі Марина Набатникованың жазған мақаласын үздік деп бағалапты.
«Аргументы и факты» апталық газетінің тілшісі «Даму үшін жаралған. Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынас қалай дамып келеді?» тақырыбы бойынша жарық көрген мақаласында ол Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық және мәдени ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талдауға тырысқан екен. Сондай-ақ, Франциядағы «HuffingtonPost.fr» онлайн-басылымында шыққан «ЭКСПО-2017: болашақ энергия қандай болады?» мақаласы үшін Паулин Гаврилов, ал АҚШ-тың «Washington Times» газетінде Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасы туралы жарияланған материалы үшін Дуглас Бартон жеңімпаздар қатарын толықтырды.
Бұл жолы Таяу Шығыс және Африка елдері үміткерлерінің арасынан иорданиялық журналист Мохаммед Газалдың «The Jordan Times» басылымында шыққан «Иордания мен Қазақстанның әлемге деген көзқарасы ортақ» тақырыбындағы мақаласы мен Азия елдері журналистерінің арасынан Түркияның белгілі журналисі Куршад Зорлудың «Yeni Cag» газетінде жарық көрген «Еуразияның кілті – Қазақстанның дамуы мен тұрақтылығында» атты жазбасы қазылардың жоғары бағасын алды.
Марапаттау рәсімінің соңында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов аталған шараны ұйымдастыруға демеушілік танытып, қолдау көрсеткендері үшін «Қазақстан Темір Жолы ҰК» акционерлік қоғамына, Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетіне, «Rixos President» және «Rixos Borovoe» қонақүйлеріне, «Арғымақ» көлік компаниясына, сонымен қатар, байқаудың халықаралық серіктесі саналатын «KLM Голландия Корольдігі әуежелілері» ірі әуе тасымалдаушысына алғысын білдірді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»