Бұрын да, қазір де Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан аграрлық өзекті мәселелер бойынша біршама іс-шаралар атқарылып келеді және олардың маңыздылығы еш күмән тудырмаса керек.
Дегенмен, Елбасымыз да бірнеше мәрте айтып келе жатқандай, ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау, көмектер көрсетіліп жатқанымен, олардың қайтарымының ойдағыдай болмай отырғандығы ауыл шаруашылығы ғалым-мамандарын ойландыруы тиіс.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау жүйесінің көптараптылығынан, яғни ауылшаруашылық өнімдері, мал, дақылдар және шаруашылық құрылымдары түрлері бойынша жеке-жеке атқарылуы бұл бағытта мемлекеттік реттеу, бақылау тетіктері тиімділіктерін төмендетіп, ауылшаруашылық өндірісінде еңбек өнімділігі мен өнім көлемін арттыруға бәлендей әсер ете алмай отыр. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей, бұл үрдіс әрі қарай да жалғаса беретін болса, елімізде келешекте, әсіресе, мал шаруашылығы өнімдерін сырттан сатып алу тиімді болатын жағдайға келуіміз әбден мүмкін.
Сондықтан да, мемлекеттік субсидиялау жүйесі үш бағытпен шектелуі керек сияқты. Сондай-ақ, субсидиялау тәртібі, жалпыға түсінікті жағдайларға байланысты, ақшалай емес, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге, олардың меншіктік, құрылымдық ерекшеліктеріне қарамай, мақсатты қызметтер көрсету жолымен атқарылуы тиімді болады.
Демек, бірінші әрі басты бағыт түрлі ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер пайдаланатын жерлердің топырақ құнарлылығын, жайылымдықтар мен шабындықтардың малазығындық құндылығын тұрақты жетілдіріп отыру болуы керек.
Осыған орай, республикалық, облыстық деңгейлерде орталықтандырылған қаржы қоры есебінен бұл шараны арнайы құрылған шаруашылық құрылымдары арқылы атқару тиімді болар еді. Мысалы, бұрын облыстық деңгейде құрылған «Плодородие», «Сельхозхимия», «Сельхозводоснабжение» деген бірлестіктер өңірдің ауылшаруашылық жерлері құнарлылығын арттыруға, суландыруға қатысты мәселелерді оңтайлы шешіп отырды. Субсидиялаудың екінші бағыты – асыл тұқымды мал бастарын, жоғары сапалы дәнді дақыл, малазығындық өсімдіктер тұқымдарын сатып алуға көмек көрсету болғаны жөн.
Үшінші бағыт ауылшаруашылық өндірісін инновациялық өнімдермен қамтамасыз ету деп айтар едім.
Бұл ұсынылып отырған субсидиялау жүйесі ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің түр-түстеріне қарамай өндіріске қажетті жағдайларды қамтамасыз етіп, бәсекелестікке лайықты ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге жол ашады.
Бүгінде тәжірибе көрсетіп отырғандай, шағын, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары жалпы ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін (67%) өндіріп отырғанымен, соңғы жылдары олардың үлес салмағының төмендеуі байқалады. Демек, бұл үрдіс келешекте жалғаса беретін болса, ауыл тұрғындарының қатары сиреп, табиғи таза ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі де азаятыны ақиқат.
Осыған орай бұл проблемаларды шешудің екі жолы ұсынылады: біріншісі – бүгінде ресми емес түрде тауарлы ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын шағын, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарына мемлекеттік қолдау жүйесін қалыптастырып, материалдық-техникалық қамтамасыз етуде жанды көмектер көрсетіп, шағын кәсіпкерлік құрылым мәртебесіне ауысуына (трансформация) ынталандыру, екіншісі – шағын, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары негізінде ауылшаруашылық кооперативтерін құру.
Бүгінде тәжірибе көрсетіп отырғандай, екіншісінің тиімділігі мен тәжірибеде игерілу мүмкіндігі жоғары. Дегенмен, ауылдық елді мекендер көлемінде ауылшаруашылық кооперативтерін, атап айтқанда, жайылымдық жерлер құнарлылығын арттыруға, мал азығын дайындауға және өнімдерді қабылдап, сақтауға, т.б. қызметтер атқаруға қажетті арнайы техникалармен, қондырғылармен жабдықтау үшін айтарлықтай қаржылық көмек қажет болады. Осыдан да болар, кейбір өңірлерде жаңадан қабылданған «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңды орындауды ғана мақсат етіп, «Мал тұқымдарын жақсарту» бағдарламасы есебінен күн көріп отырған саны бар, сапасы жоқ ауылшаруашылық кооперативтері жетерлік. Сондықтан ауылдық елді мекендердегі әлі де болса жете түсінбеушілік жағдайларды ескеріп, үш немесе бесжылдық бағдарлама аясында, бірінші жылы еліміздің әр өңірінде бір-бірден ауылшаруашылық кооперативтерін қанатқақты жоба ретінде, тәжірибелі ғалым-мамандарды қатыстыра отырып құрса, тиімді болар еді.
Кәкімжан САРХАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы