G20 – әлемдегі экономикасы ең дамыған елдердің ірі басқосуы екені барша әлемге мәлім. Тоқсаныншы жылдары Германиядан бастау алған бұл басқосудың дүние жүзі экономикасы мен саяси тұрақтылығына әсер етер ықпалы зор. Біз жер көлемі мен қазба байлығы мол мемлекет болғанымызбен, экономикасы әлемдік қарым-қатынастарға ерекше әсер ететін мемлекет болмасақ та, бізді арнайы осы жиынға шақыртуының өзі күн санап алға озып келе жатқандығымызды, Орталық Азияда санасарлық ел деңгейіне көтерілгендігімізді білдіреді.
Халықаралық кеңістікте өзінің геосаяси орны айқындала бастағандықтан, G20 ұйымы биыл Қытайда өткен басқосуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуын қош көріп, дүниеде болып жатқан өзгерістер мен әлем тынысына өз пікірін қосу мүмкіншілігін алға тартты. Әрине, мұның бәрі Қазақстанның ширек ғасыр шеңберінде атқарған халықаралық еңбегі мен жинаған бедел, абыройының нәтижесі. Қазақстан өзінің Еуропаға жуық саяси өрнегімен, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру саясатымен, әлемде ядролық қаруды тоқтатуға қосқан орасан үлесінің арқасында халықаралық беделге ие болды.
Айта кетейік, бұл жиында көптеген халықаралық күрделі мәселелер талқыланды. Соның ішінде ең маңызды мәселе, ол – әлемдік экономикалық тәртіп тұрғысында Қазақ елінің басшысы ортаға салған мәселе. Мемлекет басшысы әлемдік қалыптасқан қаржылық тәртіптің жаһандық дамуға жағдай жасамайтындығын алға тартты. Мәселен, бір ғана валюта – доллардың басымдығына негізделген қаржылық тәртіптің, әсіресе, дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық жаңару жолына көптеген кедергі келтіретіндігін, басым державалардың әлсіз мемлекеттерге қатысты экономикалық экспансиялау саясатының жаңа бір қырын ашуға мүмкіндік беретіндігін жария етті.
Әлемдік экономикалық тәртіпте дамушы елдердің ілгерілеуіне жағдай жасалып, тиісінше оның шикізаты мен ресурстарын дамыған елдердің жұтып қоюына жол бермеу керектігін Елбасы күн тәртібіне қойды және бұл ұсынысқа «Үлкен жиырмалықтың» басшылары қызу қолдау білдірісті.
Әрине, жаһандық мәселелер бір мезетте шешіле қалады деп ойламауымыз керек. Осындай маңызды ұсыныстар дер уақытында қойылса ғана әлемдік тәртіптің жақсаруына және әділеттілік принципіне бой алдыруына ықпал етері сөзсіз. Осы ретте, әлемдік экономика мен саяси буырқаныстардың белең алған тұсында нақты іске шақырып, күрделі мәселені назарға алуға шақыру күллі әлемнің Қазақстанға деген көзқарасы мен ұстанымын жаңа деңгейге көтереді.
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор
АЛМАТЫ