Елбасымыздың биылғы Жолдауы да еліміздің болашағына деген қамқорлыққа толы. Жолдауда Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында ерекше қарқынды даму үлгісін көрсеткені атап өтілді. 2011 жылдың 1 қаңтарының өзінде адам басына шаққанда ішкі жалпы өнім көрсеткіші 1994 жылмен салыстырғанда 12 есе өсіп, әр адам басына шаққанда 9 мың долларға жетті. Тәуелсіздігін бізбен қатар алған бірде-бір ел әлі мұндай көрсеткішке қол жеткізе қойған жоқ.
Өз Жолдауында Елбасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үлес бере бастағанын ерекше атап көрсетті. Аграрлық секторда да серпінді даму жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлікке кең жол ашылды. Беделді-беделді әлемдік рейтингтерде Қазақстан суырылып алға шықты. Әлемдік банктің 2010 жылғы бағдарламасында Қазақстан бизнес мүддесін қорғау жөнінде реформа жүргізу бойынша көшбасшы деп танылды.
Нұрсұлтан Әбішұлы күн тәртібіне халықтың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған әлеуметтік модернизация және жаңа әлеуметтік саясат мәселесін қойып отыр. Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен тілдерді дамытудың маңызды мемлекеттік бағдарламалары қатарына түбегейлі инновациялық бағдарламаларды алға шығаруда. Олар: жаңа жұмыспен қамту стратегиясы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері. Бұл бағдарламалар халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталып отырғаны бізді қатты қуантады.
Елбасының биылғы Жолдауында әлеуметтік салалар ішінен білім беру ісіне бірінші кезекте көңіл бөлініп отырғаны – бұл еліміздің болашағына деген қамқорлықтың жарқын көрінісі екені сөзсіз. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласында аса ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көшбастаушылар қатарынан көрінді. Өткен онжылдықта білімге бөлінген қаржы он есеге көбейді. Осы жылдары 750 мектеп салынды, 5302 мектепке дейінгі мекемелер, 1117 балабақша мен 4185 балалар орталығы ашылды. Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын жаңа университет өмірге келді.
Ғарыштық жылдамдықпен дамып келе жатқан ұшқыр уақыт бізден білім беруді бір сәт те босаңсытпауды талап етеді. ХХІ ғасыр білімді елдердің ғасыры. Сондықтан өркениетті ел боламыз десек, әлемдік үрдістен қалыспауға тиіспіз. Елбасымыз айтқандай, «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналатын болады. Бұл үшін білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде, 4 жылдық бакалавриат, 2 жылдық магистратура, 3 жылдық PhD докторантура жүйесіне көшіп отырмыз. «Біз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы, – университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз».
Елбасының бұл тапсырмасы біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына да үлкен міндеттер жүктейді.
Қазақстандық университеттер қазіргі кезде дамудың аса жауапты кезеңін бастарынан кешуде: ғылыми қызметкердің мәртебесі өзгеруде, қоғам өміріндегі ғылымның рөлі кеңеюде. Өйткені, білім беру барлық саясатымыздың ұлттық басымдылықтардың бірі болып есептеледі.
«Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоо-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек» – деген болатын Президент Н.Ә.Назарбаев.
Ал бұл білім сапасын арттыру, ұлттық тәрбиені, инновацияларды ендіру, әлемнің басқа жетекші университеттерімен белсенді ынтымақтастықты орнату, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұшқырлығы, қосдипломды білім беруді енгізу арқылы жоғары деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыруымыз қажет деген сөз.
Елбасының Жолдауына орай біздің университетіміз білім сапасын жақсарту, оқытудың кредиттік технологиясын ендіру, инновациялық технологияларды пайдалану, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми зерттеулер нәтижелерін тиімді іске асыру бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда.
Оқытудың кредиттік технологиясын іске асыру мақсатында біздің университет дәріс оқуға шетелдік ғалымдарды тартуға баса назар аударып отыр. Мастер-кластар, дәріс және семинар сабақтарын 30 шетел профессоры жүргізді. Оқытушылардың академиялық ұшқырлығын көтеру үшін барлық жағдай жасалуда: біздің 42 оқытушымыз ПОҚ ғылыми тағылымдамалары стипендиалық бағдарламаларына қатысты. 2010/2011 оқу жылы ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы бойынша 17 және (ITEC) – Indian Technical & Economic Cooperation – Үнді Техникалық және Экономикалық Ынтымақтастығы бағдарламасы бойынша 37 өтінім берілді.
Ұлттық педагогикалық университет болғандықтан, біз педагогикалық білім беру саласында көшбасшы болуымыз керек. Биылғы жылы алғаш рет Білім сапасын талдау және біліктілікті көтеру институтының негізінде педагогика және психология кафедраларының меңгерушілері үшін біліктілікті көтеру бойынша республикалық семинар өткіздік. Біздің университетімізде біліктілігін көтерген басқа жоо оқытушыларының саны артты. Алғаш рет аймақтық жоо-лар үшін біліктілікті көтеру курстары ұйымдастырылды.
Адами ресурстарды дамыту, оның ішінде біліктілікті көтеру жоспарлы түрде жүргізіліп, ол кәсібилікті қалыптастыруға бағытталды. Осыған сәйкес адами ресурстарды дамытуға жаңа көзқарас біліктілікті көтеру жүйесі туралы ережеде айқын көрініс тапты.
Білім беру департаменттерімен және республикалық Біліктілікті көтеру институтымен әрі қарай тығыз байланыста қызмет атқарудамыз, біздің университетіміздің сертификаттары мектеп педагогтарын аттестациялау кезінде ескерілетін ұйымдар қатарына енгізілуіне қол жеткізгелі отырмыз.
«Білім берудегі менеджмент», магистратурада және МВА білім беру жүйесінің басқарушы кадрларды даярлау курстарын ашу, «Ұлттық тәрбие» тұжырымдамасын құру мәселелері біздің тұрақты назарымызда.
Ғылыми орта осы күні жалпыға мәлім тақырыптар бойынша өткізілетін конференциялар мен семинарлардан шаршаған. Сондықтан біз білім беру жүйесінің қызметкерлеріне бағытталған өзекті тақырыптарды қозғайтын арнайы семинарлар өткізуді қолға алдық.
Университет ұжымы қызметінің басты бағдары білім сапасын арттыруға бағытталуда. Сондықтан жұмысты үйлестіру және оңтайландыру мақсатында жалпыуниверситеттік кафедраларды біріктірген жалпы университеттік пәндер орталығы құрылды. Оқу басқармасының жанында бірыңғай диспетчерлер қызметі жұмыс істей бастады. Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жаңартылды: барлық пәндер бойынша жаңа оқу-әдістемелік кешендер жасалды. Білім мен тәрбие үрдісінің сапасын арттыру мақсатында алғаш рет «Ұлттық тәрбие» және «Абайтану», «Білімді ақпараттандыру» пәндері енгізілді. «Информатика» мамандығын ағылшын тілінде оқыту қолға алынды. Оның нәтижелері оқытушылармен келісімшарт жасау үшін негізге алынды. Университеттің барлық оқытушылары кредиттік технология бойынша біліктілікті көтеру курстарынан өтті. Осылайша, оқытудың кредиттік технологиясының негізгі шарттары күннен күнге жетілдіріліп келеді.
«Білім беру» бағыты бойынша университетіміздің бас жоо ретіндегі жұмыстары белсенділендірілді. Университет оқытушыларынан құрылған жұмыс топтары бакалавриаттың, магистратураның, докторантураның 48 мамандығына арналған МЖББС жобасын әзірледі. Жалпы білім беру пәндері циклының жаңа пәндер мазмұны және 12 жылдық мектептің жалпыға бірдей мемлекеттік стандарты мен оқулықтар жасалды.
Болон үрдісі бойынша жұмыстар атқару, оның талаптарын толықтай орындау біздің басты мақсатымыз болып табылады. Кредиттік технология жұмыс берушілердің қатысуын талап етеді. Тәжірибелі педагогтарды дәріс оқуға кеңінен тартудамыз. Жоо педагогтарының жұмыс берушілермен бірлесіп сабақ өткізу мүмкіндіктері бар.
Көрсетілген міндеттердің орындалуы өз деңгейімізді көтеруге, кредиттік технология талаптарына сәйкес нақты білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл жұмыс тәжірибе режімінде жоспарлы түрде сатылай жүзеге асырылуы тиіс.
Студенттердің академиялық ұшқырлығы, пәндер мен оқытушыларды таңдау мүмкіндігі, сабақ кестесін жасаудағы жаңа тәсілдер, оқытушылар үшін офис-сағаты практикасының енгізілуі өз жемісін беретіні сөзсіз. Қазақстан педагогикалық ғылымының көшбасшысы болғандықтан біз ғылым мен білім беруді интеграциялау арқылы мамандар даярлауға бағыт алдық. Осы мақсатпен ғылыми зерттеулер педагогика, психология; тіл білімі, әдебиет, тарих, физика, математика және механика; химия, биология, география және экология; экономика, құқық, саясаттану; философия және әлеуметтану бағыттары бойынша топтастырылды.
Қазіргі кезде университетте 84 ғылыми жоба дайындалып отыр, оның ішінде 14 іргелі тақырып, және ҚР БЖҒМ бойынша 1 қолданбалы тақырып, университет есебінен қаржыландыратын ПОҚ құрамының 44 ғылыми жобасы және студенттер мен магистранттар орындап отырған 25 тақырып дайындалды. Біздегі тәрбие жұмысы студенттер бойында азаматтық және қазақстандық отаншылдықты тәрбиелеу; ұлы Абай мұраларын насихаттау, тағылымын үйрету; ұлттық құндылықтарды дәріптеу, халықтық педагогика ұстанымдарын насихаттау; студенттердің әлеуметтік белсенділіктерін арттыру, өзін-өзі басқаруға баулу; саламатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттерден сақтандыру; студенттердің құқықтық сауаттылығын көтеру; жас таланттарды қолдау және өнерге жол ашу міндеттерін шешуге бағытталып отыр.
«Студенттерді тәрбиелеу» тұжырымдамасының негізгі міндеті оқу-тәрбие жұмысын моральдық-рухани тұрғыдан қалыптасқан, жетік кәсіби дайындығы бар бәсекеге қабілетті тұлғаларды қалыптастыруға бағыттау болып табылады. Күндізгі бөлімде тәрбие жетекшісі институты кеңінен дамыды. Студенттердің жеке этикасы мен адамгершілік мәселелеріне баса назар аударылуда. Тәрбие жұмысының түбегейлі өзгертілуіне байланысты барлық мамандықтардың бірінші курстарында «Ұлттық тәрбие» мен «Абайтану» пәндері енгізілді. Бұл пәндер бойынша бағдарламаға сәйкес студенттердің жеке және ұжымдық тәрбиесіне, сонымен қатар өзара қатынас мәдениетіне және тәртіп этикасына баса назар аударылуда.
Бір өзі адамзаттық бір әлем болып саналатын ұлы Абай ғибраты жоғары оқу орнының тәрбиелік және тәлімдік істерінің арқауына айналған. Екі жылда бір рет «Абай әлемі» фестивалі өткізіледі. Қалыптасқан дәстүр бойынша «Абай айтады...» акциясы ұйымдастырылып, студенттер мен магистранттарға тәрбие жұмысының салалары бойыша ақын шығармаларынан жинақталған кітапшалар таратылды. Зерек, зерделі жастар тартылған «Абай мектебі» клубы жыл бойы үздіксіз жұмыс атқарды.
Биылғы оқу жылында университет студенттері мен магистранттарының әлеуметтік қорғалуына ерекше мән берілуде. Қоғамдық тамақтану орталығы студенттер үшін ең төмен баға саясатын жүзеге асырады.
Ғылым мен білім саласындағы университеттің халықаралық ынтымақтастығы, оның нәтижелерінің оқу үрдісінде кеңінен пайдаланылуы жоғары оқу орнының әлемдік білім беру кеңістігіне табысты енуінің негізгі шарттарының бірі болып табылатыны сөзсіз. Халықаралық деңгейге көтерілудің алғашқы қадамдарының бірі 2010 жылғы қараша айының ортасында университетіміздің ұлттық аккредитациядан табысты өтуі және 2011 жылдың 1 қаңтарына дейін шетелдік халықаралық агенттіктерде аккредитацияның аяқталуы, халықаралық рейтингтерге енуі болып табылады.
Университеттің халықаралық ынтымақтастығы үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар: шетелдік университеттермен екі жақты ынтымақтастық орнату және белсендіру; басқа елдердің елшіліктерімен және тілдік орталықтарымен ынтымақтастық; студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы үшін стипендиялар мен гранттарды беру бойынша ақпараттық қолдау көрсету. Университет Ұлыбритания, Франция, Германия, Чехословакия, Польша, Қытай, Ресей, Жапония, Болгария және т.б. елдердің 100 жоғары оқу орындарымен әріптестік қызмет етеді.
Болашақта қосдипломды білім алуға мүмкіндігі бар Абай атындағы ҚазҰПУ серіктес жоғары оқу орындарымен бірлескен екі жақты білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру бойынша жұмысын жалғастыруда. Қазіргі кезде «Педагогика», «Психология», «Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі», «Практикалық психология», «Арнайы педагогика», «Заңтану» және «Қаржы», «Саясаттану» және «Халықаралық қатынастар», «Әлеуметтану» және «Аймақтану» мамандықтары бойынша қос дипломдық білім туралы шартқа қол қойылып отыр.
Студенттермен, магистранттармен халықаралық алмасулар жүріп жатыр. Екі жақты жоо аралық келісімшарт бойынша, үкіметаралық алмасулар бойынша және халықаралық бағдарламалар бойынша 78 магистрант және 10 бакалавр шетелде білім алып, тағылымдамалардан өтіп келді.
Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы білім беру саласының көкжиегін кеңейтуге жол ашып отыр. Бүгінде оқу орнымыздың профессор-оқытушылар құрамының күш-жігері Жолдау жолдарынан туындайтын міндеттерді шешуге жұмылдырылған.
Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор.