10 Қыркүйек, 2016

Бақытжан Сағынтаев - Қазақстанның Премьер-Министрі

554 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
sag Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Отырыс барысында Мемлекет басшысы Премьер-Министр К.Мәсімов бастаған Үкіметтің отставкасын қабыл алғанын тағы да атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев К.Мәсімовке және Үкімет мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, қызметтеріндегі күрделі кезеңге қарамастан алға қойылған барлық міндеттердің орындалғанын айтты. Конституцияның 44-бабына сәйкес, Елбасы Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасын ұсынды. – Облыстардың, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен өткен Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында жаңа Министрлер Кабинеті шешуге тиісті бірқатар жаңа міндеттер қойдым. Әлемдік экономика мен саясаттың қазіргі тұрақсыздығы жағдайында стратегиялық бағдарламаларымызды іске асыруды жалғастыру маңызды. Үкіметтен барлық бағыт бойынша нақты, сауатты жұмыс талап етіледі. Бақытжан Сағынтаев жаңа Үкімет жұмысының сабақтастығы мен тиімділігін сақтау үшін лайықты кандидатура деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына ұсынылған Б.Сағынтаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады. Б.Сағынтаев көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігері мен білімін жұмсайтынын айтты.   Бақытжан Сағынтаев Қазақстан үкіметінің басшысы болып бекітілді. Оның кандидатурасын Мәжіліс депутаттары мақұлдады деп хабарлайды Егемен-ақпарат. Мемлекет басшысы Бақытжан Сағынтаевты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. «Б.Ә. Сағынтаевты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы» Жарлық Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев   Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың өмірбаяны мен еңбек жолы 1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында туды. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Алма-Ата халық шаруашылығы институтының саяси экономика кафедрасының оқытушысы болып бастады. 1988-1992 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді, ассистент лауазымынан әлеуметтану кафедрасының доцентіне дейінгі жолды өтті. 1992 жылдан 1998 жылға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты. 1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 1999 жылдан 2002 жылға дейін Қазақстан Республикасының Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымдарында қызмет етті. 2002 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2004 жылдан 2007 жылға дейін – Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы болды. 2007 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болды. 2008 жылғы 30 қыркүйекте Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. 2012 жылдың 20 қаңтарында – Қазақстан  Республикасының  экономикалық даму және  сауда министрі   болып тағайындалды. 2012 жылдың 24 қыркүйегінен бастап – «Нұр-Отан» ХДП  Төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті. 2013 жылдың 16 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму  министрі болып тағайындалды. 2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - ҚР Өңірлік даму министрі қызметінен босатылып, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары болып тағайындалды. «Құрмет» орденімен  және мерейтойлық медальдармен  марапатталған. Табиғи монополиялар саласын мемлекеттік  реттеу,  шағын және орта бизнесті дамыту тақырыптарына арналған  бірқатар  ғылыми жұмыстың авторы. Үйленген,   екі баласы бар.