10 Қыркүйек, 2016

«Тынышымды алған кім?»

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
spektakl-4 Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасы экстремизм тақырыбындағы қойылымды алғаш рет сахналады. Облыс басшылығының арнайы тапсырмасы бойынша түсірілген қойылым небәрі бір жарым айдың ішінде дайындалды. Қойылымның алғашқы көрсетіліміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Сондай-ақ, өңірдегі дін өкілдері, теологтар, имамдар да арнайы шақырылды. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театрының репертуарындағы «Есігімді қақ­қан кім?» қойылымының авторы Жабал Ерғалиев, режиссері Нұрлан Жұманиязов. Қойылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ұйып отырған отбасының жалғыз қызы мен күйеу баласының жат ағымның жетегінде кеткені, екінші бөлі­мінде олардың Сириядағы жағ­дайы көрсетіледі. Кемпір мен шалдың көзінің ағы мен қара­сындай бір ұл, бір қызы бар. Бойжеткен тұрмысқа шығысымен үйіне келуді сиретіп, туған қызын ата-анасына тастап кетеді. Содан, ұзақ күттіріп бір күні қызы келеді. Үстіне тұтастай қара киім киген, күйеу баласы сақалын жіберіп, қысқа балақты шалбар киіп алған екен. Қасында Жұбан деген кісі бар. Ерлі-зайыптылар Жұбанның айтқанынан шықпайтыны бірден байқалады. Ақыры олардың Сирияға аттанғаны, ақсақалдың бұл қасі­ретті көтере алмай дүниеден өт­кені, адасқан отбасының жырақта күл-талқаны шыққаны шынайы көр­сетіледі. Сөйтіп қойылым құр сүлдері қалған бейшара қыздың аянышты монологымен аяқталады. – Кейіпкерімнің есімі Гүлнұр. Жат ағымның жетегінде кетіп, әкеден де, шешеден де, бауыр­дан да айырылады. Күйеуі Си­рияда өзін-өзі жарып жіберіп, шынашақтай қызын содырлар зорлап өлтіреді. Ең соңында осының барлығының дұрыс емес екенін түсінген соң, жат ағымның құрсауынан әрең құтылып үйіне оралады. Осылайша, қыздың адасуы салдарынан бір отбасының шаңырағы ортасына түседі. Бұл кейіпкерді сомдау маған өте қиын болды. Жаным ауырып, өзімді қоярға жер таппадым. Дайындықтан кейін 2-3 сағатқа дейін өз-өзіме келе алмай қиналдым. Мұндай жат ағым­ның жетегінде кеткен талай жастың тағдырын ойлап, қатты алаңдадым. Осы қойылым арқылы көрерменге, жастарға ой сала алсақ, ол біздің үлкен олжамыз болар еді, – дейді актриса Жанна Өтеген. Қойылым сәтті шықты. Қазіргі қоғамдағы бітеу жара – жас­тардың теріс ағымның жетегінде кетіп, жақынын жат көріп, ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылықтарды тәрк етіп, қара ниеттілердің соңына ілескендері бір отбасының мысалында анық көрінген. Ата-ананың сағынып күткен қызы үйге қара жамылып кіргенде зал сілтідей тынып, одан әрі не боларын алаңдап күтті. Адасқан күйеу бала мен жандайшап терроршының қылығы, шерменде қыздың жанұшырып жылаған шешесін кеудесінен кері итеріп, жерге құлатып салғаны, асыр салып ойнап жүрген бүлдір­шінді ата-әженің бауырынан жұ­лып алып, азапқа салу үшін әкетіп бара жатқаны көрерменнің көңі­лін, әрине, астан-кестен еткені сөзсіз. – Қойылым өткен жылы дайындалған еді. Бірақ бұл өте күрделі тақырып болғандықтан, көп сүзгіден өткізілді. Содан сахнаға биыл маусым айында ғана шықты. Көрсетілген бойда маған Ақтөбеден ұсыныс түсті. Бірден келістім. Себебі, жастардың жат ағымдарға бой ұруы, оларды құтқару, мұндай жағдайды болдырмау бәріміздің міндетіміз, – дейді қойылым режиссері Н.Жұманиязов. Қойылымдағы басты кейіп­керлерді театрдың ак­терлері Дәурен Нарман, Май­гүл Мұзбаева, Жанна Өтеген, Қадір Құттыбаев, Ке­ңес Кемалбаев сомдады. Театр директоры Нұрлыбек Жұ­батқанның айтуынша, «Ес­ігімді қаққан кім?»  қойы­лымы алдағы уақытта аудандарда, білім ордаларында да көрсетілмек. Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, журналист АҚТӨБЕ