Мәскеуде Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің арасында 2017-2019 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен РФ Мәдениет министрі Владимир Мединский қол қойды.
Қол қойылған бағдарламаға сәйкес, Қазақстан және Ресей енді бейнелеу және сахна өнері, кинематография, кітапхана, мұражай ісі, сәндік қолөнер, көркемөнер, цирк өнері, тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, халық өнері саласындағы ынтымақтастыққа жағдай жасайтын болады. Бұдан басқа, екі мемлекеттің музыка мекемелері мен концерт ұйымдары орындаушылармен, музыка ұжымдарымен және мамандарымен алмасуға, сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шығармашылық одақтары арасындағы байланыстардың кеңейе түсуіне ықпал жасайды.
Қазақстан және Ресей Мәдениет министрлері айтып кеткендей, екіжақты мәдени байланыстарды дамытуда мәдениет және өнер саласындағы білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын кәсіби білім беру ұйымдары және жоғары білім беру ұйымдарының арасында байланыс орнату ерекше орын алады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін тараптар жоғары білім беретін оқу орындарының оқытушыларына мемлекеттердің театр-ойын-сауық мекемелерінің, жоғары білім беретін оқу орындарының, мәдениет пен өнер, ғылыми ұйымдардың негізінде кәсіби біліктілікті арттыру шаралары мен шығармашылық тағылымдамалар ұйымдастырылады деп келісті.
Сонымен қатар, А.Мұхамедиұлы мен В.Мединский қол қойған құжат екі елдің кітапханалары арасында ынтымақтастықты дамыту, мұражай ісі саласында тәжірибе алмасу, Бүкіләлемдік мұраны сақтау аясында жаңа бастамалар, аймақтық бағдарламалар мен стратегияларды ілгерілету мәселелерін қамтиды. Осы орайда Қазақстан және Ресей Бүкіләлемдік мұра нысандарын басқару мен сақтау бойынша мамандарды кәсіби даярлау мен қайта даярлау аясында өзара байланысты қамтамасыз ететін болады.
Қазақстан Мәдениет және спорт министрі ресейлік әріптестеріне Президент туралы фильмнің көрсетілімін ұйымдастырғандығы үшін алғысын білдіруді де ұмытпады.
«Егемен-ақпарат»