10 Қыркүйек, 2016

Өнер мамандарын даярлауға өзгеше көзқарас керек

474 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
img_4239ooТүлектерінің жетістіктері мен ұстаздарының мәртебесі салтанатын асырып тұратын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жаңа ректор тағайындалғанына да биыл екінші жылға аяқ басты. Кез келген мекемеде жаңа басшының тағайындалуымен дәстүрлер жалғасын тауып, заман талабына сай жағымды өзгерістер байқалып жатады. Ел руханиятына қызмет ететін мамандарды даярлайтын шығармашылық бағыттағы оқу ордасының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Нүсіпжанова байыпты мінез, биязы үнімен әңгіме тарқатып, өзінің өнер мен мәдениет мәселелерімен жете таныс екенін байқатты. – Бибігүл Нұрғалиқызы, еліміз­дегі іргелі оқу орын­да­ры­ның бірі Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясына ректорлыққа тағайын­далға­ныңыз сіз үшін тосын болды ма? – Қазақ өнерінің қара шаңы­рағы және таланттар ұстаханасы болып есептелетін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына 2000 жылы ұстаздық қызметке келдім. Өзім фортепиано оқыту­шысымын. Академияда қатардағы ұстаздықтан бастап, аға оқытушы, секция мең­герушісі, факультет деканы секілді сатылардан өттім. «Тосын болды ма?» деген сұрақтың астарында, «қайдан келдің?» деген емеурін жат­қанын түсінемін. Анықтап айт­қанда, өнер әлеміне көлденеңнен қосылған көк атты емеспін. Мен музыкадан жаралып, әуен, әуез әлемінде тәрбиелендім десем, артық айтпаған шығармын деп ойлаймын. Қазақ өнерінің мар­қасқалары Нұрғиса Тілендиев, Мыңжасар Маңғытаев, Әсет Бей­сеуов, Ескендір Хасанғалиев се­кілді әкемнің дос-жарандары жиі бас қосатын өнерлі ортада өсіп, қанат қақтым. – Заманауи жоғары оқу орын­­дарының міндеті – сапалы маман әзірлеу. Шығармашылық оқу орнын басқарудың ерек­шелігі неде? – Қазіргі кезде күн тәртібінде қоғам өмірінің шешуші салаларын жаңғыртуға бағытталған «Ұлт Жоспарына» және әлемде қол­да­нысқа еніп жатқан жаңа бағыттарға байланысты білім беру сапасын жақсартып, жаңа дең­гейге көтеру мәселесі тұр. Жа­қында ғана Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде ашқан әлемдік деңгейдегі жаңа Хореография академиясы да осы мақсатты жүзеге асыру үшін ұйымдастырылды. Ал енді біздің Өнер академиясында сапаны арттыруға деген ұмтылыс дәстүрге айналған. Менен бұрын ректор болған бүгінгі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бірқатар маңызды жоба­лардың негізін жасап кетті. Ол өзінің іргелі ізденісі мен табан­дылығы арқасында академияда докторантураның ашылуына қол жеткізді. Осының нәтижесінде бізде үздіксіз білім беру идеясы жүзеге асып отыр. Академияда 7-сыныптан бастап білім беретін көр­кемөнер мектебі, колледж, бака­лавриат, магистратура және докторантураны қамтитын білім берудің бес сатылық жүйесі жұ­мыс істейді. Талантты және талапты балаларды еліміздің түк­пір-түкпірінен таңдап, мектеп қа­быр­ғасында өнерге баули отырып, колледж, бакалавриат арқылы білікті маман болуына жағдай жасаймыз. Болонья процесіне қосылу Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің дамуына жаңа серпін берді. Әсіресе, академиялық ұт­қыр­лық бағдарламасы. Бұл бағдарлама әлемдік білім кеңіс­тігіндегі ықпал­дастықты арттыру мен сапаны көтеруге бағыт­талған. Осы бағдар­лама негізінде ұстаздарымыз бен сту­денттеріміз халықаралық тәжі­рибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жаңа оқу жылында осы бағдарлама бойынша дизайн мамандығында оқитын студенттеріміз Герма­нияның Аахен қаласына бір семестр тегін оқуға аттанып кетті. Ендігі кезекте ірікте­ліп шығатын топ Оңтүстік Кореяда оқуға дайындалуда. – Елімізде жоғары білімді модернизациялауға және инновация­ларды енгізуге байланыс­ты жобалар жасалып жатыр. Шығар­машылық бағытта білім алып жатқан сту­дент­тердің осы жоба­лар­дағы үлесі қандай? – Академия биыл бірінші рет қашықтан оқыту технологиясын қолға алды. Себебі, жасырудың қажеті жоқ, облыстардағы театр­лар мен филармонияларда жұмыс істейтін жап-жақсы мамандардың кейбірінің жоғары білімі жоқ. Отбасын асырап отырған, жасы отыздан, қырықтан асып кеткен азаматтарға жұмысын тастап, оқу мүмкін емес. Бұрынғыдай сырттай оқытатын бөлімдер бүгінде жоқ, осы олқылықты дистанциялық оқыту жүйесі толықтыра алады деп ойлаймыз. Ауылында отырып-ақ таңдаған мамандығы бойынша дәрістерін интернет арқылы тыңдап, қажетті электрондық оқу­лықтары мен әдебиеттерін тауып оқып, сынақтарын тапсыра береді. Дистанциялық оқу жүйесін жетілдіре отырып, біз өнер тақы­рыбындағы ғалымдардың еңбегі мен кітаптарының элек­трондық нұсқасын әзірлеп, академия сайтына енгізіп, шетінен толықтырып отырамыз. Әрине, бұл оқыту түрі кейбір мамандықтарға келе бермейді. Сондықтан оны маман­дық­тардың ерекшеліктерін ескере оты­рып, жү­зеге асырмақ ойымыз бар. «Болашақ» бағдарламасына келсек, әсіресе, кино саласы бойын­ша білім алғысы келетін ынталы жас­тар жетерлік. Нью-Йорктің Кино академиясында оқып жатқан жас­тарымыз бар. Жалпы, кино са­ласындағы әлемдік мықты мектеп­термен байланысымыз жақсы. Себебі, біз Халықаралық киномек­тептер ассоциациясының мүше­сіміз. Шетелдік университеттердің жо­ғары талап тұрғысынан қа­рай­тыны соншалық, кез келген елдің студенті мен магистран­тын қабылдай бермейді. Ал ассо­циация мүшесі болса, онда көз­қарас басқаша. Әртүрлі жеңіл­діктер қарастырылады, балама жолын көрсетеді, сайып келгенде, қазақстандық талапкер жастарды қабылдауға қарсылығы болмайды. – Академияны бітіріп жатқан түлектердің кейінгі тағдырымен қаншалықты таныссыз? Кадр әзір­леуден бөлек, жұмыссыздық мә­­селесін шешіп, маман тап­шы­­лығын жоюда оның қоғамға бере­тін көмегі қандай? – Көпшілікке белгілі, теорияны өндіріспен ұштастыра отырып оқытатын дуальды оқыту жүйесі деген бар. Дуальды оқыту жүйесінің мынандай бір жақсы нәтижесін айтқым келеді. Астанада белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың жетек­шілігімен «Жастар театры» ашылды. Маман шеберханасында 4 жыл бойы шыңдалып шыққан студенттердің дипломдық спектаклі театрдың репертуарына енгізіліп қана қоймай, олар түгелдей осы шаңыраққа актер болып қабылданды. Биыл ұй­ғыр тобын бітірген студенттер Қ.Қожамияров атындағы Ұйғыр театры­ның актерлік труппасына қызметке алынды. Енді Астанада мюзикл театры ашылады, жас режиссер, академияның докторанты Есләм Нұртазиннің шәкірттері осы театрдың актері болып жұмысқа орналасады деп отырмыз. – Ал дизайн, көркемсурет, мүсін, драматургия, оператор, театртану өнеріне маманданғандар мен қоғамның бұларға деген сұранысы сай келе ме? – Бұл мамандықтарға жыл сайын 5-6 студент қана қабыл­да­нады. Басқа жоғары оқу орын­дарындағыдай емес, біз мектеп бітіруші түлектерді қатаң талап­пен іріктеп аламыз. Осы санаулы студенттеріміз жоғары курстардан жұмыс істей бастайды. Суретші, мүсінші жастарымыз қабілет-қарымына қарай ша­ғын тап­сы­рыстар орындап, әр­түрлі та­қы­рыптағы көрмелерге қаты­сады. Әсіресе, дизайн мамандарына сұ­раныс көп. – Белгілі театр, кино қайрат­керлері өнер адамын, әсіресе, сах­на артисін ақылы оқытудың еш ақылға сыймайтынын айтып, нара­зылықтарын білдіріп жүреді. Тәңір ғана беретін талантты тәрк еткендей, Т.Жүргенов атын­дағы академияның актер ма­ман­дығын ақылы түрде оқытып жатқан­дарын түсінбей дал... – Ата Заңымызда айтылғандай, еліміздің әр азаматы оқуға мін­дет­ті. Мысалы, биылғы жылы 80 студент актер мамандығын таңда­ды. Бірақ олар бірнеше саты­дан тұратын сынақтан сүрінбей тұр­майды. Қатаң талаппен іріктелгені ғана шығар­машылық сынаққа барады. Алайда, осы сынақта жинаған балы белгілеген меже­ден әлдеқайда төмен болып шық­са, ол бала ақылы бөлімге де алын­байды. Өкінішке қарай, өнер­ді кеңестік жүйе дағдысымен өл­шеп, саралау әлі қалмай келеді. Мем­лекеттік грантта оқитын бала­лардың кейбірі 1, 2-курстан бас­тап киноға, жарнамаға түсіп, театр­да сахнаға шығып жұлдыз бо­лып, масаттана бастаса, ақылы оқи­тын балалардың ынтасы олардан әлдеқайда күштірек болады. Жыл сайын ақылы бөлімнен бітіріп шығатын 20 студент 54 театры бар Қазақстан үшін көптік етеді деп ойламаймын. – Әзірге Қазақстан жоғары оқу орындарының тәжірибесінде қолданылғанын естімедік, бі­рақ посткеңестік елдердің бір­қатарында студенттерге сабақ беретін ректорлар бар екен. – Шынымды айтайын, академия – қайнаған тірліктің ортасы. Бос уақыт бола бермейді. Соған қарамастан, магистранттарға ғылыми жетекшілік жасаймын. Ал Өнер академиясының ректоры ретінде мен үшін «қабылдау күні» деген тәртіп те, түсінік те жоқ. Кабинетімнің есігі мәселемен келген барлық студентке, ұстазға, ата-анаға ашық. Академия сайтында «ректор блогы» жұмыс істейді. Егер айтуға жүрексінсе немесе ұяңдық танытса, әр студент өтінішін, шағымын сол блокқа жаза алады. Мен онымен мұқият танысып отырамын. Мұнда оқитын әр студент бір-бір үйдің үміті, шамшырағы болса, біздің академия үшін – ел руханияты мен ақыл-ойын биікке сүйрейтін білікті маман. Ендеше, мұншама үлкен жауапкершілік тұрғанда, бір сәтке болса да ел келешегі үшін еңбек ететін жастардың алдында босаңсуға болмайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ