Орта салмақта WBA (Super), IBO, IBF және WBC бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (35-0, 32 КО) мен жартылай орта салмақтағы IBF белбеуінің иесі британдық Келл Бруктің (36-0, 25 КО) арасындағы жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Лондонда 20 мың адам сиятын аренада өткен айқастың 5-раундында британдықтың секунданты ақ орамал тастады.
Жекпе-жектің бірінші раундында-ақ Брук нокаутқа түсе жаздап әрең қалды. Алайда, екінші раундта ол ширақ қимылдап Головкинге біраз соққысын дәл тигізді.
Үшінші раундта Брук құлап қалған еді, бірақ төреші оның аяғы тайып кетті деп есептеді. Төртінші раундта да қазақстандық боксшы қарсыласын дәл соққылармен төпеледі. Бесінші раундта Головкиннің соққылары британдыққа өте ауыр тиіп жатқаны анық көріне бастады. Брук бұл раундта бірде-бір соққы жұмсаған жоқ. Раунд аяғына жетпей Бруктің бапкері Доминик Ингл орамал бұлғап жекпе-жекті тоқтатуға өтініш білдірді. Алайда, рингтегі төреші оны көрмеді және шуылдан ести де алмады. Сол аралықта Головкин қарсыласына тағы бірнеше соққы жұмсады. Тек секундант орамалын рингке лақтырғаннан кейін ғана айқас тоқтатылды.
Осылайша Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы 36-шы жеңісіне жетті.
Жекпе-жектен кейін берген сұхбатында Головкин «Лондонға, жұртшылыққа, барша жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Келл ірі және жақсы боксшы, оның шеберлігіне және менен қаймықпағанына риза болдым. Бұл мен үшін бір спарринг сияқты болды, қарсылас маған қиындық тудыра алмады. Бруктің бапкерінің шешімін де түсінемін, өйткені ол айқастың аяқталуға жақын екенін көре білді. Енді мен барлық боксшыларды, соның ішінде кіші Юбенкті жекпе-жекке шақырам, бірақ алдымен Билли Джо Сондерспен кездескім келеді», - деді Головкин.