12 Қыркүйек, 2016

Қостанайда жаңа мешіт ашылды (фото)

726 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
12-09-16-kostanai-00 Құрбан айт мерекесі күні Қостанайда жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Бұл Қостанай облысындағы ең зәулім мешіт және сонымен қатар облыс орталығының сәнін келтіретін сәулетті архитектуралық ғимараттардың біріне айналды. Оған бір мезгілде 2200 адам кіріп ғибадат жасай алады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мешіттің ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде соңғы жылдары қазақ халқы үшін ата-бабамыз ұстанған исламның ханафи мазхаб бағытының хақ жолына бет бұрушылардың көбейіп келе жатқандығын атап өтті және мешіттің жастарға рухани тәрбие беретін және дәстүрлі дінімізді насихаттайтын орталыққа айналатынына сенім білдірді. Мұсылмандардың діни басқармасының шешімімен мешітке белгілі уағыздаушы болған және Қостанай және Торғай өңірінде ислам құндылықтарының таратылуына үлкен үлес қосқан Аймағанбет кажы Спанұлының есімі берілді. Мешіттің ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Камалжан Тұрдыбаев арнайы келіп қатысып, жамағатты қуанышпен құтықтады. Мешіттің 2010 жылы басталған құрылысы қаржының жоқтығынан біраз уақыт тұрып қалған болатын. Үстіміздегі жылдың басында ол қайта қолға алынып, мамыр айынан қыркүйек айына дейін қызу жүрген құрылыс жұмыстарының арқасында дайын болды. Мешіт құрылысы демеушілер берген қаржыға салынды. Мешіт ғимараты үш қабаттан тұрады, бірінші қабатында 1450 адамға арналған ерлердің ғибадат және неке қию залдары бар. Екінші қабатында әйелдердің ғибадат жасайтын залы орналасқан. Күмбездік қабатында қосалқы орын-жайлар бар. Жаңа мешіттің кестеленген михрабы және алыстан жарқырайтын алтын түстес бас күмбезі, оюланған есіктері, жұмсақ кілемдері оның сән-сәулетін айшықтай түседі. Ғимараттың жалпы алаңы шамамен 4 мың шаршы метрдей. Мұнарасының биіктігі – 40 метрді, бас күмбезінің биіктігі – 25 метрді және оның диаметрі 12 метрді құрайды. Нәзира Жәрімбетова, ҚОСТАНАЙ 12-09-16-kostanai 12-09-16-kostanai-2 12-09-16-kostanai-1 12-09-16-kostanai-4 12-09-16-kostanai-3