13 Қыркүйек, 2016

Алматының үздік аула сыпырушылары ақшалай сыйлыққа ие болды

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
  aul Тазалық Алматы сияқты мегаполис қаладағы басты мәселенің бірі. Сондықтан қала басшылығы ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен компаниялар да тазалық мәселесіне ат салысып, түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Алматыда осындай шаралардың бірі «Ең үздік аула сыпырушы-2016» байқауының жеңімпаздары Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен салтанатты жиын кәдімгідей қалалықтардың назарын аударды. Бұл байқауды «Нағыз алматыша» қоғамдық қоры  Алматы қаласының табиғатты пайдалану басқармасымен бірлесе отырып, «Эфес Қазақстан» ШС АҚ-ның қаржылық қолдауымен осымен төртінші рет ұйымдастырып отыр. Биылғы байқауда бірінші орынды Бостандық ауданының аула сыпырушысы  Нұряхмет Қуандықов, екінші орынды Әлия Қоңырова (Әуезов ауданы) иеленді. Үшінші орын үш жеңімпазға берілді, олар – Орынбай Жанжігітов, Қасымжан Мәметбакиев (Әуезов ауданы) және Виктор Петров  (Медеу ауданы). Сонымен қатар, басқа да аудандардағы үздік аула сыпырушылардың еңбегі де елеусіз қалмады. Атап айтқанда, Гульнара Юлдашева (Түрксіб ауданы), Светлана Михайлова (Медеу ауданы), Гульсинай Ишназарова (Алмалы ауданы), Мамед Сарымамедоглы (Алатау ауданы), Дархан Мұратбеков (Әуезов ауданы), Николай Самсонов (Бостандық ауданы), Оразбай Кашкеев (Жетісу ауданы), Әмірхан Бейсанов (Наурызбай ауданы) секілді аула сыпырушылар да ескерусіз қалмады. Дәстүрлі жарыс 15 маусымда басталған болатын. 15 тамызға дейін созылған байқаудың бірінші кезеңінде тұрғындардың өздері дауыс берді. Екінші кезеңде «құпия тексерушілер» ең көп дауыс жинаған 30 аула сыпырушының жұмыс аумағына сырттай тексеріп отырған. «Құпия тексерушілер гүлзарлар мен жасыл көшеттердің жағдайына, балалар алаңы мен  көлік тұрағындағы тазалыққа ұпай қою арқылы өз бағасын береді. Үй тұрғындарының пікірі де жеке есепке алынады. Осылайша бірінші орын алған Нұряхмет Қуандықов  200 мың теңге, екінші орындағы Әлия Қоңырова 150 мың теңге және 3 аула сыпырушыға тағайындалатын 3 орын үшін 100 мың теңгеден берілді. Аудан бойынша үздік деп танылған аула сыпырушылар естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген автор aula  aulad   aulada