Мемлекеттік органдар сапалы, түсінікті және қызықты ақпаратты беруі тиіс. Бүгін Астанада коммуникациялық медиа-менеджмент және қаржылық сауаттылық тақырыбындағы семинарда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай деді.
«Өз ісіңнің кәсіби маманы болу өте маңызды. Біз ірі өзгерістер кзеңінде өмір сүрудеміз. Қазіргі заманғы технологиялардың арқасында бүгінгі күннің ақпараттық бейнесі алуан түрлі. Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде толып жатқан оқиғалар көрініс табуда, яғни бұл тұрғыда отандық валюта бағымынан бастап, басқа әлемдегі табиғи апатқа дейін қамтылады. Бізге барлық ақпарат қызықты және оның барлығын білуіміз керек», деп тоқталды министр.
Бүгінде ньюсмейкерлердің саны да айтарлықтай артқанына тоқталған Д. Абаев, әлеуметтік желілер мен қолжетімді гаджеттердің арқасында қызықты ақпараттық авторы ретінде интернеттің кез келген пайдаланушысы бола алатынын жеткізді.
Сонымен қатар министр халықпен тиімді коммуникациялардың тетіктерін ұдайы жетілдіріп отыру керектігін айта келе, «бұған үнемі Мемлекет басшысымыз назар аударуда. Бүгінде мемлекеттік органдар халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға негізделген стратегиялық бағдарламалардың ондаған бағыттарын іске асыруда. Алайда, осындай жұмыстың ақпараттық нәтижесін қанағаттанарлық деп айту қиындау», деді.
Осы ретте Д. Абаев атқарылған жемісті жұмыстар тиісті деңгейде жұртшылыққа жетуі қажет, бүгінгі ақпараттық шынайылықта баршасы тиімді жұмыс істеу керектігін атап өтті.
«Ол үшін мемлекеттік органдар сапалы, түсінікті және адамдар үшін қызықты ақпаратты беруі тиіс, сондай-ақ барынша жеделдік танытып, БАҚ-пен сенімге негізделген іскерлік байланыстарды құру керек», деді министр.
Аталған семинарды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі ұйымдастырып отыр.
Шараға мемлекеттік құрылымдардың топ-менеджерлері, бас редакторлар, баспасөз қызметінің және журналистік пулдың өкілдері қатысуда. Семинар барысында спикерлер ретінде медиа-саладағы беделді адамдар мен сарапшылар шақырылды.