Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында
қаулы етемін:
- Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, оған:
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінен - діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылы салаларындағы;
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен - жастар саясаты саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, құрылсын.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын және құрылған мемлекеттік органдардың штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
- «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:
1-тармақта:
«Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;» деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі;».
- Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
- Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2016 жылғы 13 қыркүйек, №329
Мемлекет басшысы Жарлығымен Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып
Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев тағайындалды. Осы Жарлықпен ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметінен босатылды.