Футзал. Колумбияда басталған әлем чемпионатында Е іріктеу тобына түскен Қазақстан құрамасы 13 қыркүйек күні өткен 1-турда Аргентинаға 0:1 есебімен есе беріп қойды. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды 20-минутта Аламиро Вапораки салды. Енді біздің жерлестеріміз 16 қыркүйекте Коста-Рика, 19 қыркүйекте Соломон аралдары командаларымен кездеседі.
Шахмат. Бакуде 2 қыркүйекте басталған Дүниежүзілік Олимпиадада осы кезге дейін 10 турдың ойындары ойналды. Қазір ерлер құрамалары арасында АҚШ, Украина, Ресей, әйелдер командалары арасында Қытай, Ресей, Польша көш бастап тұр. Біздің жігіттер – 41-ші, қыздар 27-ші орындарға орналасты. Соңғы турда ерлеріміз Моңғолияны 3:1, қыздарымыз испандықтарды 2,5:1,5 етіп ұтты. Жекелей есепте ерлерден Мұртаз Қажығалиев (81-орын), Азамат Өтеғалиев (83), қыздардан Шолпан Жылқайдарова (110), Жансая Әбдімәлік (135) және Гүлмира Дәулетова (143) үздіктердің алғашқы 150-лігінде келеді.
Жеңіл атлетика. Қазақстандық Ольга Рыпакова Брюссельде өткен «Бриллиант лигасының» қорытынды кезеңінде үш қарғып секіруден күміс медальға қол жеткізді. Ол 14,41 метрлік көрсеткіш көрсетті. Алтын медаль тағы да колумбиялық Катерин Ибаргуэннің еншісінде кетті. Ол 14,66 метрге секірді. Ал үшінші орынға 14,16 метрді бағындырған грек қызы Параскеви Папахристу орналасты.
Хоккей. Астананың «Барысы» тізгінін белорус маманы Эдуард Занковец ұстағаннан кейінгі бірінші матчын 9 қыркүйекте өз алаңында Ханты-Мансының «Юграсын» 3:2 есебімен жеңді. Бірақ 11 қыркүйекте Екатеринбургтің «Автомобилисін» қабылдап, 3:4 есебімен ұтылып қалды.
Көшпелілер ойындары. Жарыстың бұл түрінің қорытынды нәтижелеріне өзгерістер енді. Оны ойынның соңғы күні мәреге жеткен түрікмен күресі әкелді. Командалық есепте 27 алтын, 26 күміс және 30 қола медалі бар Қырғызстан бірінші орында қалса, екінші сатыға 15 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль алған Түрікменстан көтерілді. Үшінші орын 14 алтын, 10 күміс және 16 қола медальды Ресей құрамасына бұйырды. Қазақстан командасы 13 алтын, 15 күміс және 15 қола медальмен төртінші орынға жылжып кетті.