13 Қыркүйек, 2016

Головкиннің 36-шы жеңісі

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
golovkinҚыркүйектің 11-іне қараған түні Лондондағы О2 аренасында кәсіпқой бокстан қазақстандық Геннадий Головкин британиялық Келл Брукті техникалық нокаутпен жеңіп, үш нұсқа бойынша өзінің әлем чемпионы деген атағын қорғап қалды.  Шайқас Бруктің жат­тық­тырушысы ортаға ақ сүлгі тас­тауымен тоқтады. Осылайша техникалық нокаутпен жеңіске жеткен 34 жастағы жерлесіміз кәсіпқойлар рингіндегі 36 ұрысын бәрін жеңіспен бітірді. Соның ішінде 33-ші нокаутына қол жеткізді. Бұған қоса, қатарынан 23 рет шайқасын мерзімінен бұрын аяқтап отыр. Ал 30 жастағы Келл Бруктің 37 шайқастағы ең алғашқы жеңілісі осы болды. Ол бұған дейінгі 36 жекпе-жегінің бәрін ұтыспен бітіріп, 25 рет нокаут жасаған еді. Біздің жерлесіміз бірінші раунд­ты қарқынды бастады. Оның алғашқы жойқын соққылары қарсыласын едәуір есеңгіретіп жіберді. Бірақ Келл Брук тез тіктеліп кетті. Екінші раундтың басында Геннадий берген джебті Келл іле-шала қаттырақ соққымен қайтала­ды. Ұрыстың осы бөлігінде бри­таниялық былғары қолғап шебері басымдау көрінді. Деген­мен, оның нөпіріне Голов­кин төтеп берді. Ал үшінді раундта қайтадан қаһарына мінді. Бұл аралықта оның қарсыласы шешуші соққылардан әрең сытылып кетіп жүргендей көрінді. Төртінші раунд қазақстандық спортшының басымдылығы арта түскенін танытты. Енді болмаса есесі кетіп қалатынын сезген Брук соңында таразы басын өзіне аударуға ұмтылды. Сол кезде бірер соққысы жақсы шықты. Мұның бәрі бесінші раундтың басында босқа кеткендей болды. Тағы да белсенділі­гін арттырғысы келген Келлді Генаның ауыр соққылары күтіп тұрды. Олардың жойқын да қауіпті болғаны сондай, Бруктің секунданты ортаға сүлгі тастауға мәжбүр болды. Соңында британиялық атлет­тің өзі жаттықтырушысының бұл әрекетіне ризашылық білдірді. Өзі содан кейін бір көзіне келген зақымға байланысты операция үстеліне жатқызылды. Қазір Геннадийдің келесі жекпе-жегі қараша айында өтіп қалуы мүмкін екені жайлы сөз қозғалып жатыр.