13 Қыркүйек, 2016

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ: Спартакиада бірлікке бастайды

344 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
img_6390Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған бірінші спартакиадасы болып өтті. Сергектік пен шапшаңдыққа жете­лейтін салтанатты шара Ас­тана қаласының 5 спорттық кеше­нінде ұйымдастырылды. Спар­такиаданың ашылу сал­та­натында сөз сөйлеген «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компания­сы» акционерлік қоғамы­ның президенті (Басқарма төрағасы) Сауат Мыңбаев жарыс­қа қатысу­шыларға сәттілік тілеп, спорттық шараның маңыз­ды­лығына тоқталды. «Спорттық шаралар «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы өміріне баяғыдан берік тоқталады. Спортпен бел­сенді түрде айналысатын ҚМГ-ның жиырма мыңнан астам жұ­мыс­шысы арасында жоғары дең­гейдегі спорт шеберлері мен спорт шеберлігі­не үміткерлер аз емес. Көптеген серік­тес компания­лар­да жыл сайын­ғы спартакиада­лар өткізіліп жүр. Мұндай корпоративті шараларды қолдау – ҚМГ басшылығының қағидалық ұстанымы», – деді ол. Жарысқа қатысушылар ша­ғын футбол, волейбол, баскетбол, жүгіру, үстел теннисі, бильярд, дой­бы, шахмат және тоғызқұмалақ сияқты спорттың 9 түрі бойынша бақ сынасты. Айтпақшы, дүбірлі додаға «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының 30 ұйымынан 500-дей адам қатысты. Олардың қатарында ҚМГ компаниялар тобының «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» өңдеу және маркетинг» АҚ, «Маң­ғыс­таумұнайгаз» АҚ сия­қты ұйым­дары мен дербес мекемелер болды. Бүгінде саламатты өмір салтын насихаттау, спорт пен дене тәрбиесіне адамдарды тарту, серіктес ұйымдар қызметкер­лері арасында коммуникациялық байланыс орнату мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сы жылына екі мәрте спартакиада өткізуді қолға алып отыр. Мұның дәлелі – осы ұйымдастырылып отырған спортшылар бәсекесі. Айта кетейік, биылғы жылдың наурыз және шілде айларында аталған ұлттық компания 10 топтың басын біріктіріп, спорттық ойындар жарысының алғашқы кезеңін өткізді. Оған «ҚазМұнайГаз» барлау-өндірудің бизнесі, мұнай тасымалы және газ маркетингі, өңдеу және мұнай маркетингі, мұнай сервисі, бұрғылау және сервистік жобалар бағытындағы 50-дей ұйымнан 2 мың 500 қызметкер қатысып, бірінші турдан сүрінбей өткен командалар спартакиаданың екінші кезеңіне жолдама алды. Енді міне, сақа спортшылар спартакиада төрінде сап түзеп тұр. Айтпақшы, спартакиадаға қатысқан спортшылар ерлер мен әйелдер болып бөлініп, жеке және командалық құрамда өнер көрсетті. Футбол Спартакиаданың алғашқы ойыны шағын футболмен басталды. Серіктес компаниялардан сайланып келген 11 команда жасыл алаңда әдемі ойын өрнегін көрсетті. Финалдық ойын «ҚазТрансОйл» АҚ пен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС арасында өтіп, нәтижесінде 4:2 есебімен мұнай тасымалдаушылар жеңіске жетті.   Баскетбол Баскетболшылар бәсекесіне «Қазгермұнай БК» ЖШС, «ӨБТ ҒЗИ» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «АтырауМӨЗ» ЖШС сынды мекемелерден 7 команда қатысып, «А» және «Б» тобы бойынша бөлініп ойнады.   Волейбол Волейболдан ерлер арасындағы командалардың ойыны тартысты өтуімен ерекшеленді. Алғашқы күні жалпы командалардың 7 ойыны ғана өтті. Бірінші кездесуден-ақ үздік командалар байқалды. Волейбол бәсекесінде «ҚазТрансОйл» спортшылары бірінші орынды жеңіп алды.   Жеңіл атлетика Жеңіл атлеттер жарысындағы әйелдер арасында 100 метрге жүгіруден «ҚМГ БӨ» командасынан Сәбина Ойратқызы топ жарды. Екінші орында – «ҚМГ-Сервис» командасының мүшесі Шолпан Аңсариева. «Өзенмұнайгаз» командасының өкілі Гүлжан Мыңжанова үшінші орынға табан тіреді. Осы қашықтықта ерлер арасында «0SC» ЖШС командасының спортшысы Сапармұрат Нұрмұханбетов бірінші орынды жеңіп алса, «ҚазТрансОйл» АҚ-тан Дмитрий Бутков екінші, «ҚазТрансГаз» өкілі Ғабиден Нұрқасымов үшінші орындарды иеленді. Ал аралас командалар арасындағы эстафетадан ең үздік команда «ҚМГ Өнімдері» АҚ болып танылды. Бұл топтың спортшылары 54.47 секунд уақыт көрсетіп, бірінші орынға, «ҚазТрансОйл» АҚ 55.90 секунд уақытпен екінші, жаңаөзендіктер («Өзенмұнайгаз» АҚ) 56.01 секунд нәтижемен үшінші орынға жайғасты. Шахмат Тақтадағы тайталас қорытындысы бойынша 10 мүмкіндіктен 9,5 балл жинаған «ҚазТрансОйл» командасының өкілі Валерий Аллаяров ерлер арасындағы турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынға «ҚМГ Өнімдері» командасынан Әділет Әділбеков, үшінші тұғырға «Өзенмұнайгаз» команда­сының спортшысы Исламбек Бержалиев жайғасты. Қыздар арасындағы жарыста ҚМГ командасының мүшесі Диляра Исмадиева 10 мүмкіндіктен 8,32 балл жинап, алдына жан салмады «ҚМГ Өнімдері» командасынан Әйгерім Алпысбаева екінші, «ҚазТрансОйл» командасынан Айнагүл Бітішова үшінші орынды жеңіп алды. Үстел теннисі Үстел теннисінен спортшылар бәсекесі Назарбаев Университеттің спорт кешенінде ұйымдастырылды. Додаға қатысушылар бұл жарысқа барынша тыңғы­лықты дайындықпен келгендерін көрсетіп, бір-бірін ұтуға ұмтылып бақты. Шеберліктерін көрсетіп, тен­нистің түрлі сынағынан өткен кәнігі спортшылар секілді сайыс көрігін қыздырды. Бильярд Спартакиаданың тағы бір спорттық шарасы тастаяқ ұстаған тарландар арасында өтті. Яғни, бильярд бәсекесінде «ҚазТрансОйл» АҚ пен «Қазақтүрікмұнай» ЖШС командалары бас бәйге үшін ақтық сында таласқа түссе, үшінші орын үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ пен «Ақтаунефтесервис» ЖШС бақ сынасты. Екі күн бойы жекелей және топтық құраммен тартысқа түскен спортшылар бәсекесінің соңғы түйіні қойылды. Жалауын желбіреткен спартакиаданың жабылу салтанаты да келіп жетті. «Тарлан-Астана» спорт кешенінде шара­ның қорытынды кеші өтті. Марапаттау сәтінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Серік Әбденов спортшыларға белсенді өмірлік ұстанымдары үшін алғыс айтып, жеңісті жолдар тіледі. «Жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. Сіздер осы спартакиа­да кезінде тамаша ойын көрсетіп, жеңіске жету үшін шын шеберліктеріңізді көрсеттіңіздер. Барлықтарыңыз да жақсы спортшысыздар. Мен сіздерді Тәуелсіздік мерекесімен және Мұнайшылар күнімен құттықтаймын! «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығы қашанда саламатты өмір салтын берік ұстанған спорт­шылардың басын біріктіріп, спартакиада өткізіп тұруды дәстүрге айналдырып келеді. Келесі жылы да осындай спартакиада өткізілетін болады. Тағы да жеңістеріңіз құтты болсын, спортшылар!» – деді Серік Әбденов. Мұнан соң үздік командалар мен спортшыларды марапаттау рәсімі өтіп, соңында «ҚазМұнайГаз» қызметкер­лерінің көркемөнерпаздары мерекелік концерт қойды. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан» img_7705 img_7418-1