14 Қыркүйек, 2016

Жұлдызды шаққа жолдама

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
astana-opera-teatry«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында ІІІ Халықаралық балет әртістерінің байқауы басталды. Халықаралық байқау Мәдениет министрлігінің қолдауымен бұған дейін екі рет өткізілгені белгілі. Оның бірі 2006 жылы, екіншісі 2009 жылы ұйым­дастырылған. Енді араға жеті жыл салып, үшінші халықаралық байқау шымылдығын ашты. Оның құрыл­тай­шысы әрі ұйымдастырушысы – соңғы жылдары еліміздің хореография өнерін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры». Ал бас серіктесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры болып отыр. Байқаудың ашылуына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы қатысты. Ол Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың Қазақстан мен Ресейден, Орталық Азия мен Еуропадан, Жапония­дан келген 17-25 жас аралығындағы жас әртістерге табыс тілеген құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда мәдениет ұлттың рухани болмысы, жаны, ақыл-парасаты екені айтылған. Сондай-ақ, халықаралық маңызды байқаулардың жас бишілердің өнерін кәсіби шыңдауға ықпал ететіні, елімізді өркениет биігіне жетелейтіні баяндалған. Байқаудың жүлде қорында әйелдер мен ерлер арасында (жеке-дара) Гран-при, бірінші, екінші, үшінші орындар сыйлықтары және бірнеше ынталандыру жүлдесі бар. Олар үздік дуэт, «Үкі­лі үміт», заманауи хореография­ны үздік орындаушы аталымдары бо­йынша беріледі. Сондай-ақ, «Петип мұрасының қоры» мен Братислава Ұлт­тық театры (Словакия) да байқауға арнайы сыйлық тағайындап отыр. Осы сыйлықтың иегері 2016-2017 жылдары Братислава театрының сахнасында Мариус Петиптің «Корсар» балетінің әйел немесе ер адам партиясының басты рөлін орындау мүм­кіндігіне ие болады. Айта кетейік, байқаудың қазылар алқасына қазіргі балеттің белді тұлға­лары еніп отыр. Олар – Мажарстан ұлт­тық балетінің директоры, керемет биші әрі хореограф Тамас Золимози, Бейжің би акаде­миясының профессоры, Қытай ұлттық би қауымдастығы балет комитеті­нің атқарушы вице-президенті Сяо Су­хуа, дарынды хореограф, әйгілі балетмейстер Иржи Килианның ассистенті Стефан Жеромский, италиялық балетмейстер Луиджи Бонино, «Dance Open» халықаралық балет фестивалінің негізін қалаушы Василий Медведев, Балет конкурстары халықаралық федерациясының бас директоры Сергей Усанов. Ал қазы­лар алқасының төрайымы – Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»