13 Қыркүйек, 2016

Дәстүрлі байқау мәресіне жетті

476 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
mereyli-otbasyОтбасы – береке-бірлігі, тәлім-тәрбиесі қалыптасқан қағидасымен, асыл қасиеттері арқылы өзгелерге өнеге болар шағын мемлекет. Адамзат баласының тәрбие алып, тіршілікпен танысар алғашқы бастау бұлағы ол өзінің отбасы екені айдан анық. Отанымыздың өркендеп дамуына өзінің үлесін қосатын бірден-бір күш десек болады. «Отан отбасынан басталатынын» ескерсек, алдымен Отанды құрайтын отбасы мықты болуы шарт. Ол үшін отбасылық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде жандандыру, үлгілі отбасыларды насихаттау жұмыстары жолға қойылуы қажет. era_9632Осы мақсатта, 2013 жылдан бас­тап Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып жарияланып, келесі жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының тұсауы кесілді. Байқауға алғашқы жылы 1298 отбасы қатысса, өткен жылы бұл көрсеткіш 2285-ке өсті. Ал биыл 2501 отбасынан ұсыныс түсіпті. Олардың қатарында жетім-жесірге қорған бола білген қайырымды жандар мен көпбалалы отбасылар, бір шаңырақ астында бірлігі жарасқан көпұлттылар мен ата-дәстүрді жалғастырған түрлі династия өкілдері бар. Бұл байқаудың алғашқы жеңімпаздары – Бимахамбетовтер отбасы. Елтай Бимахамбетұлы мен оның зайыбы 8 бала, 33 немере, 10 шөбере тәрбиелеп өсірген. Балаларына жоғары білім беріп, мәдениет саласының дамуына үлкен үлес қосты. Оңтүстік Қазақстан облысының мерейін асырған Бимахамбетовтер 2014 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан арнайы диплом мен қазақстандық шағын автобустың кілтін алды. Дәстүрге айналған бұл шара өткен жылы да жалғасын тауып, маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы жеңімпаз атанды. Әулеттің басшысы Орын Құлсариев ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, қазақ өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан домбырашы. Жұбайы екеуі 12 баладан, 43 немере, 41 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Ұлттық байқауда үздік деп танылған отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының арнайы дипломымен Қазақстанда шығарылған шағын автобустың кілтін алды. Биыл да үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған ұлттық байқаудың ақтық сайысына Астана мен Алматы қалаларын қосқанда 16 аймақтың жеңімпаздары жиылып отыр. Олардың барлығы да «Мерейлі отбасы» деген атқа лайық. Алайда, байқаудың шарты бойынша талғам мен талап бір ғана жеңімпазды таңдайды. Жеңімпаздарды іріктеуге sms хабарламалар және интернет-ресурс арқылы, интерактивті дауыс беру жолымен елдің барлық тұрғындары белсенді түрде қатысты. Биылғы жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Елбасының құттықтау хатын оқып берді. «Әрбір отбасы біздің басты мақсатымыз – Болашағы біртұтас Мәңгілік Ел болу жолында мемлекетімізді нығайта түсуге баға жетпес үлес қосады. Отбасылық құндылықтары бекем орныққан ел ғана мызғымас мемлекет бола алады. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлық отбасына ризашылығымды білдіремін», – делінген құттықтауда. Салтанатты іс-шара аясында Мем­лекеттік хатшы мәреге жеткен әр отбасына грамота мен диплом және тұрмыстық техника сатып алуға арналған 300 мың теңгелік сертификат тапсырды. Қыркүйектің 2-сі мен 9-ы аралығын­да интернет арқылы sms дауыс беру бойын­ша өткізілген конкурстың финал­дық турында жеңімпаз отбасы анық­тал­ды. Ақтөбе облысынан қатысқан Нұсқабаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының 2016 жылғы лауреаты атанды. Отағасы – Ұлы Отан соғысының ардагері, ол 46 жыл бойы ауыл мектебінде ұстаздық еткен. Ерлі-зайыпты Нұсқабаевтардың шаңырақ көтергеніне 72 жыл толып, 10 бала, 31 немере, 22 шөбере сүйіп отыр. Балалары мен немерелері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Ұлттық байқаудың жеңімпазы болған отбасына Мемлекеттік хатшы естелік сыйлық пен шағын автобустың кілтін салтанатты түрде табыс етті. – «Елдің тыныштығы мен тату­лығына ерекше мән беріп, отбасылық құн­дылықтардың құлдырамауын қадағалап, осындай ұрпаққа қажетті ұлттық бай­қау­лардың өтуіне бас-көз болып, бізге құрмет көрсетіп жатқан Елбасына ең бірін­ші алғысымды айтамын. Бала­ларым­­ның ішінде, немерелерімнің ішін­де жоғары оқу орнын бітіріп, түрлі қыз­мет атқарып жүргендері жетерлік. Оның бар­лығы тәуелсіздігіміздің арқасы десем, артық айтқандық болмас. Еліміз қазір Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын той­лау­ды бастап кетті. Бұл кірпік қақ­қан­­дай уақыт. Осы жылдар ішінде Қазақ­­стан­ды дүние жүзі танып-білді. Отан­ның мықты, мығым болуында отба­сы­ның орны айрықша. Сондықтан әрбір адам осы жауапкершілікке адал­дық­­пен қара­ған­дары абзал», деді жеңім­паз от­басы­ның ақсақалы Абдулла Нұсқабаев. Халқымыз әкені асқар тауға бала­ған, «Жұмақ – ананың табанының астында» деп санаған, «Бала – бауыр етің», деп ұрпағына айрықша қамқор­лықпен қараған. Аталған байқау осы сал­тымыз­ға салғырт қарамауға жетелейді. Сон­дық­тан да үздік шыққан үлгілі отбасылар­ды насихаттауға атсалысып келе жатқан жобаның желісі үзілмесін деп тілейміз. Марапаттау рәсімі Қазақстанның эстрада әртістерінің қатысуымен мерекелік концертке ұласты. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» АСТАНА Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»