14 Қыркүйек, 2016

Дзюдодан қыздар құрамасын шетелдік маман жаттықтырады

384 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
   maratbek

Қазақстан Дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Маратбек Мықтыбековпен сұхбат

– Маратбек Сәменбекұлы, әңгімемізді Олимпиада ойындарынан бастасақ. Рио Олимпиадасында жоспар орындалды ма?

– Риодан екі медаль аламыз деп жоспарладық. Медаль көлемі бойынша жоспар орындалды. Бірақ, алтын аламыз деп үміттенген едік. Алтынға бір табан жақындағанымызбен, бұйырмады. Елдос Сметов финалға дейінгі қарсыластарына есе жіберген жоқ. Финалда да осал қарсылас емес екендігін көрсетті. Негізгі уақытта Елдос қарсыласына айла-тәсіл қолдануға мүмкіндік бермеді. Қосымша уақытта мүлт кетті.

Өздеріңіз білетіндей, Галбадрах Отгонцэцэгті Моңғолиядан арнайы бапкерімен шақырттық. Ол бір жыл ішінде рейтингті нөл ұпайдан бастап, Олимпиадада қола жүлде әкелді. Риода дзюдошыларымыз екі медальмен Қазақстан дзюдо тарихында болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Бұған дейін Олимпиада ойындарында дзюдодан Асхат Жіткеевтің күмісі ғана болса, биыл тағы бір күміс, бір қола медаль қосылды.

Дидар Хамза Олимпиадаға дайындалмаған еді

– Дегенмен, Галбадрах Отгонцэцэг біздің мектептің түлегі емес қой. Ендеше мақсат толық орындалған жоқ деп есептесек болады емес пе?

– Екінші медальді Раков Максимге жоспарлаған болатынбыз. Себебі, оның дайындығы өте жақсы еді. Күрделі жоспармен өзін жеке дайындадық. Өкінішке қарай, татамиге шыққанда психологиялық әлсіздік танытты. Жалпы, тең күрес болды. Жеке пікірім, төреші екі жаққа бірдей назар аударып, күресуге мүмкіндік беруі керек еді.

Қалған спортшылардың белдесуі туралы не айтасыз?

– Жансай Смағұлов, Дидар Хамза, Максим Раков те финалистерге ұтылды. Жеребе тартылғанда Жансай өз салмағында басты фаворит саналатын Әлем чемпионы Ан Баулмен бір топқа түсті. Алғашқы қарсыласынан өткенімен, Жансай Ан Баулға есе жіберді. 73 келіде сынға түскен жас палуанымыз Дидар Хамзаның күресі жақсы болды. Дидардың күресіндегі төрелікке келіспеймін. Менің ойымша, екінші белдесуінде біздің палуанғаа ескертуді орынсыз берген сияқты. Әйтпесе, осал күрескен жоқ. Әзірбайжандық қарсыласына ескерту санының көптігімен ғана есе жіберді. Бізден де бір қателік кетті. Біз Дидарды Олимпиадаға дайындамаған едік. Ойындардың басталуына санаулы күн қалғанда Дидарға Халықаралық дзюдо федерациясынан Рио Олимпиадасынан жолдама келді. Егер бұл палуанымызды тікелей Олимпиадаға дайындағанымызда нәтиже басқаша болар ма еді? Мариан психологиялық тұрғыдан дайын болмады деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл қарсыласымен Азия чемпионатында белдесіп, ұтқан болатын. Барлық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, физикалық тұрғыдан дайындығы өте жоғары болған еді. Жалпы қыздардың күресі бізде ақсап тұрғанын мойындаймыз.

– Қазір дзюдошы қыздарымызға не жетіспейді?

– Физика, техника жетіспейді. Материалдық тұрғыдан қыздарға барлық жағдай жасалған. Құлшынып тұрған жастар да жетерлік. Бірақ қыздар күресінде жаттығулар басқаша болуы керек. Біз қазір нақты қай әдіспен дайындарымызды білмей отырмыз. Жақсы маманның қолына тапсырсақ, нәтиже де жақсарады деп ойлаймын.

Энхбаатар Дашжамц қыздардың бас бапкері болады

– Демек, бапкерлер құрамы өзгереді ғой?

– Федерация басшылығы және бапкерлер құрамымен отырып ақылдасатын боламыз. Әрине, қыздар күресінде бізде түбегейлі өзгеріс болады. Әйелдер құрамасын шетелдік маман – Галбадрах Отгонцэцэгтің жеке бапкері Энхбаатар Дашжамцқа тапсырамыз. Ұлттық құраманың бас жаттықттырушысы, кеңесшісі ретінде жаңа жылдан бастап іске кіріседі.

– Энхбаатар Дашжамцтың шәкірті Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан сапында қашанға дейін күреседі?

– Галбадрах Отгонцэцэг қазақ еліне риза деп ойлаймын. Оңтүстік өңірі бауырына басып, чемпионға лайықты құрмет көрсетіп жатыр. Тікелей өзінен сұраған жоқпын, бірақ, карьерасының соңына дейін Қазақстанда қалады деп ойлаймын. Отгонцэцэг Қазақстанға келгенге дейін өз салмағы бойынша Моңғолияда нөмірі екінші спортшы еді. Бізге келген соң іріктеу сындарында жақсы көрсеткішке жетіп, 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемнің ең үздік он спортшысының қатарына кірді. Қазақстанға бапкерімен әкелген уақытта «Неге өз палуандарымызды дайындамайсыңдар? Шет елдің спортшысы бізге керек пе?» деген сияқты сын айтылды. Алайда, бұл халықаралық тәжірибе. Дзюдо бізде енді дами бастаған спорт. Сондықтан оның іргетасын мықты мамандармен берік қалау керек.

– Қазақстанда 60 келіде басты фаворит – Елдос Сметов. Рустам Ибраев Елдостың көлеңкесінде қалып қоймайды ма?

– Біз Рустам Ибраевқа 66 келіге ауысуға ұсыныс жасадық. Бірақ ол осы салмақта қалғысы келді. Қай салмақта күресетінін әр спортшы өзі шешеді. Тек ұсыныс жасаймыз, оны қабылдаған жағдайда спортшының пікірімен санасып әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Спортта бақ пен бап қатар жүреді ғой. Іріктеу турнирлерінде Рустамға кішкене бап жетіспегені анық. Біз Рустам мен Елдосты бөліп-жармаймыз. Екеуі де рейтинге көш бастап тұрған шеберлігі өте мықты дзюдошыларымыз. Мүмкін, келесі Ойындарда Рустам топ жарар. Қазақстанда жеңіл салмақта бәсеке өте жоғары. Жастар арасындағы әлем чемпионы Мағжан Шамшидин, жастардан Олимпиада ойындарының чемпионы Бауыржан Жауынтаев жаңа жылдан бастап  қосылады.

Аса ауыр салмақта мықты палуандар жоқ

– Қалған салмақтардағы бәсекелестік жөнінде не айтасыз?

– 60 келіде Елдос Сметов пен Рустам Ибраев болса, 66 келіде Жансай Смағұлов, Елдос Жұмаханов, Азамат Мұханов. 73 келіде Дидар Хамзамен бірге күресетін тағы екі жас балуанымыз бар. Олар – Шаймерденов Бекәділ мен Сембаев Мадияр. 81, 90 келіде де жақсы күресетін жас балуандар жетерлік. Алдағы уақытта жастармен жұмысты күшейтеміз. Ал аса ауыр салмақта спортшылар жоқтың қасы. Жастардан ерекше көзге түсіп жүрген Никита Азаров тынбай еңбектенсе, біраз жерге барады.

– Ауыр салмақ демекші, осы салмақта күресіп жүрген Максим Раков әрі қарай күресін жалғастыра ма?

– Мұны Максим өзі шешеді. Бірақ, қандай шешім қабылдағаны жөнінде ешқандай сөз қозғалмады.

– Жастар сапында белсенділігімен көзге түскендер, ересектер сапына ауысқанқанда көрсеткіштері нашарлап жатады. Осының себебі неде?

– Жастар құрамасынан ересектер құрамасына ауысқанда кейбіреулері штаттық құрамаға кіре алмай қалады. Содан кейін спортшы артқа кете бастайды. Штаттық құрамада болмағаннан кейін спортшы көп жарысқа қатыса алмайды, жаттығулардан қалатыны тағы бар. Сосын қолды бір сілтеп, спорттан кетіп жатады. Жастар мен ересектер арасында байланыстың болмауынан да мәселе туындайды. Біз ересектер құрамасында осындай ыңғайсыздық болмас үшін жастар мен ересектерді бірге жаттықтырып жүрміз. Нәтижесінде жастар ортасына үйреніп, сол атмосфераға дағдыланады. Дәл осы тәсілмен жұмысымызды жалғастыратын болсақ, Токио Олимпиадасына дейін төрт жыл ішінде барлық салмақтан спортшы дайындап шығуға толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Жаңа маусымнан бастап федерация басшылығы мен бапкерлер тарапы осы бағытта ақылдасып, іске кіріседі.

Алматыда Дзюдо академиясы жұмысын бастайды

– Спортшыларға психологтардың да көмегі орасан зор екені анық. Жалпы дзюдошылардың психологтармен байланысы қандай?

– Спортшыларымыздың психологпен жұмысы жақсы. Шет елден осы іске арнайы маман шақырған болатынбыз. Нәтижесінде халықаралық үлкен турнирлерде дзюдошыларымыздың көрсеткіші жақсарды. Байқасаңыз, қазақстандық спортшылар татамиге өте сабырлы шығады. Ұтса да, ұтылса да күресті сабырлы эмоциямен аяқтайды. Мұны қазақ спортшыларының бойына біткен бір биязылық деп бағалаймын.

– Жақында ашылған тұңғыш дзюдо академиясы жұмысын қашан бастайды?

– Алматыдағы дзюдо академиясы көктемде ашылды. Ғимарат құрылысы 100% аяқталды, қазір құжаттарын реттеп жатырмыз. Жаңа академия барлық халықаралық талаптарға сай. Спорт кешенінде 4 татамиге арналған зал, тренажер залы, 100 адамға арналған жатақхана мен асхана бар. Ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының ғана спортшылары емес, дзюдо күресіне енді қызығушылық танытқан жеткіншектер де жаттығатын болады. Аймақтағы жас спортшылармен жұмысты жандандырамыз деп алдымызға жоспар қойдық. Академияда халықаралық дәрежеде оқу-жаттығу жиындары, шетелдік мамандардың қатысуымен семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды көздеп отырмыз.

– Қазір Риода Паралимпиада ойындары өтуде. Қазақстан құрамасынан қатысып жатқан дзюдошыларға қандай баға бересіз?

– Паралимпиада, сурдолимпиадашылардың дайындығы мен негізгі құраманың дайындығы бірдей. Бір тактикамен жаттығады. Бірақ, халықаралық оқу-жаттығу жиындарына аз барады. Оларды назардан тыс қалдырмаймыз. Жарысқа шығатын кезде барынша қолдаймыз. Елімізде дзюдоның барлық түрі қарқынды дамып келе жатыр. Жақында сурдо-дзюдошымыз Айдос Түгелбаев Әлем чемпионатының қола жүледегері атанды. Одан бөлек, Ануар Сариев пен Құралбай Орынбасар Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Осыған дейін паралимпиада ойындарына дзюдошылар қатыспаған болатын. Бұл  Қазақстанда дзюдоның дамығандығын көрсетеді.

Қорытынды ретінде айтарым, Токио Олимпиадасында жоғары нәтиже көрсету үшін негізгі жұмысты қазірден қолға алғанды жөн санадық. Рио Олимпиадасы аяқталғанда құраманың кеңесшісімен ақылдасып, келесі ойындарға дайындықты биылдан қалдырмай бастайтын болып шештік.

Сұхбаттасқан Әйгерім Тоқсанбек