Велоспорт. Испанияда «Вуэльта» көпкүндігі мәреге жетті. Оның қорытындысында дат Магнус Корт Нильсен – бірінші, италиялық Даниэль Беннати – екінші, бельгиялық Гианни Мерсман үшінші орындарды алды. «Астана» велошабандоздары сапынан ең үздік көрсеткіш көрсеткен Андрей Зейц көмбе сызығын 32-інші болып қиды.
Осы күндері Канадада «Гран-при Монреаль» жарысы да болып өтті. Ұзақтығы 205,7 шақырымға созылған бұл бәйгеде Рио Олимпиадасының чемпионы, бельгиялық Грег ван Авермат алдына жан салмады. «Астана» клубы мүшелерінің арасындағы ең жақсы көрсеткішке жеткен Танел Кангерт 21-ші орын алды.
Футбол. Қытайда аяқталған «Төртеудің турнирінде» Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы барлық кездесулерінде ірі есеппен ұтылып, ең соңғы орында қалып қойды. Бас жаттықтырушы Серік Әбдуәлиевтің шәкірттері алдымен мексикалық құрдастарынан 0:6 болып тізе бүксе, алаң иелеріне 0:3 есебімен есе жіберді. Соңғы ойында біздің команданы Иран құрамасы 5:1 етіп күйрете жеңді.
Кеше сондай-ақ, Словения Футбол ассоциациясының басшысы Александр Чефериннің УЕФА президенті болып сайланғаны белгілі болды. Сайлау 14 қыркүйекте Афина қаласында өтті. Онда 55 федерация өкілдерінің 42-сі жаңа президентке, 13-і оның нидерландтық қарсыласы Михаэль ван Прагқа дауыс берді.
Волейбол. Филиппиннің Бинан қаласында Азияның әйелдер жасақтары арасындағы клубтық чемпионаты көмбеге жетті. Бас бәйгені финалда Қытайдың «Байя Шэньчженін» үш партияда ұтқан жапонның «НЕК Ред Рокетс» командасы жеңіп алды. Ал үшінші орын үшін таласта Өскеменнің «Алтайы» Таиландтың «Бангкок Гласынан» 2:3 есебімен ұтылды. Матчтың басында біздің жерлестеріміз 2:0 етіп ұтып тұрды. Бірақ содан кейін ойын тізгінін қолдарынан шығарып алды. Турнирде құрлықтың 12 күшті клубы күш сынасты.
Баскетбол. Иранның астанасы – Тегеранда ерлер құрамалары Азия Кубогы екінші кезеңінің ойындарын өткізіп жатыр. Мұнда Е тобына түскен Қазақстан баскетболшылары филиппин жігіттерінен 86:98 есебімен жеңіліс тапты. Мұның алдында олар бірінші кезеңде Иорданиядан 71:89, Қытайдан 85:106, екінші кезеңде Қытай Тайпейінен 77:92 есептерімен жеңілген еді. Осы ойындардан кейін команда турнир кестесінің ең соңғы орнында келеді.
Паралимпиада. Рио-де-Жанейрода 8 қыркүйекте басталған ойындар енді 3 күннен кейін аяқталады. Осы кезге дейін қазақстандықтар бұл додада 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды. Бұл команданың 48-орынға табан тіреуіне мүмкіндік берді. Ал топ басында Қытай (63, 51, 33), Ұлыбритания (34, 18, 23) және Украина (27, 27, 24) құрамалары тұр.
«Егемен-ақпарат»
«Қазақстанға