14 Қыркүйек, 2016

Дербестікті кеңейту мәселесі талқыланды

254 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Еліміздің 28 жоғары оқу орнында академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту жолдары енгізіледі. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Жұмақанұлы айтты. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 78-қадамында ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңмен кеңейту қарастырылған. Универ­ситеттердің ұйымдастырушылық-құқықтық формасының ком­мерциялық емес акционерлік қоғамға және формаларға айналуы ең алдымен әлемдік тәжірибеге жақындатады. Олардың бас­қарушылық дербестігін кеңейтуге, кірістілікті арттыруға және қаржылық модель қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ бұл, жұмысқа тарту мәселесін дербес шешудің, мамандықтар мен білім беру бағдарламалары кескінінде студенттердің кон­тингентін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Академиялық дер­бестік студенттерді қабылдау мәселесінде, профессорлық-оқыту­шылар құрамы мен білім алушылар арасындағы қатынасты орнатуда, білім беру бағдарламаларының, оқу жоспарлары және оқу бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын анықтаудағы құзыреттерді үйлестіруді топшылайды, деді Дархан Жұмақанұлы. Оның айтуынша, биылдан бастап, академиялық және бас­қарушылық дербестігін кеңейту жолдары еліміздің 28 жоғары оқу орнында енгізіледі. Аталған қадамды іске асыруда нақты шаралар мен ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту жолдары қарастырылған. Биылдан бастап, 28 ЖОО-да ректорларды таңдау және бақылау кеңестері енгізілуде. Ал 2017 жылдан қажет кәсіпорындарға кадрлар даярлауды жүзеге асыратын базалық ЖОО-ларға даму бағдарламасы негізінде дербестік беру жоспарлануда. Аталған тәжірибе 2021 жылдан бастап өзге де білім ордаларында жүзеге асады деді ол. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»