Жасампаздық жолбасшысы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы алдағы 10 жылдықты бағдар етіп алғанымен құнды деп есептейміз. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» – былай қарағанда қарапайым ғана түсінік сияқты көрінеді. Алайда, ондағы бірлікке шақыратын, ақиқатқа негізделген ұстанымдар өзін еліміздің дамуына үлес қосып жүрмін деп сезінетін әрбір жанды бей-жай қалдырмасы анық.
Джон Кеннедидің «қанатты» сөзіне айналған: «Еліңіздің сіз үшін не істей алатынын сұрамаңыз, еліңіз үшін өзіңіздің не істей алатыныңызды сұраңыз» деген нақылы еріксіз ойға оралады. Елдің жан-жақты жаңғыруына шын мәнінде өз үлесін қосқысы келетін әрбір адам бүгінде үлкен мүмкіндікке ие. Мемлекет Қазақстан азаматтарының өз әлеуеттерін дұрыс пайдалана алу үшін қажетті жағдайларды жасап отыр.
Сонымен қатар, Жолдауда білім саласына айтарлықтай көңіл бөлініп отырғаны қуантады. Жас буын білім алуы барысында еліміздің болашақта да бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете алатын білім деңгейіне қол жеткізуі тиіс. Ал Қазақстанда осы бағытта атқарылып жатқан, келешекке негізделген жұмыстар жеткілікті деуіміз керек. Бірақ қол жеткенге тоқмейілсімей, Жолдауда атап көрсетілгеніндей, білім деңгейін жақын болашақта әлемдік стандарттарға дейін көтеруге ұмтылуымыз керек.
Мемлекеттің бұдан бұрынғы кезеңде де ғылымды дамыту мәселелерін өз қарауынан шет қалдырмағаны ұғынықты. Оны ұстап тұру факторларының бірқатарын объективті жағдайлармен түсіндіруге әбден болады. Дегенмен, біз қазір осы саланы түбегейлі өзгерту қарсаңындамыз.
Қазақстанда қызметтері нақты нәтижелер көрсетіп жүрген 16 мыңдай адам жұмыс істейтін 400-ден астам ғылыми ұйымдардың қызмет ететіні мәлім. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, 2010 жылы қазақстандық ғалымдардың шетелдерде жарық көрген ғылыми еңбектері саны 3 есеге артып, 1168 алдын ала патенттер мен инновациялық патенттер берілген.
Бүгінгі таңда, бәзбіреулер ғылымды дамытуға мемлекеттен жеткіліксіз қаржы бөлінеді дегенді алға тартады. Бұл сөзде шындық бар. Өйткені, бұл көрсеткіш Қазақстанда қазірше ІЖӨ-нің 0,26 %-ына тең болса, Швецияда – 3,8%, Финляндияда – 3,5%, Жапонияда – 3,04%, Швейцарияда – 2,73%, АҚШ-та – 2,84%, Германияда 2,44% құрайды. Алайда, 2014 жылға қарай біздің елде ғылымға бөлінетін бюджеттік қаражаттардың көлемін ІЖӨ-нің 1%-ы деңгейіне жеткізу және одан әрі кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр.
«Ғылым туралы» жаңа Заңнан үлкен үміт күтіледі. Оны іске асыру, жалпы, Қазақстан ғылымының тиімділік мәселелерін шешуге, ғалымдардың абыройы мен дәрежесін арттыруға, кадр даярлау жүйесін реттеуге, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтерді қаржыландыру жүйесін жақсартуға, т.б. зор мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, елімізде ғылыми зерттеу және әзірлеу жұмыстарына қаржылық қолдау көрсету бойынша тәжірибеміздің бар екендігін де айта кету керек. Бір мысал келтіре кетсек, 2006 жылы Қазақстанда «Ғылым қоры» АҚ құрылған болатын. Инновациялық даму институтының мәртебесі берілген Ғылым қоры қаржы құралының көмегімен Қазақстанда ғылыми зерттеулерді іске асыру, артықшылыққа, басымдыққа ие тәуекелшіл зерттеулер мен тәжірибелі-конструкторлық жұмыстарды атқару қамтамасыз етіле бастады.
Құрылған сәтінен бастап, Ғылым қорына түрлі жобаларды қаржыландыруға 572 өтініш беріліп, қаралған болатын. 2,8 млрд. теңгеден асатын сомаға 33 жобаны қаржыландыру оң шешімін тапты. Ғылым қоры, сонымен қатар, мемлекеттік-жеке серіктестік механизмін айқын қолдануда – серіктестердің іске асырылған жобалардағы инвестициялары олардың жалпы құнының үштен бір бөлігін құрайды.
Грантты қаржыландырудағы бұдан бұрынғы жинақталған тәжірибелер, бүгінгі таңда, Индустрия және сауда министрлігі желісі бойынша инновациялық гранттар берумен байланысты жұмыстардан көрініс тапқан және қызметтерді нәтижелі іске асыруға мүмкіндік тудырады. Бұдан тыс, Ғылым қорының «Ғылым туралы» жаңа Заңда қарастырылған грантты қаржыландыру үдерісіне белсенді қатысу үшін жеткілікті ресурстары бар.
Әрине, ғылым саласында мемлекеттік саясатты іске асыратын бірден-бір құрал бола отырып, қор Жолдауда атап көрсетілген жоспарларды жүзеге асырудан да тыс қала алмайды.
Сондай-ақ, қосымша күш энергия тиімділіктеріне қатысты жобалардың жүзеге асырылуына бағытталады. Олардың қатарына үстіңгі бетінде серпінді алаңы бар, автоматты түрде өзгеретін желі электр стансалары мен сұйық ортаның экологиялық таза гидродинамикалық жылытқыштарын енгізу туралы жобалар жатады. Қордың қатысуымен құрылған гидродинамикалық жылытқыштардың орнатылып, ел Үкіметінің ғимаратын су құбырлары арқылы ыстық сумен және жылумен қамтып отырғанын да айтпай кетуге болмас. Көмір кен орындарынан метан шығаруға қатысты жоба Отанымызда метанды көмір бөліктері ретінде пайдалануға негізделген, отын-энергетика секторында жаңа бағыттарға жол ашуға септігін тигізеді.
Қор, сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі жоспарларды іске асыруға да қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде тиісті құрылымдар қордың қолдауымен құрылған, «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Үкіметінің әкімшілік дирекциялар ғимараты» РМКК объектілерінде сынақтан өткен құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергиялық өндірістік объектілердің автоматтандырылған кешенді диагностикасын қолдана алады.
Қордың Жолдауда көрініс тапқан отандық денсаулық сақтау саласын дамытып, түпнұсқалы «Атеролид», «Саусалин», «Экдифит» фитопрепараттарын шығарудағы және үшінші кезектегі Қарағанды фармацевтика кешенін салудағы тәжірибелік-өндірістік жобасы да едәуір үлес қосып келеді. Бұларды Ғылым қорының Жолдауда қарастырылған міндеттермен тығыз байланысты жобаларының бір бөлігі ғана деуге болады. Өйткені, жаңа тұжырымдамаға сәйкес жоо-лар білім беру орталықтары ғана емес, сонымен қатар, жаңа білім беруші ретінде көрінсе, жас буын студенттік кезден Қазақстанның ғылыми әлеуетін дамытуға тартылатын болады. Мұндай саясаттың оң нәтиже беретініне біздің жақын болашақта көз жеткізетініміз күмәнсіз. Ал таяу болашақта әлі көптеген пайдалы да маңызды істер атқаратынымызға сенімді екенімізді айта кетсек дейміз.
Сансызбай ЖОЛДАСБАЕВ, «Ғылым қоры» АҚ-тың басқарма төрағасы.
Астана.