26 Қыркүйек, 2016

Алаш көсемінің мерейтойы несімен есте қалды?

788 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
 14438927_1745238659061289_353777956_o «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», деген екен бір кезде Әлихан Бөкейхан. Бұл арман еді. Арман ғана емес, көреген саясаткердің ақылмен жасаған болжамы да еді. Қазақ тәуелсіз ел болды. Тәуелсіз ел ғасыр басындағы көсемінің 150 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойлық шаралар Ақтоғай ауданында Талдыбейіттің түбінен басталды. Бұл қорымда Әлихан Бөкейханды дүниеге әкелген Нұрмұхамед пен оның зайыбы Бегежан мәңгі тыныстап жатыр. Осы жерде аудандық мешіттің имамы құран оқып, Алаш ардақтысының алыс-жақыннан келген туыстары, қонақтар мен жергілікті тұрғындар марқұмдардың рухына тағзым етті.  

Әлихан туған үй

Әлихан Бөкейхан мемлекеттік қайраткер деңгейіне көтеріліп, сонау Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларын мекен еткен кезінің өзінде алыстағы Ақтоғайға, өзінің кір жуып, кіндік кескен топырағына ат ізін салып тұрған екен. Бұлай деп айтуымызға Ақтоғайдың басындағы мұражайда сақталған құжаттар мен сарғайған хаттар негіз береді. Жергілікті мұражайдың ғылыми қызметкері Тұңғышбай Мұқан Бөкейхановтар әулеті туралы сирек кездесетін мағлұматтарды бір кісідей біледі екен. «Ресми деректерде Әлихан Бөкейханның Қарқаралы уезінде туғаны жазылған. Ол жылдары Ақтоғай ауданы осы уездің аумағына еніп, Тоқырауын болысы деп аталған. Негізі, Әлекеңнің арғы ата-бабасы Оңтүстік Қазақстан өңірінен болса керек. Ал атасы Бөкейханды кезінде тоғыз баласымен Қарақаралы уезіне әкелген Қаздауысты Қазыбек би екен. Төре тұқымын ақ киізге көтеріп, хан сайламақ болған дейді даланың ауызша тарихы», деген әңгіме естідік Тұңғышбай Өміртайұлының аузынан. Талдыбейіттен кейін бір қауым ел қозыкөш жердегі Жекежал қыстағын бетке алды. Дәл осы жерде, саманнан салынған екі бөлмелі үйде Әлихан Бөкейхан 1866 жылы жарық дүниеге есігін ашқан екен. Қазіргі уақытта қоржын тамның іргетасы ғана қалыпты. Осыдан үш жыл бұрын үйдің орны қоршалып, жергілікті билік тарапынан қамқорлыққа алынған екен. Міне тап осы жерге кісі бойындай үлкен қаратастан ескерткіш белгі қойылды. Онда «Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылы, қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты «Жекежал» қыстағында Мырзаханұлы Нұрмұхамед (Мұқан төре) пен Мамайқызы Бегежанның (Бегім ханым) отбасында 1866 жылғы 5 наурызда қазақ халқының аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының басшысы, «Алаш Орда» үкіметінің алғашқы төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан дүниеге келді», деген сөздер ойып жазылған. Талдыбейіттің басында ғалым Сұлтанхан Жүсіп, жазушы Тұрсын Жұртбай және басқа да зиялы қауым өкілдері бұл жерді мемориалдық кешенге айналдыру жөнінде келелі әңгіме қозғады. alikhan  

Алашорда туралы тың деректер айтылды

Жекежалдан қайтқан жұрт түске таман Ақтоғайдың басына келіп, осындағы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектептің алдындағы Алаш көсеміне арналған мүсіннің ашылуына куә болды. Бұдан кейін облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков бастаған мерейтой қонақтары Алаш алаңындағы «Үш Арыс» ескерткішіне, «Тарих тағылымы» саябағына гүл шоқтарын қойды. Түс ауа мерейтойға арналған шараның түпқазығы – «Әлемдік тұлға Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға кезек келді. Бұл жиында негізгі баяндаманы әлихантанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп жасады. Бұл салада өнімді еңбек етіп жүрген ғалым Әлихан Бөкейхандай әйдік тұлғаның қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы тарихи рөлін соны мазмұнда, жаңаша сипатта әсерлі әңгімеледі. Ғалым өзінің баяндамасында Әлихан Бөкейханның ұстанған негізгі жолы – халқының төл мәдениетін, білім, ғылым жүйесін Батыс Еуропа, АҚШ, Жапония деңгейіне жеткізіп, бейбіт саяси күрес жолымен тәуелсіздік алып, 20-25 жылдың ішінде қазақ елін әлемдегі жетекші елдерінің қатарына қосуды нақты жоспарлағанын, жалпы Алаш көсемінің шығармашылығы қазіргі Қазақстанның білім мен ғылым, тарихы, экономикасы, діні мен ділі, мәдениеті мен өнері салаларын түгел қалдырмай қамтығанын әңгімеге арқау еттіі. Сонымен қатар, Сұлтанхан Жүсіп мырза «Алаш» идеясының негізгі маңызы неде? «Алашорда» үкіметінің көздеген мақсаттарының  қайсысы қазір жүзеге асты? 1917 жылдың 12 желтоқсанында «Алаш» автономиясының жоғарғы атқарушы билігі – «Алашорда» үкіметінің қабылдаған ең алғашқы Қаулысы не туралы еді?» деген көкейкесті сауалдарға да жан-жақты жауап беріп, бұл әңгімелерді Әлихан Бөкейханның ұлт алдында атқарған ұшан-теңіз еңбегімен  шебер астастыра білді.  

Қай аудан Алаш көсемінің атымен аталмақ?

Бұдан соң конференцияда сөз алған облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жиылған қауымды Алаш ардақтысының мерейтойымен құттықтап, сөз сөйледі. «Алаш көсемінің өмір бойғы ұстанған: «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген қағидасы бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Алдағы уақытта Қарағанды облысының орталығында Әлихан Бөкейханның ескерткішін орнату, Қарағандыдағы бір ауданның атын Алаш арысының есімімен атау жоспарланып отырғанын қуанышпен жеткізгім келеді. Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен тұңғыш рет Әлихан Бөкейханның толыққанды 15 томдығы жарық көреді. Менің қолымда қазір алғашқы 2 томы. Бұл іс жалғасын әлі де табатын болады. Әрине, бұл келешек ұрпақты ұлттық мұратқа тартудың, отансүйгіштікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп білемін. Ең бастысы бұл – көптің тілегі», деді өңір басшысы. Жасыратыны жоқ, «ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі» деген мерейтойдың тек Ақтоғайдың ғана аясына сыйып кеткеніне Арқа жұртының ғана емес, Алаш елінің де қомсынып қалғаны рас еді. Сондағы айтылған уәждің бірі – Әлихан Бөкейханның тойы облыс орталығынан басталып, арыстардың мекені Ақтоғайда барынша сән-салтанатымен,  жөн-жоралғысымен жалғасуы  тиіс деген әңгіме  болатын. Одан әріде зиялы қауым мен қоғам белсенділерінің Қарағанды қаласындағы орталық көшелердің біріне Ұлт көсемінің  есімін беру және оның ескерткішін орнату жөнінде осыдан оншақты  жыл бұрын көтерген бастамаларының билік тарапынан қолдау таппағаны да былайғы жұрттың орынды өкпе-назын тудырған-тын. Міне, шиеленіскен бұл  мәселенің түйінін ерте ме, кеш пе шешу керек болатын. Сәтін салғанда, соның реті осы мерейтойға дөп  келді. Облыс басшысы болашақта атауы өзгеруге тиісті қай көше, қайсы аудан екендігін ашып айтпаса да, Қарағанды жұрты қазірдің өзінде батыл жорамалдар жасап отыр. Олардың пайымдауынша, Әлихан Бөкейхандай Алаш көсемінің есімі қаладағы орталық даңғылдардың бірі – Ленин көшесіне беріліп, сонан соң Қарағандыдағы Октябрь ауданы оның есімімен аталуы тиіс. Қайткен күнде де, Әлихандай көсемге келгендегі сыңарезу саясаттың беті бері бұрылып, алдынан жарылқайын деп тұрғанын жалпақ жұртқа жария еткен бұл күнді ақ түйенің қарны жарылған күн деп қалай айтпасқа?   Қайрат Әбілдинов, Қарағанды облысы Суреттерді түсірген Дмитрий Кузмичев 14459940_1745238662394622_2040847190_n 14459897_1745238762394612_217972381_n