27 Қыркүйек, 2016

Бейнетпен бағынған белес

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
taraz-777777Өткен жылы Шотландияның Глазго қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы жүзуден әлем чемпионатында қос қола жүлдеге қол жеткізген Зүлфия Ғабидуллинаны Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, құрмет көрсетті. Сонда спортшының жеке бапкері Саттар Дүйсембаев: «Алда Паралимпиада ойындары келе жатыр. Алла қаласа, мемлекеттің мерейін асыратын додада ел намысын биіктен көрсетіп, әлем чемпионатында алдымызды ораған Нидерланд спортшысынан есе қайтарып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінуді көздеп отырмыз», деген еді. Шынында Зүлфияның алар асуы асқақ екен. Ол Рио-де-Жаней­ро­дағы ХV жазғ­ы  Паралимпиада ойындарында 100 метр қашықтыққа еркін жүзуде ел қоржынына алтын жүлде салып, осы жеңісімен медальдар соқпағын салып берді. Алты дүркін әлем чемпионы Паралимпиялық ойындарда жаңа әлем рекордын жаңартты. Тағдыры Зүлфияға алты жасы­нан төсекке таңылуды жаз­­ды. Алайда, бұл оның өзін-өзі ұ­дайы жетілдіруіне кедер­гі бола алмады. Ол суда жүзу спорты­мен айналысып, өмір­ден лайықты орнын таба білді. Рес­публикалық мүгедек спорт­шылар біріншіліктерінде жүлде­гер атануы үлкен спортқа деген құлшынысын арттыра түскен. Ол үшін осыдан 12 жыл бұрын Олимпиадаға қатысу басты арман болды. Армандар орындалады екен. Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Саттар Дүйсембаевтың қол астында тұрақты түрде жаттығу көп ұза­май өз нәтижесін бере бастады. Бар-жоғы 8 жыл ішінде олим­пиялық нормативті орындап, Лондонда өткен пара­лим­пиялық ойындарға қатысу мәртебесіне де қол жеткізді. Оған бұйырғаны 12-орын болды. Өкініштісі, оның мүмкіндігі мүгедектік санаты бойынша дұрыс белгіленбеуінен өзінен бір сынып жоғары қар­сы­ласпен бәсекеге түсуіне тура келген еді. Бір жылдан кейін Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем біріншілігінде жеткен нәтижесі оның өміріне үлкен бетбұрыс әкелді. Бұл сында Зүлфия 50 метрлік қашықтыққа алдын ала еркін жүзуден әйелдер арасында S3 класында әлем рекордына қол жеткізді. Ол 0:47.40 секундтық уақытты көрсетті. Бұған дейін Қытай спортшысы осы қашықтықты 0:47.79 секундта жүзіп өткен-ді. Соңғы сында 0:47.79 секундтық көрсеткішпен 2-орынды жеңіп алды. Ал қола жүлдеге 50 метр қашықтыққа шалқалай жүзуде ие болды. Одан кейін Стацканал (Гол­ландия) қаласында өткен дүние­жүзілік мүгедектер ойындарын­да 4 алтын медаль алып, 3 әлем рекордын жаңартты. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі ұйымдастырған «Үздік спортшы-2013» салтанатты іс-шарасында «Жеңіске ұмтылыс» аталымын иеленгені де бар. Оның алдында Шардж қаласында (БАӘ) жүзуден мүгедектер арасында өткен дүниежүзілік ойындарда топ жарды. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жалауын желбіреткен Азия Паралимпиялық ойындарында да осы биігінен төмендеген жоқ. Ол үшін былтырғы жыл да табыссыз болған жоқ, жоғарыда жазға­нымы­здай, Глазго (Шотлан­дия) қаласында өткен әлем бірін­шілігінен екі бірдей қола медаль олжалап қайтты. Биылдың өзінде «Эйндховен кубогі» халық­аралық жарысы мен Гер­мания ашық чемпионатының жеңімпазы атанып үлгерген еді. Қазіргі таңда Зүлфия Ғабидул­лина «Дос Тараз» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры болып қызмет етеді. Ұжым­­м­ен тіл табыса білетіндігімен, ашық­тығымен, орындаушылық қабі­летінің жоғарылығымен абы­рой-сый­ға да бөленуде. Алға қойған мақ­­саты үлкен, еңбексүйгіш жан. Ол спортта да, өмір­де де жеңімпаз! Кеше Зүлфия Ғабидуллинаны жамбылдықтар Тараздың әуе­жайын­да құшақ жая қарсы алды. Алыс елден «алтын» арқа­лап келген жеңімпазды Жам­был облысының әкімі Кәрім Көкі­рекбаев құттықтап, алдағы уа­қыт­та облыс орталығынан зәу­лім үй салып беруге уәде берді. Ал «Халық банкінің» жергілікті фи­лиалы осы үйдің көрімдігі ретінде 3 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевқа 2 млн. тең­ге­нің сертификаты тапсырылды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы