27 Қыркүйек, 2016

Имандылық негізі ана сүтімен дариды

440 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
zeynep-akhmetovaЕлімізде жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің ұйытқы болуымен, «Әйелдер ұйымдарының жастар арасында діни экстремизмнің алдын алудағы рөлі» тақыры­бын­да өткен ғылыми-тәжірибелік конференция қоғамда қор­даланған көптеген сауалға жауап іздеуге арналды. Әрине, экстремизмнің алдын алу дегеніміз – қоғамның рухани өнегелік құндылықтарын жа­ң­ғырту, жас ұрпаққа дұрыс бағдар беру, отбасылық құндылық­тарды күшейту. Осы орайда, қоғам қайраткерi Зейнеп Ахметованың айтқан ой-пайы­мы көптің көңілінен шық­қан­дай болды: «Біз әрдайым ізбасар­лары­мызға, артымыздағы ұрпаққа не бере алдық деген төңіректе ой­ла­­нып отыруымыз керек. 70 жыл бойы Құдайсыз қоғамда өмір сүр­­дік. Бірақ, үйдегі тәрбиенің мық­ты­­лығынан Құдайдың бар екені­не сеніп өстік. Өкінішке қарай, кез келген үйде ондай мықты тәр­бие бола қойған жоқ. Халық өзі­нің ұлттық құндылықтарынан ерікті, еріксіз түрде айырылды. Ком­мунизм­ді айқайлап шақырып алатындай, ұрандаттық та жүрдік. Құдайға шүкір, ата-бабамыз аңса­ған тәуелсіздік бақ құсындай келіп қонды. Бұрынғы «сап­тыаяқ­қа ас құйып, сабына қарауыл қой­ған» бодандықтан құтыл­дық. Шекара­мыз ашылды. Міне, сол кезде ақкөңіл, аңқылдақ қазақ­ты Батыс келіп жалаңаштады, Шы­ғыс келіп тұмшалады. Дінге қатыс­ты біліміміздің кемдігінен біз әрт­үрлі ағымдарға ұрындық. Қазақ халқы қашан да өте құдай­шыл болған, бірақ, ешқашан фанат болған емес. Қазақ бірауыз сөз­бен «Құдайсыз қурай да сын­бай­ды», я болмаса, «Құдайдан қорық­па­ған­нан қорық» деген. Алайда, жас­тар жылтырағанның бәрін тез қа­был­дайды. Осындайда толып жат­­қан ағымдарға қарсы тұрып, тос­қауыл бола алатын нәрсе бар ма деген заңды сауал туындайды. Қазақ «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» дейді. Демек, жаһандануға ең алдымен ана тілі арқылы санаға сіңетін ұлттық өнеге, салт-дәстүрі, тәлім-тәрбие, бір сөз­бен айтқанда, халық педагогикасы арқылы қарсы тұра аламыз. Адам­ның бойындағы игі қасиеттер, яғни, тектілік тек ананың сүтімен ғана келе­ді екен», – деді Зейнеп апа. Жиын барысында қоғам қай­­рат­кері сондай-ақ, қоғамда кездесе­­­тін дінді дәстүрге қарсы, дәстүр­ді дінге қарсы қою үдерістеріне қатыс­ты да өзінің ойын жеткізді. Зейнеп Ахметованың айтуынша, мұсылман болу үшiн араб болудың керегі жоқ. «Қазақ атам заманнан бері мұсылман. Қазақтың барлық салты мен дәстүрі ырым-тыйымына дейін имандылықты қамтиды. Ешқайсысы Құранға да, шариғатқа да қайшы келмейді. Қазақ тамыры тереңге кеткен алып бәйтерек секілді, шайқалса да, құлауы қиын. Кез келген адам өзінің ұлтымен бірге туады. Баланың iшкi жан дүниесiне, Құдайды iздеуi­не, Алланы түсiнуiне қатысты айтар болсақ, оның барлығына кезі келген кезде өзi таңдау жасайды. Ал бұл ретте, адамның адам болып қалып­тасуындағы ең алтын қазық, діңгек – аналар. Ендеше, ең алдымен, ертеңгі күні ана, келін болатын, бір босағаны аттайтын қыздардың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Қызы тексіз, тәрбиесіз елдің іргесінен ырысы кетеді», – деді З.Ахметова. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төр­ағасының орынбасары Ғабит Абзал­бек елдегі радикалдық бағыттағы діни ағымдарға тосқауыл қою шаралары жүзеге асырылып жатқанына тоқталып өтті. «Радикалдық си­пат­­тағы ағымдардың идеялары ха­лық­ты өзінің сан ғасырлық бай рухани мәдениетінен, салт-дәстүрлерінен бас тартқыза отырып, оның этникалық, мәдени-рухани ерекшеліктерін жоғалтуды, азаматтардың тарихи санасын «шайып тастауды» көздейді. Бұл ретте, теріс ағымдар діни радикализмді, экстремизмді, терроризмді тудыратын идея екенін ашып айту керек. Ал мұндай үдерістердің қан­дай салдарға алып келгеніне Солтүс­тік Африка мен Таяу Шығыстағы, Ливия, Ирак, Сирия секілді елдер мысал бола алады. Міне, осындай келеңсіздіктер белең алған жағдайда нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі орасан. Себебі, қоғамды тәрбие­лейтін – әйел. Бұл ретте, бірқатар әйел­дер ұйымдары жұмыс істеп жатыр. Мәселен, қазіргі таңда қоға­мы­мыздағы рухани мәселелерді назар­да ұстап жүрген әйелдер ұйым­­дары «Діл Иман» деп аталатын қауымдастық құрды. Елімізде «Қыз Жібек», «Айғаным» секілді клубтардың тетігі іске қосылды», – деді өз сөзінде Ғ.Абзалбек. Ал аталған ведомствоның Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерт­теу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы: «Бізден бұрынғылардың біреуіне – аштық, біреуіне – қуғын-сүргін, біреуіне – соғыс зауал болса, біздің кезеңімізге ақпараттық ағынға, соның зардабы болып туындаған экстремизм секілді кері құбылыстар­ға қарсы күрес тап келген секілді. Кешегі Кеңес өкіметі дінсіз мемлекет болды. Бірақ, имансыз мемлекет болған жоқ. Себебі, гуманистік құн­ды­лықтар сайрап тұрды. Әйтеуір, мем­лекет сол гуманизм идеологиясы негізінде болса да, бірқатар адамгершілік құндылықты сақ­тағандай көрінеді. Ал біз қазір адам тәрбиелеу деген үлкен үдерістің алдында дәрменсіздеу болып тұрған тәріздіміз», – деді. Конференция барысында өзге де сала мамандары қоғамның бүгінгі көлеңкелі тұстарына, олар­дың алдын алуға қатысты өз ойларын ор­таға салды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»