Кеше Астанада Ғылым, технологиялар және инновациялар жөніндегі Азия парламентаралық форумы өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі, Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Ислам ұйымы (ИСЕСКО) және Ислам даму банкі (ИДБ) бірлесіп ұйымдастырған шараға әлемнің 25 елінің парламентшілері, ғалымдар, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше-мемлекеттердің білім және ғылыми әлеуетін дамыту саласында әріптестікті нығайтуға бағытталған бұл айтулы жиынды Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин ашты. Өзінің кіріспе сөзінде Н.Нығматулин форумның басты мақсаты мен маңызына кеңінен тоқталды.
Бүгін Астанаға келіп, өте маңызды шараға қатысып отырғандарыңыз үшін барлығыңызға Парламент Мәжілісі депутаттары атынан алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, осынау шараны ұйымдастыруға атсалысқан Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Ислам ұйымы мен Ислам даму банкіне де өз ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Астанада алғаш рет өткізіліп отырған форумның Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылуы біз үшін өте маңызды. Осы уақыттың ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында еліміз экономикасы қуатты, бірлігі мықты, болашағы айқын абыройлы мемлекетке айналды, деді Н.Нығматулин.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның әрқашан әлемдік интеграция идеясын қолдап, көптеген халықаралық ұйымның белсенді және беделді мүшесі атанғанын атап көрсетті. Оның нақты дәлелі – мемлекетіміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы. Осының барлығы әлем елдерінің Қазақстанға деген сенімінің жоғары екенін анық көрсетеді. Біздің Президентіміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Азиямен, соның ішінде ислам мемлекеттерімен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөліп келеді. Осы әріптестікті одан әрі нығайтуда бүгінгі Азия парламентаралық форумы да ерекше рөл атқаратыны сөзсіз, деді Парламент Мәжілісінің Төрағасы.
Сонымен бірге, Н.Нығматулин ислам елдерінің арасындағы өзара байланыстарды жандандырудың өзектілігін, бұл бағытта Қазақстан тарапынан қолға алынып келе жатқан ауқымды шараларды атап өтті. Бүгінде ислам қоғамдастығы елдерімен бірге аймақтағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті нығайтуда, білім, ғылым және ислам мәдениетін дамытуда жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Соның ішінде дінаралық, ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделі бүкіл әлемге үлгі болып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда Елбасының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Бұл Ұлт жоспарында көрсетілгендей, еліміздегі инновациялық саясат қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, экономикалық дамудың негізі болып табылады. Аталған жолда біздің еліміз индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы 5 жылдығын табысты орындады. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның 2-кезеңі тиімді жүргізілуде. Ал оның барлығын заң жағынан қамтамасыз етуге Қазақстан Парламентінің қосып отырған үлесі зор. Мысалы, «Инновацияларды ынталандыру жұмыстары, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заң, оған ілеспе 15 заң және басқа да көптеген заңға тәуелді актілер бекітілген болатын. Сонымен бірге, ғылым саласындағы маңызды реформаларды іске асыру жолында да біздің депутаттар «Ғылым туралы» және «Ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңдарды қабылдады, деді ол.
Сондай-ақ, спикер жоғарыда аталып өткен жетістіктердің барлығы отандық экономиканы жаңа биіктерге көтеретініне кепіл болатынын жеткізді. Еліміздегі Назарбаев Университет халықаралық оқу орны мен Инновациялық-технологиялық паркінде заманға сай инновациялық кластерді қалыптастыру бойынша кең ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге, «Болашақ» халықаралық президенттік стипендиясы да осы салада сапалы мамандарды дайындауға ықпал етеді. Осының барлығы бүгінгі күні экономика, мәдениет, білім және ғылым сияқты көптеген салаларда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге зор мүмкіндік беріп келеді. Сондықтан біздің еліміз жаңа технологиялармен инновациялық ғылымды дамыту жолында әрқашанда әлем елдерімен бірігіп жұмыс істеуге дайын. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитін Астанада өткізу жөніндегі ұсынысы өте маңызды деп есептейміз, деді Н.Нығматулин.
Одан әрі Н.Нығматулин келер жылы Астанада өткелі отырған ЭКСПО-2017 көрмесінің маңызына тоқталды. Ислам елдері арасындағы өзара байланыстарды дамытудың өзектілігіне назар аударды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясында әлемнің экономикалық дамуы үшін Азия елдерінің ықпалы зор екенін ерекше атап өткен болатын. Себебі, бүкіл әлем сарапшылары ХХІ ғасырды Азия ғасыры деп атайды. Сондықтан, Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, оны одан әрі дамыту жолында біздің парламентшілерге жүктеліп отырған міндет ауқымды. Сол үшін біз алдағы уақытта да өзара тәжірибе алмасып, ұсыныс-пікірлерімізді ортаға салып, іскерлік байланысты нығайту қажет деп білеміз, деді Н.Нығматулин.
Бұдан кейін форумның модераторы ретінде Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева қатысушыларды ИСЕСКО-ның бас директоры Аудулазиз Осман ат-Туэйджридің бейнеүндеуін тыңдауға шақырды.
Бейнекөрсетілім арқылы сөз сөйлеген Аудулазиз Осман ат-Туэйджри осынау алқалы жиынды ұйымдастырған тараптарға алғысын жеткізе келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ислам әлемі үшін оңтайлы бастамаларын атап өтті. Сондай-ақ, ол ИСЕСКО мен Қазақстанды байланыстыратын ынтымақтастықты мақтан тұтатынын жеткізе келіп, форум жұмысына табыс тіледі.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов форумда көтеріліп отырған ғылым, технология және инновация тақырыбы өзінің өзектілігімен ерекшеленетінін жеткізіп, ислам әлемінен бүкіл адамзатқа ортақ ғұламалар өсіп шыққанына тоқталды. Сонымен қатар, қазіргі таңда ислам әлемі заманауи сын-қатерлердің ошағында қалып отырғандығына да назар аударды.
Бұл орайда себептер аз емес. Бұл негізінен тиімсіз мемлекеттік басқаруға, саяси жүйенің жетілдірілмеуіне, адами даму индекстері көрсеткіштерінің төмендігіне, инвестиция жетіспеушілігіне, халықты әлеуметтік қорғау саласының дамымағандығына, білім мен медицинаға қолжетімділіктің төмендігіне және басқа да жайттарға байланысты, деді министр. Бұлардан бөлек, ол ИЫҰ мүшелерін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Ислам ұйымын қолдауға шақырды.
Айта кетейік, аталған ұйымға сауда қатынастарын жандандырудан басқа, мүше елдердің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайту және дамыту, сонымен қатар, тәжірибе алмасу және азық-түліктің қауіпсіздігі кіреді. Азық-түлік ынтымақтастығының мәселесі бойынша Ислам ұйымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Ол 2011 жылы ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы барысында айтылған.
Ислам ынтымақтастығы ұйымы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеттің бас үйлестірушісі Шаукат Хамид Хан өз кезегінде бүгінгі маңызды басқосудың тиімділігін сөз етті.
Бұдан кейін сөз алған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ғылым, технологиялар және инновациялар мәселелері жөніндегі Азия парламентаралық форумына қатысушылардың жұмыстарына аталған ведомство атынан сәттілік тіледі.
Әрине, ғылыми инновациялық саясатты әзірлеу мен жүзеге асыруда қаржы институттары маңызды орын алады. Бұл ретте, Ислам даму банкін айрықша атап өтуге болады. Бүгінде Ислам даму банкі Қазақстанның ислам қаржысымен банкинг индустриясын дамыту ісінде ең негізгі стратегиялық әріптесі болып отыр. Осы орайда, Ислам даму банкі (ИДБ) Әлеуетті дамыту департаменті басқармасының басшысы Аминуддин Мат Арифке де сөз беріліп, ол өзінің пікірімен бөлісті. Ол ауқымды жиынды ұйымдастыруға ұйытқы болған Қазақстан үкіметіне алғысын білдірді.
Бұдан кейін аталған форум «Ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы саясат» тақырыбындағы I сессиямен жалғасты. Сессияға модераторлық еткен Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров заманауи әлемде адам қызметінің стратегиялық маңызы бар саласының экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі әлеует ретінде барлық елдің ғылымға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Еліміздің Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау өз кезегінде Қазақстанның инновациялық-технологиялық саясаты төңірегінде әңгіме өрбіте келіп, Қазақстан 2010 жылдан бері белсенді түрде жаңа индустрияландыру бағытына бет бұрғанын атап көрсетті.
Малайзияның Ғылым, технологиялар және инновациялар министрінің орынбасары Абу Бакар Мохаммад Диах мемлекеттің ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы саясатты іске асырудағы рөліне тоқталды. Ол үкімет ғылым мен технологияның, инновацияның дамуында үлкен рөл атқарады. Бұл ретте әрдайым мониторинг жүргізіп отырған жөн. Ол үшін, әрине, мемлекеттік саясаттың дұрыс жолға қойылғаны керек, – десе, еліміздің Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев өз сөзінде ғылымның әр мемлекетте әрқилы дамитынын, бiрақ ғылым жалпы өмiрге тiкелей қатысты дүние болғаннан кейiн жаһандану заманында оған бірлесе, ықпалдаса отырып, назар аудару қажеттігін атап өтті.
Бұдан кейінгі кезекте Әзербайжан Парламентінің Ғылым және білім мәселелері жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Бахтияр Алиев «Жаһандану дәуірінде білім мен ғылым саласын дамыту үшін заңнамалық базаны қалыптастыру» тақырыбы бойынша баяндама жасаса, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Андрей Шевелев ЮНЕСКО-ның ғылымды, технологиялар мен инновацияларды ілгерілетудегі рөліне тоқталды. Сессия барысында шетелден келген сарапшылар өздерінің мемлекеттеріне қатысты тәжірибелерімен де бөлісті. Мәселен, Мали Республикасы Парламентінің депутаты Исса Зербо «Малидегі ғылым мен технологияларды дамытудың және инновациялаудың ұлттық стратегиясы», Мысыр Араб Республикасы Парламентінің Білім және ғылыми зерттеулер комитеті төрағасының орынбасары Абделрахман Мохамед Абделгавад Ахмед «Мысыр-2030» стратегиясы төңірегінде сөз қозғады.
Форумның II сессиясы «Парламентшілердің ұлттық бағдарламалар мен басымдықтарды іске асырудағы рөлі және ұлттық институттармен өзара іс-қимыл жасау жолдары» тақырыбына арналды.
II сессия барысында Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов «Цифрлық Қазақстан», Индонезия Діни және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комитет төрағасының орынбасары Дединг Исхак «Парламенттің ғылым, технологиялар және инновациялар арқылы исламдық білім беру сапасын арттырудағы рөлі», Бангладеш Парламентінің депутаты Майин Уддин Хан Бадал «Ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы ғажайып жетістіктер: Бангладеш тәжірибесі», Тунис Парламенті Ғылым және технологиялар комитетінің төрайымы Хайет Омри «Парламентшілердің жоғары білім беруді және ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде реформалаудағы рөлі: Тунистің төңкерістен кейінгі тәжірибесі» тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.
Түстен кейін форумның III-IV сессиялары өтті. Тарата айтар болсақ, III сессия «ИСЕСКО-ға мүше және мүше емес мемлекеттердегі ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы нормативтік-құқықтық база және ынталандыру шаралары» тақырыбына арналды. Бұл жөнінде ұйымның консультанты, Үндістан өкілі Мохсин Хан сөз сөйледі.
Ал «Өнімділік секторындағы ғылыми-техникалық өлшемдер» тақырыбына арналған IV сессия аясында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайым, Гамбия Парламенті Білім мәселелері жөніндегі іріктеу комитеті төрағасының орынбасары Эбрима Соло Джаммех тағы басқалар өз пікірлерімен бөлісті.
Бүгін форум жұмысы жалғасады.
Жолдыбай БАЗАР,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Лебіздер легі
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің комитет төрағасы:
– Бұл форумға тек Ислам елдерінің ғана емес, Азия мемлекеттерінің парламентшілері қатысты. Мұндағы бірінші мәселе – осы парламентшілердің инновацияларды, білім мен ғылымды дамытудағы заңнамалық тәжірибелерін талқылау. Өзге елдердің тиімді заңдары болса, солардан үйрену.
Екіншіден, бүгінде ислам елдерін терроризм, экстремизм секілді түйткілдер алаңдатып тұрғаны белгілі. Ал бұл мемлекеттердегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы экономиканы ілгерілету, дамудың жаңа факторларын қалыптастыру. Яғни, ислам мемлекеттерін дамытудың бірден-бір жолы – білімді, ғылымды, инновацияны дамыту. Үшіншіден, соңғы уақытта мұнай бағасының төмендеуі көп елге экономикалық мәселелерге басқаша тұрғыда қарауға итермелеп отыр. Осыған орай, энергияның жаңа, баламалы көздерін пайдалану, «жасыл» экономиканы дамыту – форумның негізгі мәселелерінің бірі.
Набил Абдулла әл - БУЛИШИ,
Бахрейн Корольдігі Парламентінің депутаты:
– Қазіргідей күрделі кезеңде, мемлекеттер түрлі қауіп-қатерлермен бетпе-бет келіп тұрғанда мұндай жиындардың маңызы айрықша. Себебі, ғылым-білім, жаңа технологиялар – кез келген елді дамытатын, оны ілгерілететін, өрге сүйрейтін маңызды факторлар. Бүгінгі күнге дейін көптеген мемлекеттің дамуы мұнай көздеріне тікелей байланысты болды.
Алайда, қазіргі таңда мұнай бағасының күрт төмендеуі елдердің экономикалық әлеуетіне кері әсер етуде. Ал мұндай жағдайда жаңа технологияларды пайдалана отырып, энергияның баламалы көздерін дамыту мәселесі күн тәртібіне шықты. Сол себепті, бүгінде жаңа инновациялар мен технологияларды дамытуға айрықша мән берілуде. Бахрейн де басқа елдер секілді экономикалық дамуға қатысты өзінің ұстанымдарын қайта қарастыра бастады. Мәселен, қазіргі таңда баламалы энергия көздерін дамытуға арналған 4 жылдық бағдарлама қабылданған. Ол түрлі саланы қамтиды.
Жәмила НҰРМАНБЕТОВА, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Астанада алғаш рет өтіп отырған бұл форум ислам елдерінің өзара ықпалдасып, бір-бірімен тәжірибе алмасуларына мүмкіндік береді. Жиында қаралып отырған мәселелер өте ауқымды. Ғылым, технологиялар және инновациялар саласында бірлесіп жұмыс істеудің біздің елдерімізге тигізетін пайдасы зор.
Қандай мемлекет болсын өзінің экономикасын дамыту үшін бірінші кезекте ғылым мен технологияға жүгінеді. Осы орайда ИСЕСКО-ға мүше-мемлекеттер өздерінің бірлігін нығайта отырып, ынтымақтаса іс-қимыл жасауы маңызды.
Біздің елімізде Елбасының тапсырмасы негізінде ғылым, технология және инновация салаларын дамыту ісі жүйелі түрде қолға алынып отыр. Бұл бағытта инфрақұрылым жетілдірілу үстінде, сондай-ақ, нормативтік-құқықтық база өз деңгейінде жұмыс істеуде. Мұның барлығы Қазақстанның алдағы уақытта қарқынды дамуына жағдай жасайды.
Хамид Мухамед Ибрахим МУХАМЕД, Судан Республикасы Парламентінің депутаты:
– Біз сіздердің керемет елдеріңізге келгенімізге өте қуаныштымыз. Себебі, талайды толғандырып жүрген күрделі мәселелер күн тәртібіне шығарылған Азия парламентаралық форумына қатысудамыз. Бұл форум ислам дүниесі үшін үлкен рөл атқарады. Өйткені, аталған жиын ИСЕСКО-ға мүше-мемлекеттерді бір-біріне жақындастыра түседі. Ал елдеріміздің өзара ықпалдасуына мүмкіндік беретін мұндай алқалы жиын қай жағынан алсақ та өз пайдасын көрсетпей қоймайды.
Мен өз тарапымнан осы форумды тыңғылықты ұйымдастырған Қазақстан тарапына шексіз алғысымды жеткізгім келеді. Біз Астанаға келгелі бері қаланың көркіне тамсана қарап жүрміз. Мұндай келешегі зор қалада өмір сүру адамға қосымша күш-қуат беретіндей. Мен Қазақстанның қысқа мерзім ішінде қарқынды дамып, еңселі ел болғанына ризашылық сезіммен қараймын. Қазақстанның дамуына ешқандай кедергі жоқ. Қазақстан – әлеуеті зор ел.