Енді «Тұлпар-Тальго» вагондары барынша жайлы бола түспек
Еліміздегі машина жасау саласының сәтті дамып келе жатқандығының жарқын бір мысалы – өзімізде шығарылатын«Тұлпар-Тальго» вагондары. Олардың түп атасы Испаниядағы «Patentes Talgo» компаниясының тұрақты және ауыспалы электр тоғымен жұмыс істейтін жүйрік пойыз құрамы екендігі белгілі.
Қазіргі күні Patentes Talgo вагондары Испанияның өзімен қатар Өзбекстан, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінде жүйткіп жүр. Әр ел оған өзінше ат берген. Мәселен, ресейліктер «Стриж» деп атаса, Өзбекстанда мұндай пойыз «Афросиаб» деген атқа ие болған. Ал қазақстандықтардың оны «Тұлпар-Тальго» атағандығы белгілі.
Осы арада бір айта кететін мәселе, Ресей, Беларусь, Өзбекстан елдері осындай жылжымалы құрамды Испаниядағы компаниядан сатып алып пайдаланылатын болса, Қазақстан мұндай вагондарды соңғы жылдары өзі шығара бастады. Бұл істі «Қазақстан темір жолы» АҚ қолға алып, сәтті жүзеге асырды. Атап айтсақ, 2011 жылы Астанада осы вагондарды шығаратын зауыт салынды. Бұл жаңа технологиялы өндірістің құрылысы испандық «Patentes Talgo» компаниясымен бірлесіп жүргізіліп, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асты. Жаңа зауыт қазірдің өзінде 400-ден астам вагонды шығарып үлгерді. Соның нәтижесінде мұндай вагондар еліміздің әрбір өңіріне қатынайтын болды. Сондықтан қазақстандық «Тұлпар-Тальгоның» қызметін қазір бүкіл Қазақстан халқы пайдалана бастады десек, шындықтан алшақ кете қоймаймыз.
Оны айтасыз, қазіргі күні түп атасы испандық болып табылатын бұл вагондар біздің жеріміздің климатына, халқымыздың менталитетіне орай жерсіндірілу үстінде деп айтсақ та артық емес. Себебі, «Тұлпар-Тальго» вагондары уақыт өткен сайын біздің отандық өндірістің жаңа мүмкіндіктерімен байытылып, қазақстандық мағынасы жылдан-жылға артып келеді. Соның жақсы бір мысалы ретінде «Тұлпар-Тальго» вагондарының жаңа түрлері шығарылып, ол вагондардың Бетпақдала өңірінде сынақтан өткізіліп жатқандығын айтуға болады. Сынақ Қарағанды облысының Мойынты және Киік стансаларының арасында жүргізілуде. Аталған мақсат үшін вагондардың 8 түрін сертификаттауға келісім жасалынған. Сынақтан өткізу жұмыстарын Теміржол көліктерін сертификаттаудың қазақстандық орталығы жүзеге асыруда.
Айта кетейік, мұның алдында вагондар қораптарының беріктігі Германияның Лейпциг қаласындағы IFFEngineering&Consulting орталығында сынақтан өткізіліп, теміржол көлігі қауіпсіздігінің барлық нормативтеріне сәйкес келетіндігі анықталған болатын.
Бұдан кейін маусым айында вагондардың жылу, желдеткіш және ауа баптағыш жүйелерінің тиісті өлшемдерге сәйкестігі Австрияның Вена қаласындағы RTARailTecArsenal орталығында сынақтан өткізілді. Мұнда да оң қорытынды алынды.
Үстіміздегі жылдың шілде айында динамикалық сынақтан өткізуге 29 вагоннан тұратын екі құрам жіберілді. Қазіргі күні құрамдардың бірінің тежегіш жүйелеріне алдын ала сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші құрамның шағын және орта радиустегі қисық жолдардан өткен кездегі қозғалу қабілеті мен сипаты тексерілді. Осы екі жұмыс бойынша да оң қорытынды алынды.
Динамикалық сынақ жұмыстары үстіміздегі жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарланған. Мұнан әрі жүргізілген сынақ жұмыстарының хаттамалары рәсімделіп, олар сертификаттау органына тапсырылатын болады. Егер бәрі ойдағыдай болса, сөз болып отырған вагондардың қызметке пайдалануға сәйкестігі жөніндегі тиісті сертификат үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына дейін алынуы тиіс.
Енді бұл вагондардың жоғарыда айтылған өзіндік ерекшеліктеріне келейік. Бірінші кезекте, вагондардың барлық түрлерінің интерьерлік дизайнына өзгерістер енгізілген. Соның нәтижесінде «Турист» вагондарының отыруға арналған орындықтары бар мүлдем жаңа түрлері әзірленді. Вагондардың бизнес-кластық әрбір купесі жуынғышпен және шағын үстелшелермен жабдықталған. Гранд-класс вагондары барлық қолайлылық қажеттіліктерімен қамтылған. Мүгедектер мәселесі де ескерілген. Оларға арналған купелердің есіктері екі жаққа жылжып ашылады. Есіктен өтудің кідіріссіздік жағы барынша ойластырылған.
Оның үстіне «Тұлпар-Тальгоның» барлық жаңа вагондарының ені 25 сантиметрге, ал биіктігі 22,4 сантиметрге артты. Санитарлық тораптар бұрынғыға қарағанда 1,8 есе ұлғайтылды. Сондай-ақ, ұйықтауға арналған орындар да кеңейтілді. Вагондардың дәліздері бұрынғыға қарағанда 10 сантиметрге үлкейе түсті.
Бізге келіп түскен деректерге қарағанда, биылғы жылдың өзінде жұртшылықтың пайдалануына дәл осындай 149 вагон тапсырылатын болады. Осының негізінде «Астана – Алматы» және «Алматы – Шымкент» бағыттары бойынша жаңа вагондармен қамтылған жаңа пойыздар жолға шығады. Сөйтіп, осы бағыттағы «Тұлпар-Тальго» пойыздарының қатынауы күніне екі рет ұйымдастырылмақ. Ал қазіргі күні елімізде «Тұлпар-Тальго» пойыздары қатынайтын 12 бағыт жұмыс істеуде. Бұл бағыттар еліміздің барлық облыс орталықтарымен байланыстырады.
Уақыт өткен сайын «Тұлпар-Тальго» пойыздарының қызметі белсенді сипатқа ие бола түсетіндігі анық. Өйткені, оның тиісті құрамдары өз елімізде шығарылады. Өз елімізде шыққандықтан олар сырттан сатып алғанға қарағанда, әлдеқайда арзанырақ және тиімдірек. Бұл жағдайдың барлығы «Тұлпар-Тальго» пойыздарының қызметін дамыту жөнінде жасалынған арнаулы бағдарламада ескерілген. Осыған сәйкес 2020 жылға дейін еліміздегі тағы 8 жолаушылар пойызының маршруты «Тұлпар-Тальго» вагондарымен алмастырылатын болады. Бұйыртса, біз еліміздің байтақ даласында жүйткіп келе жатқан темір тұлпарды жиі кездестіретін боламыз.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»