26 Ақпан, 2011

«Балалар, аманбысың, шырақтарым...»

1842 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Талғардағы Ж.Жабаев атындағы №6 орта мектеп оқушылары ұлы ақынның немересі Әлімқұл атаның ақ батасын алды Өмірде жүз жасаған, өлеңі мың жасайтын Жамбыл баба балаларды жақсы көрген. Соның бір дәлелі: «Балалар, аман­бысың, шырақтарым, Майысып көлге біткен құ­рақ­тарым. Жүрмесем есендесіп тұра алмаймын, Ішінен асып кетсе бір аптаның» – деген мына өлеңі десек, Жәкеңнің немересі, Қазақстанның халық ақыны Әлімқұл Жамбылов ақсақал да атасының атындағы мектеп оқушылары жыр алыбының 165 жылдығына арналған өздерінің кешіне әрі батасын алу үшін құрметтеп арнайы шақырғасын үйде жата алмапты. 200 шақырым жердегі Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылынан баласы Мұратханның жүрдек тұлпарымен жеделдете жетіпті. Мектептің кіре беріс қақ маңдайында Жамбыл ақынның жарқыраған үлкен суреті. Оның қасынан көрнекті етіп өрнектелген мына шумақты оқыдық: Отаныңа арналған Жырыңда терең сырың бар. Қарт бұлбұл деп құрметтеп Отырған қалың халқың бар. Ақындардың алыбы Әлемге кеткен даңқың бар. Қырғыз жыршысы Әлімқұлдың осы өлеңінде ХХ ға­сыр­дың Гомері атанған жыр феноменінің қасиет-қырлары мейлінше дәл суреттеліпті. Осылайша мектепке кірмей жатып Жамбыл рухы алдыңнан шығатын білім ордасында «Жыр желмаясы Жам­был» атты әдеби-сазды жиынды сүйсіне та­ма­ша­ла­дық. Мектеп оқушыларынан құрал­ған, Қуандық Имашев жетекшілік ететін «Өрлеу» оркестрінің, «Балауса» би ансамблінің өнері жиыл­ған жұртты елжірете тәнті еткендей. Бүлдіршін ұлдар мен қыздар соншалықты сүйкімді, бал қылық­пен билеген «Қара жорға», «Қос ал­қалар» көкейде көпке де­йін өш­пей­тін шырақ жандырғандай. Балғын өрендердің бас бармақты майыстыра тартқан күйлер қандай! Міне, көз алдымыздан Жамбыл ақын өмірінің сахналанған кө­рі­ністері жіпке тізілгендей өтіп жатыр. Сондай шынайы, сондай нанымды. Міне, ұлы ақынның, теңдессіз жыраудың дүниеге келуі. Әкесі Жапа, анасы Ұлдан. Жамбылдың ту­ға­нынан бастап балалық шағы, өнер қуып, өлең жолына түсуі, ержетуі, Сүйінбайдай жыр жампозынан бата алуы  – соның бәрін оқушылар сахна тілінде бейнеледі. «Жүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдардың өнері мен шеберлігі түйіскен», деп Жамбыл туралы ой түйген ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлағатты сөздері еске алынды. Сол сөзді айғақтағандай, 6 сынып оқушысы Малика Рахимова өзінің «Жамбылға арнау» деген өлеңін оқыса, 2 сынып оқушысы Кристина Сергиенко «Жамбыл ата» әнін шырқады. Жамбыл жырларын мәнерлеп оқу мүшәйрасының жеңімпаздары Карина Базарова, Аслан Урманов, Надежда Лауберлер жыр атасының өлеңдерін жатқа айтты. Бұдан соң Жамбыл жырлары орыс тілінде де өршіл рухпен саңқылдады. Балғын балалардың жауқазын өнеріне, жүрек лүпіліне риза болған Әлімқұл ата мектеп оқушыларына риясыз тілегін айтып, түйдектете шұбыртып, өлеңдете өрлетіп батасын берді, мектеп кітапханасына Жамбыл туралы жазған «Атадан қалған бір мұра» атты кітабын сыйлады. Осынау ғибратты кеш мектеп оқушыларының хоры орындаған «Жамбыл ата» әнімен түйінделді. Қорғанбек АМАНЖОЛ.