Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиев 2015-2016 оқу жылындағы қызметінің қорытындылары туралы дәстүрлі халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуге білім алушылармен қатар, олардың ата-аналары, жұмыс берушілер, ғылыми-педагог жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы ақпан айында Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындарының халық алдындағы ашықтығын, жауаптылығын, есептілігін арттыру мақсатында қол қойған Жарлығына сәйкес өткен бұл кездесуде жиналған қауым оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен жете танысып, біраз мәлімет алды.
Өзінің 90 жылдық тарихында 250 мыңдай түлекті баптап ұшырған қара шаңырақ, еліміздегі жетекші әрі ірі оқу орны – отандық педагогикалық ғылым мен мәдениет ордасына айналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жоғары білікті мамандар даярлауда еліміздегі білім шаңырақтары арасында 1-ші орынға шығып отыр. Жаңа қоғамның бәсекеге қабілетті, жаңаша ойлай білетін, шәкірттеріне шығармашылық-жасампаздық талап қоя білетін сапалы мұғалімдер даярлауды басты міндетке айналдырған университетте 2015/2016 оқу жылында 6388 адам білім алған.
Профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Серік Пірәлиев өзі басқарып отырған оқу орнының Еуропа мен Орталық Азия елдерінің 200 алдыңғы қатарлы университеттері арасында 91-ші орынды, Қазақстан университеттері арасында 4-ші орынды иеленіп отырғанын атап өтті.
Елбасымыз белгілеп, еліміз алдына мақсат етіп қойған озық елдер қатарына кіру жолында, өзгелермен бәсекелес бола білер білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар қауымына түсер салмақ та, міндет те зор. Осы тұрғыдан алғанда, кадрлардың сапалық құрамын жақсартумен үзбей айналысатын жоғары оқу ордасында берілетін білім сапасын көтеруге айрықша назар аударылып, университеттің оқытушылары қатарына ҚР ҰҒА академиктері көптеп тартылған екен. Университеттегі ғылым және ғылыми-педагогикалық кадрларды сапалы дайындау үшін шетелдіктердің білім мен ғылымды интеграциялау жөніндегі инновациялық тәжірибелері кеңінен оқытылып, қолданысқа енгізіліп жатқаны көңіл серпілтеді.
Абай атындағы университет ғимаратында 2014 жылы ашылған, Францияның 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна-Париж сити университетінің ТМД елдері мен Орталық Азиядағы алғашқы филиалы болып табылатын «Сорбонна-Қазақстан» институты өткен оқу жылында алғашқы түлектерін ұшырды. Әлемдік білім беру кеңістігінде қазақстандық білімнің мәртебесін нығайтуда аталмыш университет осылайша үлкен үлес қосып келеді.
«Университет алдына қойған мақсаттардың бірі – еліміз үшін аса маңызды саналатын оқулықтар шығару. Жалпы білім беретін орта мектептерге арналған оқулықтарды түгелдей осы университет оқытушылары жазды. Бұл айтқанға, сынағанға оңай болғанмен, аса күрделі, үлкен жұмыс», деді халық алдындағы есебінде университет ректоры Серік Пірәлиев.
Айтпақшы, аталмыш оқу орнының биылғы жылғы бір жаңалығы – республика аумағы бойынша жалпы білім беретін 15 орта мектеп оқушыларына университет оқытушыларының онлайн-режімде сабақ беру жүйесі іске қосылғаны екен. Бұл келешекте ұстаз мамандығын таңдағысы келген жасөспірімдермен және орта мектептермен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағытталған қадам болмақ.
Қазақтың ұлы ойшылы, данышпан Абайдың мұраларын насихаттау, оны ұлықтау Абай атындағы ҚазҰПУ-дің абыройлы борышы. Осы борыш үдесінен шығу үшін, Абайдың әдеби және философиялық мұраларын әлемдік деңгейге таныту мақсатында университетпен әріптестік орнатқан шетелдік университеттерде Абай атындағы 5 халықаралық білім беру орталығы жұмыс істейді.
Жоғары оқу орындарының негізгі діңгегі – студенттер. Серік Жайлауұлы оқу орнындағы студенттердің білім алу жағдайына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын, көп балалы отбасылардан шыққан, мүгедек және қамқорлыққа алынған мұқтаж студенттерге материалдық қолдау көрсетілетінін, алыс аймақтардан келген студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілгенін де айтып өтті.
Университет ұжымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз университеттік білім беру мен ғылымды жаңа деңгейге көтеруді қамтамасыз етуіміз керек» деген тапсырмасын басшылыққа ала отырып, елімізге сапалы кадрлар даярлау үшін табандылықпен еңбек ете беретінін, оған университет ғалым-педагогтарының мүмкіндігі толық жететініне сенім білдірді.
Ректор баяндамасынан кейін мінберге шыққан ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаев, ҚазҰПУ Бақылау кеңесінің мүшесі, педагог Шәмша Беркімбаева, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, профессор Жақан Молдабеков, Францияның Алматыдағы Бас консулдығының атташесі Северин Ван Гастел университет жұмысына қатысты кеңес-ұсыныстарын айтты.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ