Тоқсабаның түйіндемесі төмендегіше.
Бір мың да тоғыз жүз алпыс бірінші жылғы шілдеде дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақталы ауданында. Сарықамыс ауылында. Ұлты қазақ. Білімі жоғары. Шымкент шаһарындағы химия-технология институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Туған тіліне қоса орысша және өзбекше біледі. Немісше түсініңкірейді. Бір мың да тоғыз жүз сексен бесінші жылғы қоңырқай күзде үйленіп, той жасаған. Ішімдіксіз. «Жүзімші» кеңшарының бар жүзімі түгелдей дерлік түп-тамырымен суырылып тасталып, күллі КСРО бойынша арақ пен шарапқа қарсы жаппай майдан жарияланған жыл ғой, баяғы.
Әлбетте, түйіндемені түйменің жібінше тістей үзіп, жиыра түйіп, қысқасынан қайырсақ, түкті де түсінбессіздер. Сондықтан, созыңқырай түсеміз-ау.
Тоқсаба Торытайұлының зайыбы Алқоры Өзбекстанға өтіп кеткен Бостандық дейтұғын ауданның Шымған шипажайы маңайындағы Маңырама қыстағында кіндік кескен. Орта білімді. Екеуінен бір ұл және үш қыз өрбіген. Ұлдары Алмабек Қабыланбектегі малдәрігерлік-зоотехникалық техникумды бітірген. Бірақ алған мамандығы бойынша мал тауып, жан бағу маңдайына жазылмапты. Шымкентіңіздің шет жағынан пәтер жалдап, келіншегі мен екі перзентін әзер асырап жүр. Деседі. Алшагүлдерін Гагарин атындағы орта мектептің соңғы сыныбын бітірер-бітірместен Жызақ жақтың жігіті алып қашқан. Ата-енесі бар. Тұрмыс жағдайлары төмендеу. Деседі. Қалған екі қыз – Жүзімай мен Жұлдызай әлі жергілікті мектепте.
Сексенінші жылдардың орта тұсынан былай қарай, Алқорыны алғаннан кейін-ақ Тоқсабаңыз Сарықамыста әжептеуір абыройлы адамға айналған. «Жүзімші» кеңшарының құрылыс саласы сеніп тапсырылған. Тоқсаныншы жылдарыңыздың төбесі көрінгенше кеңсенің екі қабатты ғимараты көкке әуелеген. Тауарлы-сүт фермасы жартылай бой көтеріп үлгерген. Орта мектеп үйінің жобалық-сметалық құжаттары қамдастырылған. Амал нешік, Тоқсаба Торытайұлы салдырған сол кеңсе әнебір жылдары қаңырап қалды. Адам кіріп-шықпағаннан кейін, шіреніп шоң деректір, баптанып бас есепші жүрмеген соң, тез тозады екен. Төртінші әлде бесінші жыл дегенде, ауыл әкімдігі аталатын жаңа жүйе құрылды. Бұрынғы кеңшардың кеңсесі аздап-аздап ағымдағы жөндеуден әзерлеп өтті. Тізерлеп тірілді. Сүзектен сүлесоқтанған кісідей кілдіреңкіреп барып, бой тіктеді. Тауарлы-сүт фермасы сол күйі қирандыға кетті.
Құрылыс дейтұғын салаңыз қиындау ғой. Икемделмесеңіз. Инженерлік һәм интеллигенттік имандылық сүйегіне сіңген Тоқсаба өзгелерге ұқсай қоймады. Өзімшілдене алмады. Үйлесімсіздеу үйіне, жұқаналау жайына жарты кірпіш жапсырмаған. Капитализм күтпеген жерден килігер деп кім ойлапты?
Тоқсан екінші жылыңыздың жазғытұрымын «Жүзімші» кеңшарының жарты жұрты жұмыссыздық дейтұғын жаңа ұғыммен қарсы алды. Жүзім атаулыдан жұрдайланып, тырдайлана жалаңаштанғалы, таңданарлығы сол, ішімдік көбейген. Ішкіштер қатары артқан. Интеллигент инженеріңіз солардың қатарына қосылыңқырады. Екі жыл дегенде есін жиған. Әзерлеп. Әйелі мен бала-шағасынан тізерлеп кешірім сұраған.
Шымкентіңізден тартып, тү-у түкпірдегі Мақталы ауданына дейінгі аралықтың адамдары алдымен Атырауыңыз бен Ақтауыңызға, әсіресе, Ақтөбеңізге ауыңқырады. Жұмыс іздеп. Кәсіп күйттеп. Вахталық әдістің соңына түскендер әлденеше еселенді. Солардың бірі Тоқсабатұғын. Екі ай Ақтөбеде. Бір айдай Сарықамыста. Осындайына Алқорыларыңыз әжептеуір-ақ әдеттенген. Кенет төрт-бес ай бойы жоғалды. Қайтпады. Ақтөбе жақтан. Анда-санда ғана хабарласады.
Алқоры алтыншы айға шыдамады. Қызғанышы жоқ. Сағынғаны рас. Ойы-бо-ой, екеуінің ғашықтықтары ғаламаттұғын. Әу бастан, әп дегеннен. Шымған жақтағы нағашыларына барған. Тоқсаба. Маңыраманың мөлдіреген бастауынан су алып, қия соқпақпен мия кеше көтерілген. Алқоры. Жолда жолыққан. Екеуі. Жалқы мәрте ғана жанарлары түйіскен. Содан алыстай алмаған. Бірінен-бірі. Көрмесе, тілдеспесе, шыдамасқа кеткен. Қазіргідей құда түсу, сырға салу жоқтұғын. «Қашты-қаштыға» келіскен. Обалы нешік, осы уақытқа дейін Тоқсаба Алқорының көңіліне кірбің түсірген емес-ті. Күдік-күмән кіргізбепті. Ендігісі несі? Үш айы мейлі. Төрт айына төзді. Бес айына көнді. Алты айыңыз жарты жыл емес пе?!
Сол жолы ғой, алтыншы айда аңсары ауып, ешқандай ескертусіз, ескі әдірісі бойынша іздеп шыққаны. Арып-шаршап Ақтөбеге барғаны. Ол былай еді. Кір жуып отырып-отырып, орнынан ыршып түрегелген. Алмабегі адам боп қалған. Көршілеріне тапсырды. Алшагүлін жетектеген. Сарықамыстан суырыла дедектеген. Мақталыдан маршрутты таксиге мінген. Шымкенттен «Алматы – Орал» пойызына отырған. Түн ортасы ауып кеткенде. Бір жарым тәуліктей нәр сызбаған. Тәбеті жоғалған. Алшагүлін асырап баққан. Көгілдір вагонда.
Ақтөбеңіз айдай әсем, күндей көркем екен ғой. Келбет-көркінде мін жоқ. Тап-таза. Тап-тұйнақтай. Алайда, қарашаның өзінде қарауыта суынып үлгеріпті. Сарықамыста сары алтындай күзтұғын. Мақталыда мақта терімі жүріп жатқан. Шымкентте жазға бергісіз шуақ шашырап, шпалыңыздың майы еріген. Түнге қарай да. Ал, Ақтөбеңіз қар жаумай-ақ қақап тұр.
Аңсағанына асығып, сағынышына аптығып, жеңіл киіммен жеткен Алқоры сорлы аһ ұрды. Өкпектің өтінде дірдек қақты. Алшагүлдің көз жасы жұқалтаң-жүдеу жүзінен мұздақтана сырғақтады.
Жеделхат салмай, әдейі бірден бармақ-ты. Жатақханадан Тоқсабаны тапқанда ше, қайтадан жалындап жанғанын-ай. Сарықамыстағы шарбақтың аяғынан ауната таңдап, бауырынан сипап, бауының түбінен тақап үзіп апарған сарыала қауынды жарғанын-ай. Алшагүлдің әкесіне еркелеп, тізесінен түспегенін-ай. Бірақ байқаса, түсі сұп-суық екен-ей. Тоқсабаның. Сұсты. Жүдә. «Неменеге келдің?!» – дейді. Қауынға қарамайды. «Ауыл қалай? Аман ба?» Демейді. Алмабек турасында ләм-мимсіз. «Келдік! Алты айға шыдай алмадық», – деді Алқоры. Қырсығып. Тандыр нанының асты-үстіне қарап қойып. «Әлдебір жаққа асығып, алаңдаулы сияқтысың ғой?» – деп қосты тағы да. «Қайда барам?! Қаншама қаржыны құртып... Ең болмаса, жылы киім жоқ. Мені бір курортта жүр дейсің бе, немене? Ең болмағанда ескі тонды әкелмедің бе? Желеңдеп жүгіре жөнелгенше?!» Деді. Тоқсаба. Зірк-зірк етіп.
Сарықамыстың сарыала қауыны желінбеді. Тіл жаратындай тәп-тәтті, тілік-тілік, тілім-тілім күйінде кеберсіп қалды. Тандыр нан туралмады.
Зірк-зірк еткені жүдә қатты тиген еді. Алқорының жүйкесіне. Таңғы пойызға жұлқына асыққан. Алшагүлін шырқырата жылатып. Тоқсабасы томсырайған күйінде шығарып салған. Көгілдір вагонға міне бере қызының қызуы көтерілген. Ит қорлықпен Мақталының ауруханасына жетіп бір-ақ жығылған. Бір ай бойы екеуі де емделген.
Жылдар жылжып, айлар аунаған.
Қашан келеді, қашан кетеді. Шаруасы болмаушы еді. Алқорыңыздың. Тоқсабасымен. Аралары айтарлықтай алшақтаған. Алты-жеті жылдай Ақтөбеде жүрді. Ақтау мен Атырауды байқады. Ақырында ауып-ауырып, жүдеп-жадап ауылына қайтты. Жетісай жақта жеке адамдарға жалданып, жеке құрылыстар салатындарға ілесті. Ұят-аятты жиып тастап.
Табысы, бәрібір, татымады. Алқоры да жері молырақтардың мақтасын мәністеуге кірісті. Шабыққа шығады. Суаруға жегіледі. Күз бойы терімнен тыным таппайды. Көсек қауашағы қажаған қолдары тұтас көсеуленді.
Алмабегі өз бетінше Шымкентке тартты. Өзінше үйленді. Жызақ жақтағы Алшагүлдің артынан артынып-тартынып төсек-орын апару мен қайтарма құдалық атқару жұтқа ұшырағандай күйге түсірді. Мектеп қабырғасындағы Жүзімай мен Жұлдызай күн өткен сайын өсіп келеді. Ас-ауқаттан ахуал арттырмақ керек-дүр. Киім-кешек жағынан да қыз балалардың талап-талғамы қиын-ақ. Қым-қуыттанған заманда.
Екі мың алтыншы жылдың жазында Жетісай жақты да жылы жауып, біржолата ауылына оралды. Тоқсабаңыз. Тапқан-таянғанын Алқорының алдына тастады. Екеуінікі бумалай біріктірілді. Аздап-аздап шүйіркелесе шүңкілдесті. Алмабектің қайынжұртын құдалыққа шақырды. «Ештен кеш жақсы» десті. Құтылғандарына қуанысты. Жызақ жаққа барып, бесік той атқарысты.
Арада және жыл жылыстаған. Екі мың жетінің көкөзек көктемінде Тоқсаба тағы Батыс бағытқа бетбұрыс жасамаққа бел буды. Үй-жайы мен қора-қопсысын бажайлап байқаса, ел-жұртының ең соңында ілбиді екен. Шарбағының шырпыларына дейін күйрепті. Жыңғыл шыбықтар ғана жапырыла жығылудан сақтап тұрыпты. Әке-шешесінен қалған қара шаңырақтың сүйегі мықтытұғын. Қаншама берік дегенмен, қабырғаларының қарауыта қабарған тұстары, сызаттана жарылған жерлері жүрегін сыздатты.
Тоқсабаңыз өз мекиені Алқорыға өзекжарды ойын білдірмекке бекініп, үйіне кірген. «Батысқа қайта бармақпын. Несібе іздемекпін. О жақтың жағдайы жақсарыпты», – дегендейін мән-мазмұндағы мағлұмдамасын қоңырқызыл мекиендейін оң аяғын сәл-пәл көтеріп, сол аяғын сыз еденге нық басып, нан илеп тұрған Алқорысы мұқым-мүлде мақұлдамайтынын нымшасының желке тұсымен-ақ анық аңғартты. Бұрылмаған күйінде: «Батысқа бармайсың», – деді. Көгілдірлеу керсендегі зуаласын зәктенген шаңыраққа жетеғабыл жоғары көтеріп, қайтадан зірк ұрды. Ұнның ұрпағы бұрқ етті. «Мал тапқыш, ырзық іздегіш болсаң, Астанаға неге аттанбайсың? Жүдә батысшыл бола қапсың», – деді.
Сүмірейіп, сыртқа қарата беттеген. Тоқсаба. Табалдырық алдындағы тепкішектен түсе бере сәл сүрінген. Қожайынның жүні жығылғанын сезген тарғыл қоразыңыз қоқиланған. Төрт тұсында төрт мекиені. Төрт құбыласы түгел.
«Алқорының айтқанын да тыңдайық. Астанаға қарата қамданайық», деп күбірледі Тоқсабаңыз. Тыраулаған тырналар оралған күндердің бірінде Сарықамыстан да сызашықтана соқпақ салынды. Астана жаққа.
Аузынан қағынған екен-ау сонда Алқоры.
Астананы аузына алып несі бар еді-ай?! Десеңізші...
Алғашқы айларда алпысыншы және жетпісінші жылдардың адамдары секілденіп, сезімталдыққа буылып, бірталай мәрте хат жазған. «Астанадан сәлем!» деп. «Есіл өзені жағасында жүріппіз» деп. Кейініректе: «Жөндемді жұмыс жоғырақ боп тұр», – деді. Жарты жыл жылжығанда, көңіл-күйі көтеріліңкіреп: «Қамқоршы жандар жоқ емес екен. Өз мамандығыммен қайта қауышқандаймын», – деді. «Өзімді, өзім тапқандаймын. Жатақхана жағы ғана қинайды. Бәрі реттелетін сыңайлы», – дегендейін жаңалықтар жетті. Әуелгіде ай сайын жиырма-отыз мың теңге салатын. Бірте-бірте қырық мың, кей-кейде елу мың алатынға айналды. Алқорыңыз. Жаман емес, әрине. Азық-ауқатқа, азын-аулақ керек-жараққа сеп болып, жоғарырақ сыныптарға сырғыған қыздарының реңдері кіріп, жүздері жылыңқырады. Жылап-сықтаулары сиреңкіреді.
Екі жылдай әлсін-әлсін оралып соғатын Тоқсабаңыз екі мың тоғызыңыздың ортасынан бастап ат ізін салмаған. Жаз соңына таман ғана Ташкентке өтіп бара жатып, аз мезетке аялдаған. Мейлі ғой. Аман жүрсінші. Есен күлсінші. Деп ойлап, көргеніне мәзденген. Алқорыңыз. Тоқсабасы қалта телефонға қарқ қылып қайтқан. «Қорықпа. Қыздарың үйретеді», – деді. Өзі өзгешелене өзгеріпті. Бұрынғы Тоқсаба емес. Басқаша. Жүріс-тұрысы. Күлісі. Қимыл-қылығы. Кинолардағы кәсіпкерлер ме, бай-бағлан бизнесмендер ме, сондай-сондайлар секілденіп, сарт та сұрт етеді. Қара шандырлана қылқиятын мойны жұмырланыпты. Ұртындағы ұра-ұра шұқырлары, жыра-жыра әжімдері әжептеуір-ақ тегістеліпті. Жон арқасы тіктеліпті. Шымқай көк кәстөм-шалбары құйып қойғандай. Жарасады. Күйеуінің келбет-көркінен, бой-басынан кінәрат таппады. Бір бума ақша ұстатты. Алқорыға. Ақша шіркін жақсы ғой. Алайда, Тоқсабасы әлдеқайда алыста-а-ап кеткендей ме, қалай? Жүрегінің басы ашыңқыраған. Астанаңыз ағартып жіберіпті. Алқорының қараторылау Тоқсабасын. Қалталарына сала беретін қолдарының сыртына дейін ақшылтым тартқан. Қалта телефоны қайта-қайта шырылдайды. Үй айналып барып сөйлеседі. Алқоры таңданады. Алғаш қосылғанда ма, қосыларда ма, айтқанындай, осы Тоқсабасы туылар жылдың сәуірінде ше, ғарышқа алғаш мәрте адам-затыңыз ұшқан ғой. Сарықамыстың мектебіне Гагарин аты қойылған ғой. Ол кезде «ғарыш» және «ғарышкер» деген сөздеріңіз санада жоқ қой. Осы Тоқсабаңыздың есімі Космосбек немесе Космонавт боп кете жаздапты. Ауылға келе қалған әлдебір қария: «Мына мен ашаршылықта қырылған бір үйдің он перзентінен аман жортқан жалғыз ем. Бұ бала кім боса-дағы, тоқ жүрсін. Аспанды тесіп ұшпай-ақ қойсын. Тоқсаба босын ныспысы», – деп нықтапты.
Тоқсабасы Ташкентке соққан әлгі сапарында әлденені айтпаққа оқталғандай, алайда, айта алмай, қимай-қимай кеткендей көрінгенін кейін ойлаған. Алқорысы.
Мінекиіңіз, екі мың оныншы жылыңыздың жып-жылы күзінде, теректер тершіп тұрғанда, Астана жақтан аспан тесілгендей, ғарыштан тосын ақпарат шошынта жеткен. Алғаш «ақ алтын» теріп жүрген қатын-қалаштар Алқорыдан алысырақ кетіп күбірлескен. Сәлден соң кейбіреулері көпе-көрінеу күрсінісе көз қиықтасқандай, кейбіреулері күлмеңдесе қарасқандай сезілген. Әлдебір нәрсенің, қандай да бір тірліктің тікелей өзіне, қара басына қатысты екенін сезініп, қарадай қалтыраған. Қайтадан қарағыштап еді, жаңағылар жым-жылас жоғалғандай. Жүйек-жүйектерді бойлап, жыпылдап ұзап барады.
Кешке қарай, тұт ағашының түбіндегі қою көлеңкеге көсем қатындар көбірек жиналды. Өзгелері де жақындасты. Біреуі бұған қарап қол бұлғады. Алқоры қорқа-қорқа қадамдады. Аузы батыр, адуынды атанған, баяғы КСРО аманда байы бөлімше басқарған, бүгінде «ақ алтынды» өлшеп қабылдайтын таразбан бике сөз бастады-ай сонда. Баптана таптанып. «Ай, айналайын Алқоры! – деді мүсіркей мүләйімсіген кейіппен. – Астанадан хабарың бар ма?»
Алқоры теңселіп барып талып түсті. Бетіне су бүркіп, есін жинатты. Естиярлар. «Ойбай-ай! Ойбай-ай! Жеңеше-е-е! – деп зар еңіреді есіне келер-келмес күйдегі Алқорыңыз. – Жаңа-жаңа жарығандай болып ек. Аман ба екен алтын-е-е-ем... Астанадағы алтын-е-е-ем... Бас ие-е-е-ем...»
Таразбан бике бүйдеді-ау кенет: «Әй, Алқоры! Әлі ештеңе естірткен жоқпыз ғой. О несі-ей, а?! Ал, айтайын енді. Естіртейін енді. Сал құлағыңды. Жина есіңді. Есіз қағыр еркектердің бәрі сондай. Астанадағы алтының аман. Оттан ыстық ойнас тауыпты. Тіллә қауынның тілігінен тәтті тоқал алыпты. Ал, аңырай бер енді. Ал, боздай бергін. Әл-ті-не-е-ем деп. Әмән бә еке-е-ен деп...»
Алқорыңыз меңірейді. Таразбанның ашуы қайтыңқырады. «Бұл – өсек емес. Байыңмен бірге кеткендердің ішіндегі өмірі өтірік сөйлемейтін, жақын жекжатымыздың шын сөзі.
Сол күні Сарықамыстан және сол төңіректердегі басқа да ауылдар мен кенттерден жиналып кеп мақта теретіндер қас қарайғанша қызғын пікір таластырған.
Алқорыны бәрі ұмытқандай. Жалғыз қайтқан. Қараңғылық қаншама қою болғанымен, ай туғанда айнала жарқырап сала берген. Жүзімай мен Жұлдызай түкпіргі бөлмеде сабақ әзірлеп отырыпты. Ай сүтінің жер бетіне соншама саулап құйылғанына қапаланды. Дәл бүгін қара түнек жағатындай еді. Жанына. Жай-күйіне.
Күндізгіден бетер жарқыраған Сарықамыс гу-гу. Тоғайдағы қамыс-құрақ ду-ду. Жанып жөнелгендей. Барлық үйде тек қана Тоқсабаның тоқал алғаны айтылып жатқандай. Теледидардан да. Бетін басты. Қос алақанымен сипалай төмен түсірді.
Үйіне кіріп, ұялы телефонын тапты. Таптап-таптап тастағысы келді. Таптамады. Табалдырықтан аттап, тас тепкішекке шықты. Тасқа тастағысы келді. Тастамады. Қора-қопсының артына қарай айналды. Астана тұстан ай жарқырайды-ай. Алқорыны мазақтап.
Денесі тоңазыды. Қалтасындағы телефонды қайта суырды. Сорайған соралардың арасына лақтырғысы келді. Лақтырмады. Екі қызы екі жақтап үйреткен. Тілдеспек адамның атын тергенді біледі. Сөйлесе сала өшіргенді біледі.
Жанарынан жас сорғалады. Тарам-тарам. Титімдей телефонға тырс-тырс тамды. Алақаны ашыды. Саусақтары дуылдады. Терді. Термешеледі. «Тоқсаба» деген жазу көрінді. Өшіре салды. Өршеленіп. Қайтадан терді. Сабыр сақтап, құлағына тосты. «Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның телефоны сөндірулі», – деді. Әлдебір әйелдің сүйкімсіз, салғырт дауысы. Әлденеше мәрте термешеледі. Мұздаған құлағына тосты. Әлгі әйел үш тілде кезек-кезек безектеді.
«Айдың да аясынан тыс жерде... Жүрген шығар... Жатқан болар, бәлкім», – деді ызаға буылып.
Бірер жылдан бері Мақталы ауданында тамшылатып суару әдісі жаппай қолға алынып, қызу қолданылып жүрген. Сол түнде Алқорыңыз-дағы үйіргелік телімінің талай-талай тұстарын көз жасымен тамшылатып суарған-ды.
Таң атқанда тастүйін шешімге тоқтады. Жыламайды. Мұң шақпайды. Түк болмағандай, дым білмегендей кейіпке кіреді. Мызғымас та мізбақпас. «Астанадағы алтыным аман ба екен?!» – деген өзі. Дүйім әйел әлемі алдында. «Өліпті» деген хабары жеткенде ше? Қайтетұғын еді?! Беті әрмен. Аман жүрсін. Жақсылы-жаманды жиырма бес жыл бірге өмір кешіпті. Ширек ғасыр. Аз емес. Анау бір кездері Ақтөбеде алып қойса қайтетұғын еді? Тоқалды. Қалып қойса, қайтер еді? Біржолата. Онда жүдә жас еді ғой. Екеуі де. Сабыр керек. Деп түйді. Күйінді де түйінді.
Апта аралады. Арада. «Абонент байланыс аясынан тыс жерде...» дейтұғын әйелдің үні өшкен. Қоңырауы жеткен. Астанаңызға. Тоқсабасының дауысы дірілдейтіндей. «Рас па?» – деген. Алқорысы. «Солай болды, – деген Тоқсабасы. – Келесі жексенбіде бара жатырмыз».
Аспан тағы тесілгендей. Ғарыштан ғашықтар түсетіндей.
Екі қызын екі жағына алып, Алқорыңыз апта бойы, күні-түні үй-жайлары мен қора-қопсыларын тазартты. Әктеп-сөктеп әлектенді.
Жексенбі күні, жақұттай жайнаған алтынсары күздің ертеңгілігінде, қызылжалқын жапырақты өріктердің арғы жағынан ағараңдаған қос «Джип» пен сүлік қара «Тойота-Камри» көрінген.
Сарықамыс ауылы гу-гу.
Алдыңғы ақшаңқан «Джиптің» тізгініндегі Тұмариістұғын. Жанындағы Тоқсабасы. Екінші ақшаңқанның ішінде Тұмариістің ең жақын, ең сенімді, ең қымбат достары – ерлі-зайыпты екеу келеді. Сүлік қара «Тойота-Камридің» меңгерігінде – мәз-мәйрамдығын жөндеп жасыра алмай жайнаңдаған Алмабек батырыңыз. Артқы орындықта – келіншегі, бала-шағасы. Қай Алмабек дейсіз бе? Ойбай-ау, Шымкенттің шетінде пәтер жалдап, әзер тіршілік ететін, Тоқсаба мен Алқорының Алмабегі ғой.
Үш бірдей суперкөлік екі мың оныншы жылыңыздың күзінде Сарықамыс ауылына сән-салтанатпен кірді. Сарықамыстың сиырлары тұяқтарын сырт-сырт еткізіп, өріске беттеген, жалқау қатындар кейбіреулерін кешірек сауып, қуалап қосатын шақ еді.
Ең ескі үй-жайдың ауласында тізілді. Суперкөліктер. Есіктері сарт та сұрт, сарт та сұрт. Жатырқасқандар жоқ секілді. Состиып кідіріскендер кем секілді. Танысу мен табысу басымырақ тәрізді.
Алқоры аздап-аздап сұрланыңқырап барып басылғандай. Сыр бермеске бекінген. Серт еткен. Бәрімен емін-еркін есендескен. «Тұмариіс» деп, сүп-сүйкімді, аппақ, балғын қолын ұсынғаны – сол ғой. Сол.
Тоқсабасы тіке қарамады. Қарай алмай, көзін тайдырып әкетіп, иығынан бүріңкіреп, қысыңқырап қойғанын-ай. Алқорыдан кешірім сұрағаны ма, кім білсін-ай, кім білсін. Алмабегіне ғана Алқорыңыз сәл сыздаусыды. Ентелей жақындағанын жақтырмады. Бетінен салқындау сүйді. Келінін кінәламайды, әрине.
Бес-алты баклашканың түбін ойып, бастарын төмен тұқыртып, қолжуғыш етіп қойғандары дұрыс бопты. Астана мен Шымкенттен келгендер шетінен жуынып-шайынды. Әсіресе, Тоқсаба мен Тұмариістің бір-бірінен алыстамай, икемдесе, ишараласа жұптасып жүрістері жараспайды деу қиын еді. Жол киімдерін жөн киімдеріне жылдам ауыстырып алыпты. Екеуі де. Бірге ілесіп келген ерлі-зайыпты достары да.
Темір көліктерден тең-тең дерліктей дүниелер түсірілген. Тарту-таралғылар. Сый-сияпаттар. Алқорының шашылып-төгіліп дайындаған дастарқаны еселене кеңейген. Астаналықтардың арқасында. Әуелім әулеттің етжақын жанашырлары жиналды. Кішігірім кеңес өтті. Нақ-нақ, қысқа-қысқа, тап-тұйнақтай түсініктер берілді. Кешірім сұралды. Тоқсаба мен Тұмариіс тараптан. Бәрі белгіленіп, шешіліп қойылған мәселелер мәнзелдес. Мәністелген. Астанадан ілесіп жеткен ерлі-зайыпты жолдастары заман және зырлаған уақыт, адам мен қоғам және әлемдік әйдік үрдістер хақында бес-бес минуттан ғана ой-пікір үстеп, жағдайды жайбағыстады.
Тоқсаба мырза мен Тұмариіс ханым сағат үш пен бестің арасында ауылдағы жамағайын жақындар мен көрші-көлемді жинап, құдайы тамақ берілгені жөн боларын жеткізді. Елең-алаңнан астаналықтар қайыра жолға шықпақ екен.
Құдайы тамақ уақтылы өткерілді. Ақсақалдар бата берді. Артық-ауыс сөз болған жоқ. Тоқсабаның таңғаларлықтай тағатты һәм талғаулы тұрпатына, Тұмариістің таңғажайып табиғатына тамсанған жұртыңыздың пәлендей пәтуасыздыққа ұрынбағы мүлде мүмкін емес-ті.
Бәр-бәрі заманауи райда, жып-жылы шырайда өрбіді.
Тұмариіс тыным таппаған. Талдырмаштығынан танбаған тал бойы қай шаруаға да икемді. Үй тірлігін үйіріп әкетеді екен. Сөйтіп жүріп-ақ, «сотыбиімен» сағат сайын сөйлеседі. Компьютер-планшетімен жұмыс істейді. Әлдекімдерден есеп-қисап қабылдайды. Бәзбіреулеріне тапсырма табыстайды. Сөйтіп жүріп-ақ, Алқорыңызбен аздап-аздап шүйіркелесуге, мектепте оқитын екі қызбен біраз-біраз сырласуға уақыт тапты.
Түн ортасы таянды. Дастарқан жиналды. Табақ-аяқ тап-таза. Киім-кешек, сыйлықтар тапсырылды. Тарту-таралғылардың арасында Жүзімай мен Жұлдызайға жеке-жеке ноутбуктер де бартұғын.
Тұмариіс ханым өзінің кім екенін, немен айналысатынын біразырақ баян етті. Мақсаттар мен жоспар-жобаларды ортаға салыңқырады. Түйіндемесі мынадайтұғын. Шамамен. Бір мың да тоғыз жүз алпыс сегізінші жылы туған. Алматыдағы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша тәмәмдаған. Алғаш ауылдық ауданда істеп, артынша қала қызметіне ауысқан. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап-ақ бизнесте. Бес-алты жыл қатты қиналған. Марқұм әке-шешесі көп көмектескен. Алматыда шағын зауыттары мен сауда кешені бар. Қазір Астанада тұрады. Елордаңыздағы Есілдің сол жағалауында. Коттеджде. Ірі құрылыс фирмасын Тоқсабаның басқаруына толық өткізген. Танысқандарына екі жылға, табысқандарына бір жылға жуықтаған.
Түйіндемеден тысқары түсініп-түйгендері де бар. Сарықамыстықтардың. Тоқсабаңыз талантты инженер, керемет құрылысшы екен. Қор боп жүріпті. Екі жыл бұрынға дейін. Бүгінде елордаңыздағы, Есілдің сол жағалауындағы екі бірдей құрылыс кешенінің тікелей авторы әрі салушысы. Қысқа мерзімнің ішінде Астананың құрылысшы қауымы мен сәулетшілерін түгел мойындатқан. Талантымен. Тындырымдылығымен.
Тұмариістің ашық-жарқындығы, түкті де жасыра алмайтын ақкөңілдігі Алқорыны аң-таң етті. Оңашада қайта-қайта құлағына сыбырлап, талай-талай сырларын сіңіргені-ай. Тұрмысқа жиырма жеті жасында шығыпты. Күйіп-жанып, сүйіп-қалап қосылған жігіті кінәратты екен. Ондай жағдайын жігіттің өзі де білмесе керек... Содан кейін, күйеуге тимеген. Ондайды ойламаған. Тек бизнеске берілген.
Алқоры аяған. Қатты-қатты. Түн ортасынан ауғанда тағы оңаша қалған. Екеуі. Тоқсаба тыстан ішке кірмеген. Қора-қопсысының жанында ойланып отырғандай. Ескі тонын жамылып. «Құрсақ шашу бергенімізге бір ай боп қалды, сізден жасырарым жоқ, – деді Тұмариіс Алқорыға. – Енді сіз екеуміз бір адамбыз ғой. Өсек тыңдамайтын адаммын мен, әпкетай. Өсекті тыңдамасаң, ол өледі. Өсекті сөйтіп өлтірейікші сіз екеуміз. Сіз де соған үйреніңізші. Мүмкін боса. Ал, біз таңертең ертелеп жолға шығамыз. «Тойота-Камриді» Алмабекке тарту еттік. Шымкенттен пәтер әпереміз. Мына үй-жайларыңызды бұзып тастап, қайта салумен Алмабек айналысады. Қаржы-қаражаттан қам жемеңіздер. Жүзімай мен Жұлдызай қалаған университеттеріне түсіп, бітіргенше менің тікелей қамқорлығымда болады. Бірақ, әпкетай, екі қызға да, Алмабекке де айрықша талап қоямыз. Заманға сай. Жауапкершіліктерін жоғарылата түсеміз. Ол өздеріне пайдалы, түсініп отырсыз ба?»
«Адам боп кеткендері жақсы ғой бізге», – дейді Алқоры.
«Сіз «ақ алтын» терімін тоқтатып, өзіңізді күтіңіз, әпке, – деді одан әрі Тұмариіс ханым. – Ай сайын Астанадағы «Ақсұңқар» ЖШС есебінен елу мың теңге аударылады. Жеке өзіңіз үшін. Жетісайдың жылы суына, Жаңақорғанның ыстық балшығына барыңыз. Сарықамысқа Сарыағаш та тиіп тұр емес пе?»
«Иә-иә, жақын ғой», – дейді Алқоры.
«Әпке, – деді тағы Тұмариіс аздап күрсініп. – Тоқсабаңыз кеп тұрады. Қорықпаңыз. Аңсары ауып, сағынса, ешқандай тежеу мен тұсау жоқ. Шекара мен шектеу жоқ. Әрине, қаншама қырғын тірлік инженерлік иықта. Түсінесіз ғой. Көбінесе Астанада болмаса, қиын. Түсініп отырсыз оны...»
«Түсінемін ғой. Неге түсінбейін», – дейді Алқоры.
Елең-алаңда екі бірдей аппақ «Джип» пен сүлік қара «Тойота-Камриіңіз» жолға шықты.
Астаналықтар аттанып кеткеннен кейінгі жексенбіде ше, Сарықамыс симпозиумы өткен. Баяғы заманда «сельмаг» болған, кейініректе кафеге айналған дәмханада. Сарықамыс симпозиумына қолы бостар, атап айтқанда бұрын бөлімше басқарған, бастауыш партия ұйымының хатшысы болған, бригадир және звено жетекшісі болған, мал дәрігері және мұғалім болған бірқанша зейнеткерлер, бес-алты жұмыссыз және жастар өкілдері қатысқан. Өзбекстанға өтіп кеткен Бостандық ауданына қарасты Маңырама қыстағынан келгендерді қосқанда, бұл жиын халықаралық мәніске иетұғын. Симпозиум деуіміз сол себептен.
Симпозиум сағаттан сағатқа созылды. Тоқсаба мырза мен Тұмариіс ханым хақында талқылау таусылмады.
«Тоқсаба Торытайұлы өз ныспысына сай боп шықты, атын ақтады. Біз жерлесімізді мақтамаймыз. Біз Тоқсабамен мақтанамыз». Десті.
«Тұмариіс келін жетпіс бесінші жылы Мақталыға облыстан келген келіншекке, ауатком төрағасының орынбасары боп сайланған сұлуға ұқсайды екен. Айнымайды». Десті.
«Ауатком орынбасарын қайдам-ау, қайдам. Сексен үштің күзінде, Андроповтың тұсында Келестен келген үшінші хатшыға ұқсайды. Көркемдігі». Десті.
Симпозиумға қатысушылар қорытынды қарар қабылдады. Ол былайтұғын. Шамамен алғанда. Бірінші бап: «Тұмариіс-Тұмариіс дейміз-ау, ағайын. Таңданып. Тамсанып. Қаншама жерден мықты босын, баяғы патшайым апамыздың атын иеленсін, бәрібір. Тұмариіс ханым – Тоқсабаның тоқалы». Екінші бап: «Сарықамыс санасы мен адамзат дамуының арасындағы алшақтық асқынған. Ал, Тұмариіс ханымның Тоқсабаға тоқал болуы, сол алшақтықты қысқартуға қызмет етпек».
Кафе іші у-шу. Гу-гу. Ду-ду.
«Жұғысты босын», «Жұғысты босын». Десіп, жымыңдасқандар еселенді.
Тап сол сәтте кафе қабатындағы жекеменшік азық-түлік дүкенінен бір қора қатын-қалаш шыққан. Олар негізінен Сарықамыстың сарқарын бәйбішелері мен мақта теруге жарамайтындар, той-томалақтарға барарда және қайтарда қиқаң-сиқаң, қиқаң-сиқаң ететіндер, үйрек секілденіп, екі жақтарына жығыла жаздап жүретіндер, яки біресе оң иықтарына қарай, біресе сол иықтарына қарай құлап кететіндей көрінетіндер еді. Бұларыңыздың талқылауы да Тоқсаба – Тұмариіс төңірегі мен Алқорының айналасында ғой, әрине.
Ал, Алқоры бәйбіше биылша сыр алдырмайын деп шешіп, «ақ алтын» теріміне жегілуден танбады. Ой-санасы өсекте емес. Көсекте. Қозаның көсегінде. Алайда, аздап-аздап аунақшиды-ау. Төсегінде.
Алмабек Сарықамыстан салынатын болашақ үй-жайының жобалық-сметалық құжатын Шымкенттің шебер сәулетшілеріне жасатып, біржола бекіттіру үшін Астанаға аттаныпты. Деседі.
Күлімкөз күз мамыражай мінезінен танбай тұр. Тек оқта-текте қырау қылаулайды. Таңға жақын ғана. Шарбақтың аяғындағы тақта телімде, жыл сайынғы күзде, Жүзімай мен Жұлдызай қарала қауынның көктүйнегіне дейін кеміріп жеп жүруші еді. Енді ептеп-ептеп қана көз қиықтасаңыз, шикі шапшаңыз түгілім, бүйірлері сап-сары, көгілдір керсендей қауындарыңыз сұрғылт қырау астында, солған пәлек үстінде дөңкие төңкеріліп жатыпты-ай.
Мархабат БАЙҒҰТ.