30 Қыркүйек, 2016

«Достықтың» пейілі тарылып тұр

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облы­сының Мақта­арал ауданында 330 мың халық тұрады. Олар негізінен мақта өндірумен айналысады. Аудан республикада өндірілетін мақтаның 70 пайызына жуығын береді. Ауданда 136 мың гектар суармалы жерлердің 83 мыңына мақта егіліп, жыл сайын мол өнім алып келген. Алайда, соңғы жылдары аудандағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету үлкен проблемаға айналуда. Ағын су Қырғыз, Өзбек, Тәжік мемлекеттері арқылы өтетін Сырдария өзенінен алынады. Мақтаарал ауданының үштен екі бөлігін ағын сумен қамтамасыз ететін «Достық» каналы Өзбекстан аумағынан бастау алады және ол сол елдің меншігінде. Биылғы жыл аудан бойынша қажетті 1млрд 116 млн текше метр ағын судың 980 миллионы ғана немесе 87,8 пайызы алынды. Оның өзі де кешігіп, вегетацияның соңына қарай берілді. Ал ағын судың ең керек кезі шілде мен тамыз айының басында «Достық» каналынан қажетті 310 млн текше метр судың 93 миллионы ғана беріліп, егілген дақыл­дар, әсіресе, мақта шілдедегі 45-47 гра­дус аптап ыстықта суарылмай, шөлден зардап шекті, 1500 га жер мүлде суарылмай қалды. Әрине, бұл жағдайда мақтаның өнімділігі, сорты, салмағы төмендейді. Шаруа­лардың ала жаздай аптап ыстықта еткен еңбектерінің қайтарымы төмен болады. Мұндай жағдайлар Сырдария бассейнінде орналасқан мемлекеттердің үкіметтері арасында өзен суын тиімді пайдалану туралы алдын ала келіспеушіліктің және туындаған проблемалардың үкіметаралық деңгейлерде алдын ала уақтылы шешілмеуінің салдарынан болып отыр. Осыған сайлаушылар тамыз айының соңында болған кездесулерде өздерінің наразылықтарын айта келе, алдағы кезде осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуді менен тілек еткен болатын. Міне, осы тілекті ескере келе, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа төмендегідей өтініш білдірілген депутаттық сауал жолдадым:
  1. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарын ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін шекаралық Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалану туралы тиісті мемлекеттердің үкіметтерімен алдын ала жыл басынан нақты шаралар қарастырып, оның орындалуын қатаң бақылауға алуды;
  2. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданын ағын сумен қамтамасыз ететін Өзбекстан меншігіндегі «Достық» каналы арқылы берілетін ағын су көлемін нақтылап, алдын ала үкіметаралық келісімшарт жасау туралы тапсырма беруіңізді өтінемін.
Үкімет басшысы мәселені оң шешер деген үміттемін. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты