01 Қазан, 2016

Ақын атындағы мектепке – жарты ғасыр

578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20160924_175506Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы, Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы, – деп жырлаған Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназияның 50 жылдық мерейтойына арналған «Ашық есік күні» өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген салтанатты жиынға елордадағы аталған білім ордасының ардагер ұстаздары, әр жылдары мектеп бітіруші түлектер және алыстан ат арытып келген арнайы қонақтар қатысты. Айта кетейік, аталған білім ордасы тұңғыш рет Октябрьдің 50 жылдығы атындағы №2 орта мектеп деген атаумен 1966 жылы ашылған болатын. Мектептің тұңғыш директоры Михаил Гаврилович Кузнецов болды. Ол мұғалімдерді ұсыныс бойынша және конкурстық негізде қабылдаған. Ал 2001 жылы орта мектепке  мектеп-гимназия мәртебесі, сонымен қатар қабырғалы ақын Ғафу Қайырбеков есімі берілді. Содан бергі уақытта әрбір мұғалімнің сабағы, сыныптан тыс жұмыстары, сынып сағаттары Ғафу Қайырбеков шығармаларымен тығыз байланыс­та өткізіліп, ақынның өмір жолымен танысу дәстүрге айналған. Кеш шымылдығы №2 мектеп-гимназияның директоры Гамиль Шаймердиновтің құттықтау сөзінен бастау алды. Содан соң ардагер ұстаздар қауымы өздерінің сүйікті мектептеріне деген жылы лебіздерін білдіріп, қызықты естеліктерімен бөлісті. Ардагер ұстаздар мектеп қабырғасында өткізген әрбір күндерін сағына еске алды. Шара шеңберінде, келген қонақтар 2002 жылы мектеп ішінен ашылған Ғафу Қайыр­беков мұражайына ат басын бұрды. Мұражайдың іші ағамыздың көзі тірісінде кәдесіне жаратқан дүниелерімен жабдықталған. Ақынның қолданған заттары: үстел, орындық, радиоқабылдағыш, қаламдары, көзілдірігі, шырпы мен күлсалғышы, т.б. қойылыпты. Кезінде өзі ұстаған папкасы мен қолжазбалары да өткен күндерден сыр шертеді. Осы заттарды көздің қарашығындай сақтап, мұражайға тапсырған Ғафу Қайырбековтің жұбайы Бәдеш Хамзақызына алғыстарын білдірген мектеп ұжымы ақын өмірі мен шығармашылығына тоқталып, мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы біраз жаңалықтан хабардар етті. Көркем шығармаларын, құнды жәдігерлерін қастерлеп, бағалай білетін ұрпағы бар Ғафу ақын мәңгі жасай бермек. Содан соң 11 сынып оқушылары дайындаған «Ұстаз – мектеп жүрегі» атты тәрбие сағаты тамашаланды. Сабақ барысында концерттік нөмірлер, интерактивті ойындар және қонақтарға шағын естелік сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік жиын соңы оқушылар мен кәсіпқой әртістердің («Наз» би тобы, әнші Бахтияр Омаров және Астана қаласы Өнер университетінің тарландары) қатысуымен қойылған концерттік бағдарламаға ұласты. Мереке соңында мектеп тарихы жайлы журнал мен гүл шоқтары сыйға тартылды. Осылайша әсерлі өткен мектептің 50 жылдық мерейтойы қатысушылардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист