Қостанай облысының қасиетті Меңдіқара топырағында өніп-өскен Көшмырза әулетін жерлестері «ұстаздар әулеті» дейді. Десе дегендей-ақ. Бұл әулеттің 16 ұл-қызы мен келіндері осы мәртебелі мамандықты қалап, халық ағарту саласында жемісті еңбек етіп, ел-жұрттың ілтипаты мен ықыласына бөленген. Көшмырза шаруа адамы, еңбекқор кісі болатын.
Көшмырза ата-анасының ұйғарымымен Рақыш есімді бойжеткенмен отау құрды. Жас келін ерте тұрып, кеш жатып, үйдің шаруасын үйіріп әкетті. Ахметтің шаңырағына құт-береке ала келді. Араға бірер жыл салып тұңғыштары Жұмаш дүниеге келді. Қазақы дәстүр бойынша оны кемпір-шал бауырына салды. Екі жылдан кейін Қажымұқан өмірге келді. Өздерінің бұл баласын айрықша мәпелеп, аялады. Одан кейін Әлмұқан есімді бала дүние есігін ашты. Екі шекесі торсықтай осы қызылшырайлы ұлын ерекше жақсы көрді. Ал одан кейінгі баласының есімін әскерде жүрген әкесінің інісі Қасым «өмірі сәулетті, тұрмысы дәулетті болсын», деп Құттыбай қойыпты.
Осылайша жайма-шуақ бақытты күндер өтіп жатқанда тұтқиылдан Ұлы Отан соғысы басталды. Ел-жұрт күңіренді. Жастар майданға, ал үлкендер жағы еңбек армиясына алынды. Көшмырза да Орал бойындағы Златоуст қаласында қару-жарақ шығаратын зауытта қара жұмысшы болып істеді. Ол кісі туған еліне аман-сау оралған соң да еңбекке белсене кірісті. Жүдеген, азған елдің шаруасын көтеруге өзіндік үлесін қосты.
Дүниеге Ермұқан, Дәулетбай, Бекежан келді. Ата-анасы күн ұзағына колхоз жұмысында жүргенде балалардың ересегі Жұмаш пен Қажымұқан үйдің барлық тауқыметін көтерді. Рақыш шешеміз он құрсақ көтерген кісі. Бір ұл, екі қызы жастай шетінеген. Өздері қараңғы болса да балаларының оқып, білім алуына қамқорлық жасады. Балалары да оқуға зерек әрі ынталы болды. Бәрі дерлік жоғары білім алып, алтауы мұғалім мамандығын қалады. Тек Дәулетбай дәрігер болуды ұйғарыпты. Ол ұзақ жыл Меңдіқара ауданында бас дәрігер болып, жемісті еңбек етті.
Үлкендері Жұмаш әуелі Қостанайда оқып, кейін Оралдың пединститутын бітірді. Білімді ұстаз, іскер басшы ретінде танылды. Көп жыл Меңдіқара ауданы Көктерек ауылдық мектебінде директор болып істеді, аудандық, облыстық оқу бөлімінің мақтау грамоталарымен марапатталды. Өкініштісі, абзал азамат өмірден ертерек өтті. Ал оның артында қалған балаларының үлкені Гүлбану әке жолын қуып ұстаз болды. Көп жыл тарих пәнінен сабақ берген ол қазір А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу-әдістемелік басқармасында аға әдіскер.
Жұмаштан кейінгі Қажымұқан да ағасы сияқты мұғалім болуды қалады. Қажекең ұстаздық еткен 51 жылының 25 жылын туған ауылында мектеп директоры болып істеді. Бұл кісінің қажырлы да жемісті еңбегі лайықты бағаланды. Ол КСРО және Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі. Меңдіқара ауданының құрметті азаматы. Қажекеңнің бес баласының үшеуі – Тұрсын, Дәметкен, Көпжасар да ұстаздық жолды таңдады.
Әлмұқан да ағаларының жолын жалғастырып, мұғалім болды. Тура 40 жыл мұғалім болған оның еңбек кітапшасында бар-жоғы үш жерде жұмыс істегені тіркелген. Әлмұқанның үлкені Гүлнәр жоғары білімді ұстаз. Бүгінде Қостанайдағы №24 «А» қазақ бастауыш мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Ал Зибагүл мен Анар мектепте мұғалім. Айгүл де балабақшада тәжірибелі тәрбиеші.
Көшмырза ақсақалдың Құттыбайы да әулет үшін атакәсіпке айналған ұстаздық жолды таңдады. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол көптеген лауазымды қызметтерді атқарды.
Әулеттегі тағы бір мұғалім – Ермұқан Көшмырзаұлы. Оның жұбайы Бақытжамал да 40 жылдан астам бастауыш сыныпта сабақ берген ұстаз.
Көшмырза ақсақалдың сүт кенжесі Бекежан да ағалар ісін жалғастырып, ұстаздық жолды таңдады. Көп жылдар мептеп директоры болды. Оның әсіресе, Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атындағы орта мектепте атқарған еңбегі өте зор. Ол басшылық қызметке келгеннен бастап, мектептің жаңа тынысы ашылғандай болып, тыныс-тіршілігіне қан жүгірді. Қаладағы іргелі оқу ордасын 15 жылдан бері басқарып отырған Бекежан Көшмырзин – Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Оның жұбайы Айсұлу да шет тілі маманы, білім беру ісінің үздігі.
Иә, айта берсек, Көшмырза әулетінің ұстаздық өтілі 500 жылға жуықтайды екен. Бұл әулет бүгінде үлкен бір қауым – 29 немере, бәрі үйлі-баранды. 40 шөбересі бар Рақыш әжейді жапырағын жайған мәуелі ағаш дерсің. Асарын асап, жасарын жасаған қария тоқсаннан асып дүние салды. Ынтымағы жарасқан, бұл әулеттің қарым-қатынасы сыйластыққа, бауырмалдыққа, ынтымаққа негізделген. Бұлар бір-біріне тілекші, ақыл-кеңес қосып, қол ұшын беріп жатады. Көшмырза ұрпақтары «жасы кіші ініні – ақылы артса аға тұт, жасы үлкен ағаны – жақсы сыйлап жаға тұт» деген нақылды өмірлік ұстанымы етіп келеді.
Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі