Менің өз басымның әскерге сонау 70-ші жылдары көктем айында шақырылғаным есімде. Жап-жасыл мамыр-желектің бұрқыраған иісіне қанып, жаймашуақ күннің нұрына шомылып, жеңі шолақ жейдемен жол қапшығын арқалап, жолға шыққан бозбалалар... Туған жерді қимағанмен, Отан алдындағы міндетті борышын орындауға асыққан жастар кеудесін кернеген қуанышы басым түсіп, танымайтын алысқа аттанып бара жатты. Бұл – Шығыс Сібірде жердің тоңы әлі кете қоймаған кез. Біз автоматты асынып 27 мамырда әскери ант қабылдап тұрғанда жапалақтап тоқтаусыз қар жауды... Көктемгі шақырылым демесең, кеңестік күзгі шақырылымнан айырмашылығы тек жыл мезгілінде ғана болатын. КСРО Қарулы Күштері бозбалаларын болашақ соғыс жағдайына бейімдеу үшін суық жақтан жылы жаққа, ыстық өңірден мәңгілік тоң қатқан аймақтарға «жерсіндіру» үшін осылайша солдаттарын сапырылыстырып қояр еді! Кеңес әскерінің осындай дислокациялық әскери айла-тәсілі болған! Одан... жауынгері де жамандық көрген жоқ!
Қазір Қазақстан Қарулы Күштерінде күзгі шақырылым басталды.
Күртінің (Алматы облысы) бұйрат құмынан көлікпен шыққан жолаушы бір сағаттың ішінде жазық қуаң даланы, өзен-көлді, масатыдай құлпырған көкмайсаны кешіп, Алатаудан гүл теріп, Шымбұлақтан сәл жоғары көтерілсе, мәңгілік мұздақпен беттеседі. Осының бәрі небәрі 100 шақырым қашықтықтың ішіне сыйып жатыр. Қазақ даласы! Ендеше, бүгінгі Қазақ елінің қазақ жауынгеріне Отанының қай бұрышын да, қай табиғатын да жатсынатын жайы жоқ.
90-шы жылдар артта қалды...
Жауынгер әскери бөлімді тастап қашпайды. Ең уайымшыл ата-ана әскери бөлімнің алдын күзетпейді! Өйткені, бүгінгі жас ұлан әскерге баруға өзі құлықты. Маған әркез осынау игі бастама көшінің ең алдында Дәуірбек Баялиев және дәл сол сияқты ондаған жас түлек тұрғандай болады да тұрады. Ұзынағаштың футбол стадионын таң бозынан он айнала жүгіріп, түс ауа сабақтан келісімен зілтемірді сілкілеп жататын Дәуірбек ол тұста 11 сыныпта оқитын. Талдырмаш бозбала бір жылдың ішінде ет алып, күш жинап, өз бетінше әскери комиссариатқа барып, тіпті, Ұлттық ұлан қатарына қызмет еткісі келетінін айтып та салады. Әскерге деген жұрттың сенімсіздігі өршіп тұрған кездегі Дәуірбектің бұл қылығын қалайша ерлікке баламайсың?!
Ел Президентінің шетелдік мәртебелі қонақтарды қабылдайтын Құрметті күзет әскерінде сол Дәуірбек Баялиев үшінші болып сапта тұрар еді. Үнемі теледидар мен басылымдардан кенже ұлдарының бейнесін көріп сүйсінген ата-ананың қуанышын бөліскен қандай ғанибет! Мақсаты биік жауынгер бүгінде білімін де көтеріп, қызметте де өрлеп үлгерді. Сол жылдар Дәуірбектің ұзынағаштық қаншама інілерін ауылдағы орталық стадионға жинады десеңізші! Бәрінің де күзгі шақырылымдағы Дәуірбектей болғысы келетін. Бұл – журналистің өз басы куә болған кең-байтақ еліміздегі бір ғана оқиға!
Қазір Қазақстан Қарулы Күштері аяғынан тік тұрды. Жауынгерлері аз ғана уақыт (12 ай) ішінде ғылымның ең соңғы жетістігі – әскери супертехникалардың «құлағында ойнап», дағдыланып алды. ТМД-ның әскери жаттығу жарыстарында қазақстандық жаяу әскердің де, мотоатқыштардың да, танкішілердің де сан рет жеңімпаз болғанын көріп те, куә болып та жүрміз. Жаның сүйсінеді! Аэроұтқыр күштер құрамаларында қызмет еткен жауынгерлер мен әлем елдерінде бейбітшілік миссиясына қатысып, өрлігін танытқан жігіттеріміздің әскери табыстары өз алдына!..
Биылғы Алматының күзгі шақырылымына болжау жасаған мамандар болашақ жауынгерлердің 80 пайызға жуығының денсаулығының әскери талаптарға сай келгенін жария етті. Үздік көрсеткіш! Осыдан үш жыл бұрын халық депутатының «майтабан, көзі нашар көретін, әлжуаз жастар үшін Қарулы Күштерімізде құрылыс батальондарын құрайық» деген сөзі керексіз болып қалды! Өйткені, жас мемлекеттің жастары да өсті. Олар – Отан алдындағы борышын орындауға әзір!
Осы ұландардың арасында әскерге Дәуірбекше дайындалып барған талай жастың жүргені даусыз! Ақ жол, саған күзгі шақырылым!
Талғат C
үйінбай,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ