Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының ХІІІ өңіраралық форумы аясында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы мен Ресейдің елімізбен шекаралас аймақтарында орналасқан бірқатар облыстарымен арада өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл құжатқа қол жеткізудегі басты мақсат – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ресейлік туристерді көптеп тарту, жаңғырмалы энергия көздеріне, «жасыл» технологияны жетілдіруге байланысты түрлі инвестициялық жобаларды зерттеу және дамыту. Сондай-ақ, меморандум туристік саладағы инфрақұрылымды дамытуға ықпал етуге тиіс.
Қол қою рәсімінде Ұлттық компанияның басшысы Ахметжан Есімов:
– Ресей Федерациясының туристік операторларымен белсенді түрде жұмыс істейміз. Бұл елдің шекаралас аймақта орналасқан, жалпы саны 34 миллион адам тұратын 14 облысының халқы көрмеге келеді деп күтілуде. Олардың арасында Омбы, Астрахань, Свердлов, Түмен облыстары, Татарстан Республикасы бар. Бүгінгі меморандум осы облыстармен арада ынтымақтастықты одан әрі арттырып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келетін адамдар санын арттыруға ықпал етеді деген ойдамыз, – деп атап өтті.
Жалпы, ЭКСПО көрмесінің қандай дәрежеде өткенін айқындайтын басты екі көрсеткіш бар. Ол қанша елдің ат салысқаны және көрмеге қанша адамның келгені. Ахметжан Есімовтің айтуынша, Астанадағы көрмеге бастапқыда 100 ел қатысады деп жоспарланған, бұл көрсеткіш 103-ке жетіп, асыра орындалды. Енді 5 миллионға тарта адамды тарту үшін көрмені барынша тартымды етіп өткізу мәселесі ойластырылуда.
Ахметжан Есімов өз сөзінде көрмеге арналған ғимараттардың құрылысына да тоқталып өтті. Халықаралық шара өтетін аумақтың орта тұсында орналасқан сфера пішіндес ғимаратта Қазақстанның павильоны орналаспақ. Ғимараттың әрбір қабаты ғарыш энергиясы, күн энергиясы, су энергиясы, кинетикалық энергия сынды энергия түрлерін суреттеуге тиіс.
Астрахань облысының губернаторы Александр Жилкин Астанада өтетін айтулы шараның тақырыбы бүгінгі таңда өте өзекті, креативті ойлай білетін адамдар үшін пайдалы деп санайды.
– Болашақтың технологиясына, жаңғырмалы энергия технологиясына қызығушылық танытатын, оны өз көздерімен көру үшін Астанаға келетін адамдардың көп болатындығы анық. Астрахань өңірі жел жиі соғатын, күн энергиясын пайдалану үшін ыңғайлы аймақта орналасқанын ескерсек, біздің бизнесіміз үшін, іскерлік ортамыз үшін де қызықты болмақ. Біздің адамдардың ЭКСПО-2017 көрмесін көру үшін Астанаға келуге деген қызығушылығы жоғары. Қазір Қазақстанның туристік агенттіктерімен тығыз байланыс орнатып, логистиканы дұрыс қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының есебіне сүйенсек, халықаралық көрмені өткізуге әзірлік кестеге сай жүргізіліп жатыр деуге болады. Көрмеге қатысуға өтініш берген елдерге арналған павильондар осы қазан айында беріле бастамақ. Көрме аяқталғанша Астанада тұруға тілек білдірген елдердің өкілдеріне арналған пәтерлер де сақадай-сай. Олар өтініш берген ретіне қарай, қазір дайын тұрған 1370 пәтерге қоныстана береді. Көрме аясында 3 мыңнан астам тақырыптық және мәдени-сауықтық іс-шара өткізіледі, этнотуризмге басымдық беріледі.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»