Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым Парламенттік Ассамблеясының оныншы қысқы мәжілісі кеше өз жұмысын аяқтады. Венаның Хофбург сарайында екі күнге жалғасқан отырыс жария түрде қауіпсіздік мәселелерінің кең ауқымын талқылап үлгерді.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған парламенттік делегацияның жұмыс кестесі көптеген іс-шаралар мен кездесулерге толы болды, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
ЯДРОЛЫҚ ТАРАТПАУ МӘСЕЛЕСІ ҚОЗҒАЛДЫ
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті болып табылатын Қ.Тоқаев Ассамблеяның Саяси мәселелер мен қауіпсіздік жөніндегі жалпы комитетінің мәжілісінде ядролық қаруды таратпау проблемасына арналған баяндама жасады.
Мұндай өзекті тақырыптың Қазақстан тарапынан қозғалғаны кездейсоқ емес. Өлшемі жағынан әлемнің төртінші ядролық арсеналынан бас тартып, осыдан жиырма жыл бұрын ауқымы дүние жүзінде екінші болып саналатын Семей сынақ полигонын жапқан еліміз жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпау мәселесімен жақсы таныс. Жалпы, бұл тақырып Парламенттік Ассамблеяның бірінші комитеті мен ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумының күн тәртібіне сәйкес келеді. Еске сала кетейік, бұл форумға Қазақстан биылғы жылдың соңғы төрт айында төрағалық ететін болады.
ЕҚЫҰ Саммитінде қабылданған Астана Декларациясы қатысушы мемлекеттерді трансұлттық қауіп-қатерлерге, солардың ішінде жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұрудағы мақсаттар мен іс-қимыл бірлігіне қол жеткізуге шақырғанын еске салды қазақстандық делегация басшысы. Ал 2010 жылы сәуір айында Вашингтонда Жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінде бірқатар бастамаларды ортаға салып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан еркін әлем құру бағытында дүниежүзілік үдеріске Қазақстанның жетекшілік етуге ұмтылысын көрсетті. Әңгіме Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын жасап шығаруға, Қазақстанның Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) аясында Халықаралық ядролық отын банкін өз аумағында орналастыруға әзірлігі турасында болуда. 2009 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-шаралардың халықаралық күні етіп жариялайтын қарар қабылдаған еді.
Ядролық қарудан толығымен бас тарту бүгінгі таңда айрықша өзектілікке ие, әсіресе, таратпау саласындағы қиын жағдайды ескеретін болсақ, деді Қ.Тоқаев. Біз қырық жылдан астам уақыт бойы өзін өзі ақтап келген жүйенің күйреуіне куәгер болып отырмыз. Таратпау саласында ауыр қателіктер жіберілді, олардың қатарында екіұштылықтар және қатаң ұстанымдар мен бағалаудың жоқтығына байланысты жәйттер бар.
Ядролық қарудың таралуы және оның террорлық ұйымдардың қолына түсу қаупі ең орасан қатерлердің бірі болып табылады. 20-30 жыл бұрын ядролық қару мен оқтұмсық құрастыруға күрделі әрі қымбат жабдықтар қажет етілсе, қазір ондай тосқауылдар жоғалды.
Дәл осы орайда ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттер қосымша саяси әрі экономикалық қолдауға, сондай-ақ қауіпсіздік кепілдігіне тұрарлық. Мұндай жағдайда ядролық алпауыттар ядролық арсеналдарды қысқарту саласында үлгі болуы тиіс.
Жалпыға мәлім, Иранның ядролық бағдарламасы жаһандық таратпау үдерісіне негізгі қауіп ретінде саналады. Бірақ қазіргі кездегі бар халықаралық санкциялар бұл мәселенің бірден-бір шешімі болып табылмайды. Әр мемлекеттің МАГАТЭ мен халықаралық қоғамдастықтың қатаң бақылауы аясында бейбіт мақсаттағы ядролық технологияларды дамытуға құқығын мойындай отырып, біз, сонымен қатар, Иранның ядролық мәселесінің келіссөздер мен дипломатиялық қысым көрсету жолымен шешілуі тиіс екенін мойындауымыз қажет, деді Қ.Тоқаев.
Ядролық соғыс қаупінен еркін әлемді құру жолындағы тағы бір маңызды шара, ол дүние жүзінің әртүрлі бөлшектерінде ядролық қарудан еркін аймақтар құру болып табылады. Қазіргі күні жүзден астам мемлекет осындай бес аймақ құру жөніндегі келісім-шарттарға қатысушы немесе қол қоюшы болып табылады. Орталық Азияны ядролық қарудан еркін аймақ жасау туралы шартты 2006 жылы Семей қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан қабылдады. Құжат 2009 жылы күшіне енді және ол бұрын ядролық қондырғылар орналасқан аумақты қамтып, Солтүстік жартышардағы мұндай сипаттағы алғашқы шарт болды. Орталық Азия елдері болашақта ядролық қарудан еркін аймақ құру, ядролық материалдардың бақылаусыз таралуын болдырмау және ядролық терроризммен күресте бұдан да шешуші рөл атқаруы мүмкін. 2010 жылы сәуір айында бұрынғы Семей полигонына барған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанның антиядролық ұстанымын жоғары бағалады.
Ядролық қарусыздану үдерісін халықаралық қоғамдастықтың қатаң әрі тиімді бақылауына қою үшін әлемдік қоғамдастық жоғары саяси деңгейде қол жеткізілген барлық келісімдерді толығымен орындауға бағытталған шараларды қолдануы тиіс, деді сөзін қорыта келе Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.
Қ.Тоқаевтың баяндамасына жауап ретінде сөз алған ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумына төрағалық ететін Исландияның Тұрақты өкілі Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы күш-жігерін қолдайтындығын айтты. Сонымен қатар, форумның таратпау мәселесі бойынша атқарылатын шаруалары жайында хабардар етті. Атап айтқанда, жуырда Венада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі 1540 қарарын орындаудағы ЕҚЫҰ-ның рөліне арналған халықаралық семинар өткізілгенін жеткізді.
ҚАЗІРГІ ТӨРАҒА ҮМІТІ
Трансұлттық қауіп-қатерлер тақырыбын ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Литваның Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис те өз сөзінде қозғаған еді. Олардың жеке және ұжымдық қауіпсіздікке төндіретін қатер екенін баса айтты ол. Литва, әсіресе, терроризм, кибер қауіпсіздік, есірткі саудасы, Ауғанстанмен ынтымақтастық мәселелеріне айрықша назар аударады.
А.Ажубалис Литва парламентінің мүшесі болған кезде өз елінің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы делегациясын басқарған болатын, яғни оның қызметімен жақсы таныс. Ол Астана Саммитінде қабылданған Декларацияда: «Біз ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясымен ынтымақтастықты белсенді ету табандылығын жақтаймыз және оның қауіпсіздік пен демократияны нығайту және ЕҚЫҰ-ның барлық өңірлерінде және қатысушы мемлекеттерде әл-ауқатты арттыру жөніндегі, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арттыру жөніндегі оның күш-жігерін ынталандырамыз», деген үзіндіні келтіре отырып, Парламенттік Ассамблея рөлін айрықша атап көрсетті.
Төраға жылдың алғашқы екі айы кезінде шұғылданған мәселелер мен басымдықтар туралы тарқатып айтты, олардың қатарында адам құқықтары, баспасөз бен сайлау бостандығы, этностық және шекаралық жанжалдар бар. Әрқайсының шешу немесе даму жолдарының өзіндік жақтаушылары мен қарсыластары да жоқ емес, бірақ бәріне ортақ нәрсе – ол Хельсинки үдерістері бағдарлаған құндылықтар мен қағидалар. Ең маңыздысы, жақында ғана мемлекет және үкімет басшылары Астана Декларациясында бұл құндылықтар мен қағидаттарды қайта қуаттаған болатын.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Беларусьтегі сайлаудан кейінгі жағдай мен ондағы ЕҚЫҰ Офисінің жабылуы үдерісіне тоқтала келіп, Минскімен одан арғы ынтымақтасудың тетіктері іздестіріліп отырғанын айтты. Ол жуырда Албанияда орын алған саяси негіздегі қақтығыстарды атап өтіп, ондағы адам қазасына орай өкініш білдірді. Сондай-ақ Днестр маңындағы, Грузиядағы және Таулы Қарабақтағы ұзаққа созылған жанжалдарды реттеу бойынша қызметімен таныстырды.
Ассамблея мәжілісі кезінде Таяу Шығыс аймағындағы халық наразылығы шерулері, әсіресе, Тунис пен Египеттегі биліктің ауысу үдерістері және Ливиядағы қантөгісті оқиғалар айрықша орын алды. Тунис пен Египет ЕҚЫҰ-ның әріптес елдері, ал Ливия бұл мемлекеттермен шекаралас. А.Ажубалистің мәлімдеуінше, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер әріптес елдердегі оқиғаларға араласуы тиісті емес. Ондағы халықтар өз тағдырын өздері шешулері керек.
ЕҚЫҰ дамуындағы тағы бір маңызды белес – биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның жаңа Бас хатшысының тағайындалуы. Қазіргі Бас хатшы Марк Перрен де Бришамбоның өкілеттігі 30 маусымда аяқталады. Сондай-ақ, Литва төрағалығы ДИАҚБ директорының мандатын тағы бір мерзімге ұзарту бойынша ұсыныс жасады.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУ НАЗАРҒА ИЕ
Ассамблея мәжілісінің екінші күні болған Тұрақты комитет отырысында қарастырылған мәселелердің қатарында сайлауға бақылау жасау тақырыбы болды. Оған еліміз делегациясы басшысы мәлімдеме жасады. Парламенттік қауымдастық алдында сөйлей отырып Қ.Тоқаев Парламенттік Ассамблеяның ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитіне дайындығы барысында шешуші рөл ойнағанын, Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту, ЕҚЫҰ тиімділігі мен парламенттік қызметін күшейту жөніндегі жаңа идеялар мен ұсыныстарын айрықша атап көрсетті.
Шапшаң жаһандану жағдайында қауіпсіздік жүйесі таза түрінде еуропалық не азиялық деп бөлініп қарастырылмауы тиіс. Спикер Астана Декларациясының Еуразияның бүкіл кеңістігіндегі ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі бойынша қауіпсіздік және ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін айрықша атап көрсетті.
3 сәуірде Қазақстанда болатын президенттік сайлау туралы айта келіп, Қ.Тоқаев еліміздегі азаматтық қоғамның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізу туралы бастама көтергенін еске салды. Қоғамда Парламенттің қатысуымен болған ұзақ талқылаулардан кейін Қазақстан Конституциялық Кеңесінің шығарған қорытындысына сүйене отырып Президент Н.Назарбаев өзінің қазіргі мандаты 18 айға қысқарылатынына қарамастан, кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынды. Осылайша елде азаматтық консенсусқа қол жеткізілді және ол халық арасында түсіністікпен қабылданды, деді спикер.
Кезектен тыс президенттік сайлау идеясы ЕҚЫҰ, Еуроодақ, ТМД және АҚШ үкіметі тарапынан қолдауға ие болды. Өз кезегінде Қазақстан халықаралық стандарттарға сай ашық, еркін әрі әділ сайлау өткізуге толығымен міндеттенді.
Қазақстан Үкіметінің шақыруымен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Петрос Эфтимиу алдағы сайлауға байқаушылар миссиясын жөнелтуді ұйғарды.
Қ.Тоқаев жиналғандарды Қазақстандағы әлеуметтік экономикалық саясат жаңғырту негізінде жүзеге асып отырғандығынан хабардар етті. «Жаһандық дағдарыс біз үшін елеулі сынақ болды. Қазақстан рецессияның алдын алды. 2010 жылдың аяғына таман экономикалық өсім 7 пайыз құрады. Жаһандық әлеуметтік әл-ауқаттың нашарлауына қарамастан, Қазақстан өзінің әлеуметтік міндеттемелеріне беріктігін танытты. Президент білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жаңғырту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру бойынша ұзақ мерзімді жобаларға айрықша назар аударды», – деді өз сөзінде Сенат Төрағасы.
Кеше Қ.Тоқаев, сондай-ақ Австрия сыртқы саясат және біріккен ұлттар қоғамында «Қазақстан – тұрақтылық пен қауіпсіздік факторы» тақырыбында дәріс оқыды.
Австрияға жұмыс сапары аясында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Австрия Республикасы Ұлттық Кеңесінің басшысы Барбара Праммермен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды, оның ішінде екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды белсенділендіру жолдарын талқылады.
Сенат Төрағасы Қазақстан мен Австрия депутаттары ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және НАТО Парламенттік Ассамблеялары секілді ірі парламентаралық ұйымдар аясындағы өзара ынтымақтастықты жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, «Австрия Қазақстанның Еуропадағы маңызды және сенімді саяси әріптесі болып табылады. Қазақстан мен Австрияны аймақтық және халықаралық мәселелердің көпшілігін шешудегі ортақ қадамдар біріктіреді».
Қ.Тоқаев, сондай-ақ Парламенттік Ассамблеядағы хорват делегациясының басшысы, Хорватияның бұрынғы сыртқы істер министрі Тонина Пицуламен кездесті. Т.Пицула биылғы 3 сәуірде болатын Қазақстан Республикасының президентін сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының миссиясын басқарады.
Т.Пицуланың мәліметі бойынша, президенттік сайлауға мониторинг жасау үшін ЕҚЫҰ ПА миссия құрамында Ассамблеяның 60-қа жуық депутатын жіберетін болады.