26 Ақпан, 2011

Күтімі бардың күйі бөлек

616 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік талаптары _______________________ Жасыратыны жоқ, елімізде мақтан тұтар игі істер көп. Жал­пы, қазақстандықтар үшін қазіргі біздің мақтанышымыз осы елде тұрып, тәту-тәтті, ба­қуатты өмір сүріп жатқанымыз болса керек деп ойлаймын. Әсіресе, әрбір астаналық Астана қаласының тұрғыны болға­нына қуанады. Ару қаламыз­дың сәні де, мәні де оның сым­батты құрылысы, әдемі ғи­марат­тары. Оларды әр қа­зақ­стандық мақтан тұтады. Солар­дың бірі – құбыр жөндеуші Рүстем. Бірақ бірде оның налып отырып айтқан сөздерінің шым­байға батқаны бар. Ол айтады: Елбасы бізге осындай әлемдік деңгейдегі өскелең талапқа сай келетін қала тұрғызып берді. Ал соның қадірін осында тұ­рып жатқан біз білеміз бе? – дейді. – Неге білмейміз, білеміз! – Жоқ, – дейді ол басын шай­қап. – Білетін болсақ дәл осылай өз үйлерімізге нем­құрайлы қарамас едік. Сосын ол маған ойын нақ­ты мысалдармен түсіндіргісі келгендей, сырты жарқыраған тоғыз қабатты тұрғын жай кешенін нұсқады. Ол көрсеткен үйді «Найза» құрылыс ком­паниясы тұрғызғанын мен де жақсы білемін. Аталған компания салған ғимараттар сапа­лылығымен қашанда ерекшеленіп тұрады. Жұрт сол үшін «Найза» құрылыс компания­сын алға тартады. Сөй­тіп, ай­тып жатсам Рүстем сөзімді бө­ліп, сол керемет қылып салып берген үйдің қазіргі жағдайы қандай деп тағы сұрады. Әри­не, бұл сұраққа бірден жауап беру қиынға түсті. Өйткені, талай бой көтерген үйлердің ар­ты­нан бы­лығы шығып жат­қа­нын естігенім де, көргенім де бар. Төбесінен су ағып, қабыр­ғалары жарылып, кө­ге­ріп, жер­тө­лелері суға толып, одан тұ­рып қалған су иістеніп дегендей, жағымсыз көрініс­тер көз алдымда көлбеңдей қалды. – Жағдайы жақсы үйлер көп, – дедім. – Міне, мәселе осында, – деді Рүстем жерден жеті қоян тапқандай саусағын шошай­тып. – Барлығының күйі бірдей емес. Оны сен де қостап тұр­сың. Рүс­тем тоғыз қабатты үй­ді бекер көрсетпегенін айтты. Ол өзі осында ЖПК-да құбыр жөндеу­ші. Олардың күнбе-күн­гі уақыты жертөледегі құ­бырларды дәнекер­леу­мен өтеді. Себебі, салын­ғанына бар-жоғы үш-төрт жыл болған ғимарат­тар­дың су құбыр­лары тозып кетіпті. Әсіресе, қысты күндері жоғары қабат­тарға жылу көтерілу үшін су қы­сы­мы кү­шей­генде құбыр біт­кен там­шылап қоя береді екен. Жаңа жыл қарсаңында оған ауылдан туысқандары қыды­рып келіпті. Бұл мей­рамды әлем халқы тойлап жат­қан соң қатардан қалмай бұлар да атап өтуге тиіс. «Бірақ сізге өтірік, ма­ған шын, сол туысқан­дарым­ның ал­дын­да қат­ты қысыл­ғаным-ай», дейді Рүстем. Алыс­­тан Астана деп келген туыс­қандары жаңа жылдың алды­нда жуы­найын десе, су ақпайды. Бір күн емес, бірнеше күнге со­зылған. Өздерінің және туыс­қандарының қандай күйге түс­кендері айтпаса да түсінікті. Не ыстық, не суық су жоқ үй­лерінен безіп кетуге шақ қа­лыпты. Мұндай жағдайды уақ-түйек деп айтуға келмес. Өйт­кені, Рүстем тұрып жатқан тұр­ғын үй кешені – жаңа ғимарат. Жаңа ғимараттың екі-үшеуінде осындай жағдай қайталанған болса, жақсылық емес. Рүстемнің айтуынша, ол құ­быр жөндеуші болып екі жерде істейді екен. Бірінші жұмысым ескі, яғни өткен ғасырдың 70-жылдары салынған жекеменшік пәтер иелерінің кооперативінде дейді. Бұл үйлер бұрын тұрғызылған болса да әлі күнге күтімі жақсы. Жер­төлелерінің құрғақтығы сондай, онда түрлі қызмет көрсету фирмалары орналасқан. Сон­дық­тан жоғарыдағыдай жағдай мұнда қайталана қоймайды. Құ­быр жарылып жатса, ол осын­да­ғы өз баспанасына салғырт қараған үй иесінің пәтерінде ор­ын алуы ғана мүмкін. Ал жалпы ЖПК-нің кінәсі болмайды. Демек, мәселе үйлердің ескі, жаңа­лы­ғында емес, олардың сапасы мен күтімінде. Мен құбыр жөндеуші болған­дықтан, жоғарыдағы аталған то­ғыз қабатты жаңа тұрғын үйдің асты, үстін түгел білемін, дейді Рүстем. Оның жертөлесіне қыз­мет көрсету мекемелері орналасу түгіл бас сұғудың өзі қиын. Іші тазаланбаған, күл-қоқыс, ыбыр­сып жатқан бір ешкімге керексіз дүние. Құбырларының бәрі шіріп, тозған. Түртіп қалса, үгітіледі. Сон­дықтан күнде жамап-жас­қай­мыз, бірақ бәрібір күйі кеткен ескі құбырлар қайта-қайта тесіліп, суды тоқтатуға мәжбүрлейді. Ат­шап­тырым жерді алып жатқан жер­төленің ішін тазалап қалыпқа келтіру керек, сосын бар құбырын жаңалау қажет. Бірақ бұл жұ­мыс­тар о баста толық аяқталмаған соң, оны енді жүзеге асыру біраз қаражатты керек етеді. Оның сөзінің жаны бар. О баста толық бітпеген істің кенеуі кете беретіні анық. Енді бұған кім жауап бермек? Бір емес, бірнеше ЖПК төрағалары ауысты. Бәрінің айтатыны сол бір әңгіме. Сапасыз салынған үйлерді мемлекеттік қа­былдау комиссиясы сол күйі қа­былдап алғанын талай естігенбіз. Артынан тұрғындар зардап шегеді. Бұған іс тетігін ұстап отырған шенеуніктердің мұрты да қисай­масы анық. Әйтпесе, Рүстем айт­қандай, тәуелсіздігіміздің арқа­сын­да Сарыарқа төсінде бой кө­терген сымбатты ару қаламыздың өзегі – ғимараттар ғой. Оның ішінде халқымыздың қуанышына ай­на­лып, әр адамның баспанасы бол­ған сұлу да жылы тұрғын жайлар. Ендеше, қолда барда алтын­ның қадірі жоқ дегендей, ел болып әзер қол жеткен қала­мыз­дың әр кірпішін аялауымыз керек емес пе? Керісінше, осылардың бәрі ешкімге керек еместей, бір­қа­тар аулаларда балалардың ой­най­тын орны түгіл, отыратын орындар жоқ. Есік алды толған көлік. Жауын жауса, лай боп шы­ға келеді. Бұған тағы бас ауыр­татын ешкім жоқ. Өйткені, бұл үшін тиісті шенеуніктер жауапқа тар­тыл­майды. Соны бәрі көріп отыр. Ақыр аяғында қосымша қаржы шығындалады. Ал бәрінен бұрын мұндай үй­лердің ертеңгі күйі не болмақ? Елбасымыз «Астана – жаңа­шыл­дық жаршысы, Қазақстанның ыр­ғақты дамуының жарқын бейнесі, республикамыздың тәуелсіздік сим­волы» деген еді. Жаман айтпай, жақсы жоқ, бірнеше жылдан кейін күтімі кеткен кейбір жай­лардың іргетасы шөгіп, қабырға­лары қақырап жатса, кімге жақ­сы? Сонда ертеңгі ұрпақ бұлар қашан, қандай мақсатпен тұр­ғы­зылып еді, деп сұраса кім не дейді? Демек, мұндай сұрақтың қо­йылуына себепші болып отыр­ған­дарға жауапкершілікті арттыра тү­су – сол ертеңгі келеңсіздіктің алдын алу болар еді. Бүгін ауыз толтырып айтып жүрген сөзі­міз­дің салмағы ортаймасын десек, армандай болған асыл қала­мыз­дың әр кірпішін, әр тасын аялап ұстау – әрқайсымыздың міндетіміз, тәуелсіздік талабы деп түсін­ге­німіз абзал. Александр ТАСБОЛАТОВ. Астана.