26 Ақпан, 2011

Қаршадай ғана қаһарман

522 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Төрт қыз. Түн қараңғы­лы­ғында үйде қалған. Айнала қара түнек. Үйде жарық та жоқ. Сығырайған май шаммен алаң­дап ата-аналарын күтуде. Қыз­дар­дың үлкені Майра 6-сы­нып­та оқиды. Онан кейінгі Динара 2-сыныпқа енді барды. Үшінші қыз – Жасмин. Ол мектепалды даярлық сыныбында. Құн­дақ­тағы Айсананың дүниеге келгеніне үш-ақ ай болған. Ата-ана­лары бала-шағасын асырау үшін отын сатумен айналысады. Әдет­те кеш батпай үйге ора­латын. Бүгін кешігіп жатыр. Олар Қызылорда қаласының шетіндегі саяжайда тұратын. Бәрімізге белгілі, саяжайда қыс мезгілінде жарық болмайды. Үйлері үш бөлмелі. Майшамға телмірген төрт қыз бір уақытта ұйықтап кетеді. Қаннен-қапер­сіз ұйықтап жатқан Майраның мұрнына күйік ыстың иісі келіпті. Оянып кетсе, үй өртеніп жатыр. Майшам құлапты. Содан тұтанған от – өртке айналған. Ата-аналары әлі келмеген. Өзі­нен кейінгі үш қыз тәтті ұйқы­ның құшағында жатыр. Дереу өзінен кейінгі сіңлісі Динараны оятады. Елгезек Динара есікке ұмтылады. Бірақ есікке маңай­лай алмайды. Өйткені, ол жақ қа­лың отқа оранып жатқан. Қар­шадай ғана қыз саспайды. Тіке терезеге барады да, жалаң қолмен әйнекті ұрады. Сындыра алмайды. Ышқынып тағы соғады. Сол сәтте әйнек шытынайды. Үшін­ші мәрте ұрғанында әйнек шашылып жерге түседі. Екі қолы қан-қан. Мұрнынан да қан кетіпті. Майра не істерін білмей абдырап, құндақтағы Айсананы құшағына қыса түседі. Дәл сол кезде Дина­раның ащы дауысын естиді. «Ай­сананы маған бер!». Қараса, сің­лісі сынған терезеден далаға өтіп, Майраға екі қолын созып тұр екен. Ол Айсананы тез көрпесіне орай­ды да, Динараға береді. Сосын әлі ұйықтап жатқан Жасминді көте­ріп терезеге апарады. Динара оны да сыртқа шығарады. Айналаны шарпыған өрттен төрт қыз да аман шығады. Бірақ үй түгелімен өртеніп, күлі қалады. Үйді жарты­лай болса да аман алып қалуға болар еді. Қыздар кімге хабар­ласатынын білмеген. Сондықтан өрт сөндірушілер кешігіп жеткен. ...Үйлері өртеніп, балалары отпен арпалысып жатқанда ерлі-зайыпты Жаңбырбай Қыстау­баев пен Мейрамкүл Орын­бае­ва қаладан енді шыққан. Күн ұзаққа далада тұрып, отын са­тады. Бұл кезде сағат түнгі онның шамасы еді. Өрт сөндірушілерге ілесіп жедел жәрдем келеді. Қыз­дар­ды бірден облыстық балалар ауруханасына жеткізеді. Төрт қыз­ға иіс тиген. Оның үстіне бірі тұмаумен, екіншісінің тамағы ауырып жүр екен. Жедел көр­сетілген медициналық көмек­тің арқасында Майра, Динара, Жасмин, Айсананың денсаулы­ғы­на аса үлкен қауіп төніп тұр­ған жоқ. Қазір жағдайлары жақсы. Жұмыссыз жүру отағасына оңай емес. Оған өздері күнел­тіп жүрген үйдің күлге айнал­ғанын қосыңыз. Төрт бала ана­сымен ауруханада жатыр. Олар­ға да тамақ керек. Кең­пейіл қазақ емеспіз бе? Осы оқиғадан құ­лағдар болғанның бәрі хабарласып жатыр. Барлығының айтатыны бір сөз: қалай көмектесе аламыз? Кеше ауруханада жатқан қыздарға облыс әкімі Болатбек Қуандықов барды. Жағдайларын білмекке. Әкім қалың оттан аман шыққан қыздарға құрқол келмепті. Қаршадай болса да қаһар­мандық танытқан Динараның басынан сипап, маңдайынан сүй­іп жылы сөзін айтты. Алғыс хатын берді. Айсанаға арнайы дайындалған нәрестенің тамағын ала келіпті. Майра, Динара, Жасминге ойыншықтар берді. Бұл бір мүсіркегеннен, не болмаса, аяныш­тан туған әрекет емес. Кейбір ересек азаматтардың қолынан келмейтін ерлікті жасаған, отпен алысып, аман шыққан бүлдір­шіндердің көңілін аулау еді. – Енді біз сіздерге Қызылорда қа­ласынан үш бөлмелі пәтер са­тып алып беруді ұйғарып отыр­мыз. Оның ішіндегі жиһазын, керек-жарағын да жеткізіп береміз. Ал мына Динара қызымызға банктен арнайы депозит ашамыз. Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша қалай көмектесеміз деп жатқан ағайындар бар. Соны Динараның депозитіне салайық. Мен өзім ең бірінші болып алғашқы салымын салуға дайынмын. Бұл – қайырымдылық емес. Мынандай қайсар қыз ертең мектеп бітіріп, мамандық алғаннан кейін үлкен өмірге аяғынан нық басып кетуі үшін жасалатын көмек, – деді Болатбек Баянұлы. Әкім сол жерде отағасының болашақтағы жағдайына да алаңдайтынын білдірді. Тиісті мекемелерге, Жаңбырбай Қыс­тау­баевты жұмысқа орналас­ты­ру жағын тапсырды. Егер арнайы білімі болмаса, оқытып жұмысқа тұрғызу керек екенін де айтты. Сөйтіп, кеше ғана бастарына қара бұлт үйіріліп, балалары­ның аман қалғанына шүкір­ші­лік етіп отырған отба­сына мемлекет тиісті көмегін берді. Қолұшын созды. Бүгін ерлікке барған жас қыз ертең елдікті де ойлайды. Шүкір, бір отбасының төрт баласы аман қалды. Мұны болашақта мемлекеттің де қамын жейтін, сөйтіп, адал нанын жейтін жеткіншектердің аман қалғаны деп түсіну керек. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда. ------------------------------- Суретте: Солдан оңға қарай – Динара, Мейрамкүл, құн­дақ­тағы Айсана және Майра.